Экономикасын ілгерілетіп, әлеуетін арттыруды мақсат ететін өркениетті елдің барлығы ғылымына үлкен мән беріп отыр. Себебі кез келген ұлттың бәсекелестік қабілеті оның білімімен, инновациялық дамуымен өлшенеді.
Ғылымы бар елдің ғұмыры мәңгі
297
оқылды

Қазір еліміздің де ғылымы мемлекет та­рапынан қолдау тауып отыр. Озық ғы­лыми-зерттеу инфрақұрылымын қалып­тасты­руға қомақты қаржы бөлініп, ғылымға жастарды тарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір ғылымға арқа сүйеген мем­лекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек», – деп ғылымға ден қойған жастарға қолдау жоғары болатынын жиі еске салады. 

Ғалымдар – бұл университеттің жаны мен жүрегі. Олардың ашқан жаңалықтары, жұмыстарының нәтижесі – университеттің барлық жетістігінің негізі. Өйткені тың зерт­теулер арқылы білім шекарасы кеңейіп, ма­ңызды мәселелерді шешудің жаңа жолдары анықталады, сол арқылы қоғам дамиды. 

Қазір Жетісу университетінде 13 ғылым докторы, 86 ғылым кандидаты және 32 PhD докторы қызмет атқаруда. Олар педагоги­калық қызметімен қатар ғылыми жұмыспен де айналысып, қайықтың қос ескегіндей екі саланы қатар алып келеді. 

Жетісу университеті – өңірлік универ­­си­тет болғанымен, ғылыми және иннова­ция­лық инфрақұрылымы жоғары, әлеуеті мол, жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы. 

Биыл университет қабырғасында Ак­сиологиялық зерттеулер және медиатехно­ло­гиялар орталығы, Huawei ақпараттық техно­логиялар академиясы ашылды. Био­тех­нология және экология ғылыми-зерт­теу институты, Академиялық артықшылық ор­талығы мен Орталық Азияда аналогі жоқ Speed breeding орталығының іргесі қаланды. 

Жаңадан салынған лабораториялар, арнайы аудиториялар, заманауи видеостудия қажетті техникалық құрал-жабдықтар ғы­лыммен айналысатын жас ғалымдар мен оқытушыларға, студенттерге оңтайлы жағдай тудырып отыр. Білім ордасының кітапханасы да әлемдік ғылыми қауымдастықтың соңғы ғылыми ізденістеріне қол жеткізуге болатын деректер базасына қосылған. Осындай мол мүмкіндіктердің арқасында университет ға­лымдары ғылыми жұмыстармен айналысып, отандық ғылымның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. 

Қазір университет базасында 8 ныса­налы-бағдарламалы қаржыландыру, 7 грант­тық қаржыландыру, 11 «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру, 1 коммерциализация бағыты бойынша барлық жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Білім беру, ғылыми жұмыстар және басқа да бағыттар бойынша соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай.

Университет – білім сапасын қамта­ма­сыз­дандыру бойынша тәуелсіз агенттігі IQAA Ranking (БСҚБТА) жүргізген 2024 жылғы институционалдық (жалпы) рейтинг нә­тижелері бойынша көпсалалы ЖОО ара­сында үздік 5-ке кіріп отыр. Әлемдегі және Азия континентіндегі 1000 үздік жоғары оқу орнының қатарында. 

Жоғары білім беру жүйесі жаңа даму бағыттары мен қуатты ынталандырудың ке­шеніне ие болып, ғылым саласында игі жо­балар жүзеге асып жатыр. Жуырда төрт бір­дей ғалымымыз 1,1 млрд-тан астам теңгеге ғылыми жоба ұтып алды. Мұның сыртында Еуропалық комиссия қаржыландыратын «Горизонт» бағдарламасы аясында 2 халық­аралық жоба іске асуда. 

Сонымен қатар «Бағдарламалық – ны­саналы қаржыландыру» шеңберінде 5 жоба ұтып алды. Бұл – оқу орны тарихында бұ­рын-соңды болмаған оқиға. Ғалымдарымыз­дың гранттық жобаларының нәтижесінде университетте бірнеше ғылыми орталық ашылды. Мәселен, Құқық және экономика факультетінде «Құқық, экожүйелер және тұрақты дамуды зерттеу» орталығы ашылды. Онда ғалымдар құқық, экожүйелер және тұрақты даму саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, кешенді зерттеулердің нәтижелерін ғылыми айналымға енгізеді. 

