Жеңіс күні қарсаңында біз ерекше тарихи оқиға жайлы айтуды жөн көрдік. Жеңістің артында, әрине миллиондардың тағдыры жатыр. Атырау облысы майдан шебіне әскер, мұнайымен бірге, қару-жарақ, азық-түлік және түйелерді де жөнелткен.
Жеңісті жақындатқан түйелер
1,824
оқылды

Бұл тарихи деректі бүгінде марқұм болған атыраулық өлкетанушы ғалым, жараты­лыс­тану ғылымдары академиясының академигі Өтепберген Әлімгереев айтып кетті. Осыдан біраз бұрын республикалық арналардың бірінен «Босату. Берлин үшін шайқас» фильмі көрсетілген.

Бір сәт зеңбірек сүйреп келе жатқан екі түйені көрген кино кейіпкерінің бірі: «Мынау қайдағы түйелер?» – деп таңданады. Екін­шісі, «Басқұншақтан ғой», – деп жай ғана жауап береді. Сонда сұрапыл соғысқа да са­хараның сұлу түйелері қатысқан ба? Осы­лайша, «Сол Ресейдегі Басқұншақта аталған ауылдан (қазір қала) Берлинге дейін жеңіс жүгін сүйреп барған Мишка, Машка есімді екі түйеге ескерткіш қойылады екен» деген жаяу хабар бізге де жетті. Міне, ғажап, «Қа­зақтың қос өркешті жануарына да мынадай құрмет көрсетіледі екен ғой» деген риясыз ри­за көңіл кәдімгідей кеудемізді кернеді, – деп жазған еді марқұм Өтепберген Әлімгереев.

Ғажап емес пе? Демек, арада 80 жыл өтсе де, бізге Ұлы Жеңістің қалай жеткені жөнінде әлі де ашылмаған ақиқат сыр көп деген сөз. Сонымен, әлгі түйелер Жеңісті қалай жа­қындата алды? Батырдың бәрі бірігіп жеңген жауға төрт түліктің бірі қалай төтеп берді? 

– 1942 жылдың жазында Дон мен Кубань, Қалмақ даласын басып алған немістер екпіндеп, ендігі кезек Астрахань мен Сталин­град деп ентеледі. Негізгі күш соңғы қалаға бағытталды. Міне, осы кезде Астраханьда 28-қосалқы армия жасақталып, оның 902-ат­қыштар полкінің, 248-дивизиясы, 9-корпусы жергілікті және Нева жағалауынан эвакуа­цияланған жастар, сондай-ақ Каспий теңізі теңізшілерінен жасақталды. Бірақ соғыс қаруы тым аз, автокөлік, басқа да техникалар жоқтың қасы. Жүк таситын аттар да жоқ. Амалсыздан артиллериялар мен зеңбіректер, соғыс құралдары, азық-түлік пен медици­налық заттарды тасуға түйелерді пайдалануға тура келді. Ол үшін жергілікті тұрғындардың қорадағысы былай тұрсын, өрістегі еркін жа­йылған өркештілерді жинады. Ол аздық етіп, КСРО Қорғаныс Комитетінің Бұйры­ғымен Қазақстаннан, соның ішінде көршілес Атырау облысынан, Қалмақ даласынан, Түр­кімениядан әкелінді және олар ауыр жүктер тасуға арналған белді атандар мен буралар, 5-10 жастық ірі інгендер болатын. Өкінішке қарай, сол түйелердің біразы бұрын ұстап-тұтылмаған асау түйелер еді. Осы олқылық­тардың орнын толтыруға жергілікті малмен ісі бар қазақ жігіттерін тартты. Сөйтіп, 1942 жылдың 3 қыркүйегінде жан-жақтан жи­налған 350 түйе сол Төменгі Басқұншақтан соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттан­ды. Бір қарағанда бұл түп төркіні негізінен қазақ даласынан түлеген Ойсылқара тұқы­мына үлкен сын еді.

Иә, темір техника тұрғанда түйені ұрысқа пайдалану таңғалдырар жағдай. Оның үстіне, өмірінде түйе көрмеген еуропалық жігіттер­дің жануарды тізгіндегені тіпті қызық. Осы және басқа да себептермен түйелердің кей­бірі аштан, шөлден де өлген. Алғашында қа­ру-жарақ, соғыс техникасымен мұздай қа­руланған жау солдаттары қаптаған қалың түйелі кеңес армиясына кезіккенде адам­дар­мен ісі жоқ, құлағы қалқайып, зәре-құты қаш­қан «орыс танкілерін» (немістер түйе­лерді солай атаған) құрту үшін жұмыстанған екен.

Қалай болғанда да, қосарлап жеккенде үш-төрт белді ат тартатын немесе автокө­лік­тер көтеретін 1,5-2 тонналық ауыр жүктерді қиналмай сүйреп, 5-6 күн сусыз, жолсыз даламен тарта беретін қазақы жануарлар аз уақытта кеңес жауынгерлерінің сенімді серіктеріне айнала алды. 

– 1943 жылдың 3 ақпанында Сталинград қаласы жау қолынан азат етілді. Немістер қарсыласа жүріп, кейін шегінді. Дала ке­мелері бар астрахандық сарбаздар Ростов қаласын да жау қолынан босатты. Сальск құмын басып, Маныч өзенінен өту оңай болған жоқ. Көп жануарлар осы аймақта қалды. Түйенің жүк көлігі есебіндегі орнын бағалай білген әс­кербасылар оларды бұдан былай астрахандық қосалқы полк құрамы емес, басқа да әскери құрылымдарға бөліп, тарата бастады.

Осылайша, түйелер Ресей асып, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, ұзын саны үш мың шақырымдық жолды жалпақ та­бандарымен басып, 1945 жылдың 30 сәуі­ріндегі бозала таңда Фашистік Германияның астанасы Берлинге жетті, сүйреп келе жатқан ауыр артиллериядан Рейхстагқа оқ атылды. Оның биік күмбезіне кеңестік Жеңіс туын қадауға біртабан жақындады. Міне, осындай абыройлы міндетті атқарған Басқұншақта жасақталған полк құрамындағы аға сержант Григорий Нестеров пен делбеші Кармалюк иелігіндегі Мишка және Машка аталған қос өркештілер еді. Бұлардан басқа Кал­мы­кияның Яшкул ауылынан алынған осы полк­тің 6-ротасынан Яшка есімді он жасар атан да Ұлы Жеңісті Берлиннен қарсы алады, – деп жазады Өтепберген Әлімгереев.

Айтпақшы, жақында Атырау облысына қарасты Мақат ауданында соғыс жылдарында жеңісті жақындатуға үлес қосқан түйелерге мүсін қойылды. Түйелер керуені мүсінін жасау туралы бастаманы Мақат ауданы әкімі Азамат Мәмбетов пен тарихшы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаев көтерген. Ал мүсіннің авторы – елордалық мүсінші Ершат Жолдас.

Қалай десек те, миллиондардың қанымен келген жеңістің артында үлкен тарих жатыр. Қанқұйлы соғыста жеңісті жақындатуға адамдармен бірге, үй жануарларының да үлес қосқанын біле жүргеніміз абзал. 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы