Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыдан тура 35 жыл бұрын Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, 1990 жылы дербес Діни басқарма болып құрылды. Содан бері Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы – мүфтият еліміздің рухани дамуына, халқымыздың игілігі мен бірлігіне сүбелі үлес қосып келеді.
Дін еркіндігін Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайында мүфти болып сайланған Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазірет жариялаған еді. Ұстазымыз мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Бірнеше мешіт салдыруға мұрындық болды. Халықтың діни сауатын ашуға маңыз беріп, бойындағы бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады.
Рәтбек хазіреттен кейін белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет 2000 жылы Қазақстан мұсылмандарының ІІІ құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып сайланды. Саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған ол дін саласында ақсап тұрған құжат мәселесін ретке келтіріп, ҚМДБ-ның жұмысын жолға қоюда үлкен еңбек сіңірді.
2005 және 2010 жылдары өткізілген Қазақстан мұсылмандарының IV және V құрылтайларында мүфтилік лауазымға қайта сайланған Әбсаттар хазірет 2013 жылға дейін ҚМДБ-ның төрағасы ретінде ілкімді істердің ұйытқысы бола білді.
Әбсаттар қажы Бағысбайұлының бас мүфтилігі кезінде республикамыздың 9 аймағынан 9 медресе, 1 қарилар даярлайтын орталық ашылып, халықты діни сауаттандыру жұмыстары жаңа қарқынмен дами түсті. Осы жылдары имамдардың діни біліміне көбірек мән берілді. Бірнеше медресе ашылып, жоғары білімді діни кадрлар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті өз жұмысын бастады. Дін қызметкерлері мен халықты ағарту бағытындағы іс-шаралар мен игі жобалар жүзеге асты.
2013 жылы елордада Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VII құрылтайы өтті. Ержан қажы Малғажыұлы хазірет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып сайланды. Ол дін қызметкерінің ұстаздық тұлғасын қалыптастыруға күш салды. Шетелдік діни оқу орындарымен байланыс аясы кеңейіп, білім іздеген жастардың қатары көбейді.
Діни басқарма жанынан Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) құрылды. Еліміздегі ең білікті мамандардан жасақталған ақпараттық-насихат тобының мүшелері еліміз бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халықтың діни сауалдарына жауап берді. Қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен дәріптелді.
Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жүзеге асқан жемісті жобалардың бірі ретінде 2013 жылдың 25 желтоқсанында құрылған Ғұламалар кеңесін атап өткен жөн. Кеңестің негізгі мақсаты – Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұстанымға қатысты туындаған көкейкесті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шығару, пәтуа қабылдап, діни мәселеде ҚМДБ көзқарасын білдіретін құжат дайындау.
2017 жылдың 8 желтоқсанында Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандарының VІІІ құрылтайында Бас мүфти лауазымына Серікбай қажы Ораз хазірет сайланды. Ол халықаралық әрі республикалық деңгейде ағартушылық бағыттағы жобаларды жүзеге асырды. Жаназа рәсімдерін бірізділікке түсіру мақсатында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы шығарылып, арнайы ереже бекітілді.
Алланың қалауымен 2020 жылдың 7 ақпанында құрылтай делегаттарының қолдауымен Бас мүфти лауазымына сайландым. Содан бері сауапты да, жауапты қызметті жоғары деңгейде атқаруға бар күш-жігерімді салып келемін. Осы жылдар арасында сынақты сәттер де аз болған жоқ. Алла Тағала Құранда айтқандай, қиындықтан кейін жеңілдіктер, яғни жетістіктер мен мүмкіндіктерге жол ашылды. Республикалық әрі халықаралық деңгейде ағартушылық, рухани, діни бағыттағы жобаларды қолға алдық.
Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылып, оны Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлының сенім артуымен киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қою мәртебесіне ие болдық.
Осы ретте айта кетер тарихи оқиға – қазақ топырағында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай І халықаралық Құран жарысын жоғары деңгейде өткізіп алдық.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің», – деп айтқандай, біз Құранды үйреніп қана қоймай, оны үйретушілерден болуымыз керек. Осы хадисті іске асыру ниетімен ҚМДБ жанынан Құран секторын аштық.