Педагогика және психология факульте­тінде Жетісу облысында аналогі жоқ инклюзиялық білім беруге арналған «Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу» орталығы ашылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда орталықтың маңызы зор. Аудитория көру, есту, тірек-қимыл аппараты және тағы басқа дамуында шектеуі бар ба­лаларға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда арнайы білім беруді жүзеге асыру бойынша қолдан­балы зерттеулер, теориялық және оқу-әдіс­темелік әзірлемелер дайындалады. 

«500 ғалым» тағылымдамасы аясында университеттің оқытушылары мен ғалым­дары шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтіп, үздік ғылыми орталықтарда білімін шың­­дады. Олар АҚШ-тағы Джордж Ва­шинг­тон университетінде, Иллинойс уни­вер­си­тетінде, Испанияның Гранада уни­вер­ситетінде, Италияның Марке политех­­­ни­­калық университетінде (UniVPM), Анг­лия­ның Рединг университетінде білімін шыңдап, біліктілігін арттырып қайтты. 

Жалпы, университет 80-ге жуық шетелдік жоғары оқу орны және халықаралық ұйым­мен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Олардың қатарында Польша, Чехия, Швей­цария, Швеция, Малайзия, Болгария, Ко­рея, Португалия, АҚШ, Италия, Венгрия сынды елдер бар. 

Шетелде білім алу көп жастың арманына айналды. Алайда білімді жастардың өзге елге кетіп, қайтып оралмауы дамушы еліміз үшін үлкен проблемалық мәселе. Осы тұрғыда қос дипломды білім беру бағдарламасы шекара аспай «шетелде» оқуға, халықаралық тәжі­рибеден өтуге мүмкіндік береді. 

Жетісу университеті қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары аясын­да Польшаның Пшасныш қаласындағы Лингвистика-техникалық университетімен, Слупск қаласындағы Поморск универси­те­тімен, Словакияның Жилина универси­тетімен, Алтай мемлекеттік университетімен магистратураның бірқатар білім беру бағдар­ламасын іске асырады. 

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің және Жетісу облысы әкім­ді­гінің қолдауымен «Ауыл шаруашылығы ғы­лымдары мен технологиялары» – «Агроно­мия» қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалы ашылып отыр. Оқуды сәтті аяқтаған сту­денттерге ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын италиялық және ауыл шаруашылығы саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын қазақстандық диплом беріледі. 

Халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды бағдарлама түлектерінің еңбек нарығында табысты болуына мүмкіндігі зор. Студенттердің сапалы білім алуынан бөлек, мамандықты дұрыс таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы білім ордасы үшін маңызды міндет.

Жетісу университеті түлектерді жұмыс­пен қамту міндетін барынша сапалы және нәтижелі жүзеге асыру үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Нәти­же­сінде, студенттердің жұмысқа орналасу көр­сеткіші: бакалавриат – 88, магистратура – 95, докторантура бойынша 100 пайызды көр­сетіп отыр. Елімізге қажетті нарық талап ет­кен мамандықтарды даярлау – білім орда­сының басым бағыттарының бірі. «Маман­дығым – болашағым» жобасы аясында жер­гілікті әкімдікпен бірлесе Жетісу облысында кадр тапшылығының өңірлік картасын әзірледік. Онда мамандар өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп, энергетика және жаңартылған энергетика көздері, ақпараттық технологиялар және коммуникациялар, туризм индустриясы сияқты өңірге қажетті бес бағытты анықтады. 

Қазірдің өзінде Ілияс Жансүгіров атын­дағы Жетісу университеті салалық Атлас­тар негізінде әзірленген 5 білім беру бағдарла­­ма­сы бойынша маман даярлайды: Агроно­мия – ауыл шаруашылығындағы жаңа техно­логиялар жөніндегі маман, Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен техноло­гиялары – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, Ақпараттық жүйелер архитектурасы – АТ экожүйелерінің сәулетшісі, SMART жүйелерді жобалау – әмбебап ЖИ әзірлеушісі, Туризм және қонақүй бизнесі – туристік дестинациялар бренд менеджері.

