Бұл неден? Бәлкім, Ойдың жүйріктігі! Бәлкім, байқампаздық. Бәлкім, суреткерлік! Не болғанда да Бауыржан Омарұлының қаламының ұшында осы айтылғандардың бәрі бар болуы мүмкін. «Мені жаз, мені жаз, алай жаз, бұлай жаз» деп ақ қағаздың бетіне үңілген сәттен бастап ырыққа қоймай, ерікке жол бермей, бір деммен, бір ырғақпен құйыла түсе қалатын секілді.
Үш кітап – үш түрлі әлем. «Шеге құм», «Толқын», «Шағала». Үшеуін қолыңызға алып парақтай жөнелсеңіз, керемет бір көркемдікке көміліп кетеріңіз анық. Кітап деген де көңілдің кілтін ақтаратын керемет дүние ғой. Бұл сезімді үш кітапты ақтарған кезде тағы бір көз жеткіздік.
Бауыржан Омарұлын біздің буын ұстаз тұтты. Ол өзінің журналистік мектебін қалыптастырып үлгерген, былайша айтқанда, ұстаздық деңгейге жеткен қайраткер. Біз ұстазға еліктеп, жазуды өзіме мақсат тұттық. Біз де Омарұлы секілді көркемдеп жазуды меңгеруге тырыстық. Оның жазбаларының көркемдігі соншалық, оны «Шеге құмға», «Толқынға» «Шағалаға», сүңги кеткенде терең аңғардық.
Былай қарасаңыз, «Шеге құм» бөлек, «Толқын» бөлек, «Шағала» бір басқа секілді көрінеді. Бірақ үшеуінің ортақ мақсаты бар: үш бірдей әлем, үш кеңістік, үш кие.
Автордың өзі айтады: «Шеге құм» дегеніміз – қара жер, «Толқын» дегеніміз – ағын су, «Шағала» дегеніміз – көк аспан. Жер. Су. Көк. Үш тоғыс. Үш кеңістік. Үш кие, Үш қиян. Үштаған...»
Әуелгі жыр «Шеге құмнан» басталады. Әйгілі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев: «Кейде кездескенімізде: «Сен биліктің маған берген әдемі пәтерінде отырып, ойлап қалма. Осы отырғанда біле-білсең, мен Аралдың жағасындағы қамыстан жасалған балық сасыған кішкентай күркенің ішінде отырғанымды аңсаймын. Құлағымнан теңіздің шуылы кетпейді. Аралдың балықшыларының, жылқышыларының жағдайын ойлаймын» деп жиі айтатын. Сондықтан өзін үлкен ғаламдық деңгейге көтерген прозасының негізгі күретамыры Аралдың тағдырынан басталды. Сондықтан Әбе мен Арал егіз ұғым деп айтуға әбден болады» деп еді.
Сол секілді Бауыржан Омарұлының да күретамыры Аралдан басталады. Ол туған Қаратерең бәрімізге таныс, бәрімізге жақын. Әлеуметтік желіні меңгерген әр оқырман жақсы біледі десек те болады. Білмесеңіз, «Шеге құмға» үңілесіз.
«Бауыржанның Арал теңізі құшағына емініп жатқан туған ауылы Қаратерең жеті қат көкпен жіпсіз байланысқан мекен секілді. Аспанға біртабан жақын. Не сиқыры барын кім білсін, бұл топырақтың перзенттерінің көбі қолтығына қанат байлап туады. Алақандай ауылдан отызға жуық авиатор түлеп ұшқаны – соның айғағы. Кейіпкеріміздің өзі әсірелеп айтқандай: «Қаратереңнің ұшқыштарынан толыққанды бір аэродром, үш-төрт ұшу тобын жасақтауға болады». Штурвалға отырмаса да, өз әуежайы болғандықтан, заманында бұл ауыл тұрғындарының ішінде әмбебап «АН-2» ұшағына мініп көрмегені некен саяқ. Қаратереңнің төбесіне көбіне бұлт емес, әуе кемелері үйірілетін». Бұл – Амантай Шәріптің жазбасы. Қаратереңнен қолсозым жерде Байқоңыр тұр. Ғарыш кемесін тамашалап өскен балалардың арасынан әуе кемесіне қызығатындардың көбеюі заңдылық емес пе? Сол секілді автор да әуе кемесін шатыр үстінде талай тамашалаған болар. Ол әуе кемесіне мініп, авиатор болмаса да, журналистика мектебін көркем меңгеріп, сол биікте қанат қақты.
«Шеге құмға» әлеуметтік желідегі эсселер топтасты. Өлеңге кеткен «өшін», көркемсөзге кеткен «кегін» көсемсөзден қайтаруға тырысқан. Оның ішінде алақандай эссе жазудың шеберіне айналды. Бұл да бір оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Кіп-кішкентай дүниеге көбірек ой сыйдырып, оқырманына ұсынады.
Содан соң «Толқынға» соғады. Тумысынан сүйегіне сөз сіңген адам ғой. Ол кісінің жазбаларын парақтай жөнелсеңіз, төгілген тіл, орамды ой, зілсіз юмор, тапқыр теңеулер, тіліп түсер тіркестерді табасыз.
«Бұл жазбалардың бәрі де әлеуметтік желіде жарияланды. Жалпы, қазіргі заманда желіге мақала жүктеуден оңай нәрсе жоқ. Жазып болысымен қатесін жақсылап бір тексеріп аласың да, қалың оқырманның талқысына салып кеп жібересің. Ұнатқаны оқиды, ұнатпағаны аттап өтеді. Бірақ осыдан ұтатының – жұртқа жедел ұсынасың» деп жазады «Толқында» автор. Үш кітапқа да арқау болған дүниелер – әлеуметтік желідегі жазбалар. Осыдан-ақ әлеуметтік желінің әлеуетін байқауға болады.
Автор үй-ішілік портретінде: «Мен ес білгелі әжемнің осы күнгі қалпы. Жерден әлдене іздегендей ақшулан басын төмен тұқырта бүкірейіп жүретін шағын ғана қара кемпір. Кішкентайымнан өзімді бауырына тартып, «басы-бүтін иемденіп ап, той-томалақтан қалдырмайтыны, «сүт кенжем» деп еміреніп отыратыны... бәрі-бәрі күні кешегідей жадымда сайрап тұр» деп жазады.
Шүйкедей ғана қара кемпір бәріміздің де ауылымызда бар еді. Сол әжемізге деген сағыныш «Толқынды» оқығанда жүрегімізде бір толқып өтеді. «бала кезде барлық қария бірдей сияқты көрінетін». Расында, солай: біз Бауыржан ағаның әжесі туралы оқып отырсақ та, тура сол кейіптегі, тура сол кісі суреттегендей әже біздің де үйде болғаны елестеп кетеді. Елден ерекше әжесін көрмей-ақ жақсы көріп кетесің.
«Біздің Қаратерең – жұмбағы да, тылсымы да көп ауыл». Сол ауылда небір адам сенгісіз оқиғалар болғанын, сол ауылда жаны сірі мықты азаматтар шыққанын суреттейді. Кәдімгі боямасыз өмір.
Ал «Жарықкөл құрбандарын» оқыған сәтте бір өксік кеудемізге тұрып қалды. «Су бетінде қатқан үш құлақшын». «Қан-жоса болған мұз өрнегі»... Бұл да құрбандық. Үш бірдей желкілдеп өсіп келе жатқан өрендердің қазасы сыныптастарына да оңай тимеген. Бір күнде есейіп шыға келді...
«Теңіз қолтығындағы Қаратереңнің баршаға танылуына Бауыржан өлшеусіз үлес қосты. Қаламын қолға алса болды, ұшынан Қаратереңнің шеге құмы саулап төгіле жөнеледі».
«Шағала» дегеніміз – көк аспан» дейді автор. «Шеге құм» мен «Толқындағы» секілді «Шағалаға» да әлеуметтік желідегі жазбалары мен бірнеше ерекше тұлға туралы жазбасын енгізген. Бұл жинақтан да ғажайып кейіпкерлер шоғырын табасыз.
«Автордың эсселерінің тәрбиелік, талғамдық сипаты да ерекше. Ол ешкімге тап осылай бол демейді. Әйтсе де, кейде сөйлем ішіндегі қиыр-қиыр кеңістіктер дәл саған қарай келе жатқандай болады. Тәрбиелік қырымен! Идеялық ұстанымымен! Астарлы мәнімен!» деп ақын Оңайгүл Тұржан жазғандай, тәрбиелік мәні, идеялық ұстанымы да бөлек жазбалар оқығыңыз келсе, «Шағаладан» табарыңыз хақ.
Яғни, «адамтану ғылымының қазақы параграфтарын» қалыптастырды. Бауыржан Омарұлы эсселері мазмұндық тұрғыдан да, идеялық тұрғыдан да осынысымен құнды.
Үнсіз үйлесім тапқан үш жинақта өскен өңірінің өткені мен бүгіні бар, бірге ғұмыр кешкен жолдастары мен жерлестерінің ешкімге ұқсамайтын дара мінездерін еміріне жазғанын байқайсың. Сүйсінесің, кей тұсында үнсіз жымиясың, кей тұсында еріксіз күрсінесің.
«Өз басым кейіпкерлерімнің түр-тұлғасына, болмыс-бітіміне, мінез-құлқына қарап, шағаладай шарықтай білетіндер деп санаймын. Шағаладай шарықтау үшін топшың қатты, құлашың кең болуы да міндетті емес-ау. Теңіздің төсінен ұзаған ақ шағаланың түсіндей ақ ниет дарыса, жетпей ме?! Кейіпкерлер галереясын түзу барысында біз де осы талапқа тастай қаттық».
P.S.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «құлағымнан теңіздің шуылы кетпейді» деген бірауыз сөзі туған жерге деген ұлы махаббаттың көрінісі. Бауыржан Омарұлының барлық жазбасынан туған жерге деген іңкәрлік аңғарылып тұрады. Аралдың шулы да нулы кезеңінің бір жақ пұшпағын көріп қалған қаламгер құлағынан да теңіз шуылы кетпейтінін анық аңғарасыз, үнсіз ұғынасыз. Үнсіз үйлесімді сезінесіз.
Бұл күнде Арал тағдыры бүкіл әлем назарында.
Бұл күнде Адам тағдыры да әлем назарын үйіріп тұр.
Арал мен Адам! Адам мен Арал! Сондайлық маңызды! Сондай бір түйінді түйткіл! Арал тола ма?
Адамның дегені бола ма?
Жаһандық құбылыстар мың құбылып, дүние дидары жүз өзгеріп жатқан мына заманда Адам болып қалу, Адам болып өмір сүруден басқа адамзат жолы бар ма?!
Гүлзина БЕКТАС