Осы орайда түлектерді халық саны ша­мадан тыс артқан ірі мегаполистерге бармай-ақ өңірлік университеттерде білім алып, туған жерге қызмет етуге шақырамын. Бұл сту­денттің алаңсыз білім алуынан бөлек ішкі миграцияның реттелуіне, урбанизацияның тежелуіне де септігін тигізер еді. 

Ел жетістігінің басты өлшемі адами капитал болса, студент жетістігі – білім ор­дасының басты мерейі. Университет сту­денттері түрлі деңгейдегі байқауларда пәндік олимпиадаларда, спорттық жарыстарда, шығармашылық, интеллектуалдық байқау­лар­да топ жарып, университетіміздің ғана емес, қала берді еліміздің атын шығарып жүр. 

Мәселен, Қазақстанда алғаш рет өткен Enactus World Cup 2024 әлем кубогында ЖУ студенттерінен құрылған Enactus Zhetysu командасы бүтін республиканың намысын қорғап, финалға шықты. 

Ал республикалық кубокта Жетісу университетінің Enactus Zhetysu командасы чемпион атанса, Enactus Zhansugurov college екінші орынды жүлделеді. Бұл – университет үшін ғана емес, Жетісу облысы үшін де үлкен жетістік. Сондай-ақ 26 жоғары оқу орны қа­тыс­қан республикалық зияткерлік сайы­сында университетіміздің «7.Pro» командасы бас жүлдені жеңіп алып, студенттеріміз 5000 доллар көлемінде грант иеленді. 

Спортта да жеткен жетістіктеріміз ай­тарлықтай. Мәселен, 2024 жылдың өзінде сту­денттер Әлем, Азия, Халықаралық, Рес­пуб­ликалық чемпионаттарда үздік өнер көрсетіп, 26 алтын, 20 күміс, 10 қола медаль қанжығалап қайтты. 

Мемлекетіміздің тұрақты дамуының не­гізі бәсекеге қабілетті жастар болғандықтан, олардың жетістігі біз үшін зор қуаныш. Қазір ойы озық ғалымдарға, талантты жастарға сұ­раныс жоғары. Ғылым және жоғары білім ми­­нистрлігі жастарды ғылымға тарту үшін оларға қолайлы жағдай жасап келеді. Жетісу университетінде жас ғалымдарды ынта­ландыруға бағытталған университетішілік «Жас ғалым» байқауы бар. Жыл өткен сайын мұндай ғылыми байқауға қатысушылар қа­тары көбеюде. Олардың әр бағыттағы жоба­лары отандық және жаһандық өндіріске ба­ғ­ыт­тал­ған. Болашақта ғылыммен түбегейлі айна­лы­сатын жастар қатарында Анет Ибраи­мов, Са­мат Серікбаев, Қуаныш Жақпаев, Алия Ақ­тымбаева, Жалғас Ахметов, Диас Қас­қыр­баев, Асхат Тоқанбаев сынды жас ға­лымдарды атауға болады. Олар бүгінде «Күзет жүйесіндегі автономды ұшқышсыз ұшу аппа­раты», «Электрлік ақылды мото­цикл», «Элек­трлік питбайк», «Электрлік три­цикл», «Көп­функ­циялы автономды ұш­қышсыз ұшу аппа­ратына» өнертабыс па­тентін алды. Бұл – біз үшін, біздің универ­ситет үшін үлкен жетістік. 

Осыдан он екі ғасыр бұрын ғұлама ға­лым Әбу Насыр әл-Фараби «Ғылымы жоқ ел­дің – болашағы жоқ» десе, мен дәл қазір техника мен ғылымның дамыған ғасырында «Ғы­лымы мәнді елдің ғұмыры мәңгі» деп айтар едім. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерттеулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі. Ал І. Жансүгіров атын­дағы Жетісу университетінің ғалымдары ғы­лым саласындағы ұлы істердің ұйытқысы болып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне өз үлесін қосып келеді. 

Ермек БӨРІБАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің

Басқарма төрағасы – ректоры