Құранға қатысты тағы бір үлкен жаңалықтың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атсалысуымен мүфтият жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты Алтын Орданың билеушісі болған Өзбек ханның алтын сиямен жазылған Құранының көшірмесін елге әкелді.
Игі істерімізді жүйелі түрде әрі ғылыми бағытта жүзеге асыру үшін Алматы қаласынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтын аштық. Институт ұжымы ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды зерттеп-зерделеу, оларға ғылыми сараптама жасап, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарына кірісіп кетті.
Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет мүшелерімен өткен басқосуда: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет...» деген болатын. Ғылыми саладағы жұмыстарымыздың бірі де бірегейі – көптен бері қолға алған игі жобамыз – «Ислам энциклопедиясын» шығару болатын. Аталған жобаға 50-ге жуық ғалым үлес қосты. Бұл дәстүрлі дініміздің ғылыми-теориялық негізін дамытуға бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ауқымды жобасының бірі болды.
Былтыр еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзіміз бастамашыл болған Түркі мемлекеттері мүфтилер алқасына төрағалық етіп, алқаның бесінші отырысын Астанада абыроймен өткіздік.
Келешек ұрпағымызға ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни құндылықтарымызға негізделген дәстүрлі дініміздің негіздерін жеткізу – біздің діни саладағы басты міндетіміздің бірі болып қала береді. Себебі дәстүрлі дінімізбен көкірек көзін суарған жастар жат ағымның жетегінде кете қоймасы анық. Сол үшін «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабын, «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» еңбегін жазып, оны жастар арасында кеңінен дәріптеу ісін қолға алдық.
Имамдарға терең білім беру мақсатында Астана қаласынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы Ислам институтын аштық. Сонымен қатар жас қариларды жігерлендіру мақсатында институт жанынан «Ижаза» беру орталығын аштық. Бүгінде Алатаудың баурайындағы әсем Алматы қаласында да Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институтының филиалы жұмыс істейді. Аллаға шүкір, екі жылда 57 қариымыз ижаза куәлігін алды.
Расында, бүгінгі заманда ақпарат маңызды саланың біріне айналды. Осыған орай мүфтият жанынан арнайы медиаорталық аштық. Діни басқарманың төл телеарнасы – «Мұнара» арнасын ашып, оның Бас мешіттегі орталық студиясын, аймақтағы филиалдарын іске қостық. Ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, Мұнара ФМ интернет радиосын аштық.
ҚМДБ жанынан Стратегиялық даму және талдау бөлімін ашудағы мақсат – күнделікті жұмыстарымызға, жалпы еліміздегі діни ахуалға тиісті талдау жасау. Сонымен қатар аталған бөлім болжау, тәуекелдерді ескеру, қызметкерлердің жұмыс тиімділігін анықтау сынды жұмыстарды атқарып келеді.
Мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Өйткені ол – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Аллаға шүкір, 2020-2024 жылдар аралығында еліміз бойынша 359 мешіт жамағаттың игілігіне берілді. Мешітке келуші жамағатқа қажетті жағдай жасау – басты міндетіміз. Біз осы бағытта республикалық және халықаралық маңызы бар күре жолдардың бойында орналасқан 59 мешіт пен намазханадан арнайы Жолаушылар бөлмесін аштық.
Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, ізгілік пен кемелдікке әсте қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі», – деген. Діни саладағы қайырымдылық жасаудың тәсілдері де күн сайын дамуда. Бұл бағыттағы жұмысымызды дамыту үшін Уақып қорын аштық. Уақып – Алланың мүлкі болғандықтан, аймақтардан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған қайырымдылық негізінде мүфтият жатақханаларын аштық. Бұл бірқатар отбасыға әлеуметтік тұрғыдан үлкен қолдау болуда.
«Зекет және қайырымдылық» қорының арнайы «Зекет Хаб» орталықтарын іске қосып, мұқтаждарға әлеуметтік кеңес беріп, оларды кәсіп жүргізуге, мамандық игеруге баулу жұмыстарын атқарып келеміз.
Еліміздегі мұсылман жамағатының сұранысына орай жаназа, жерлеу, қабір басына зират көтеру рәсімдерін бірізділікке түсіру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан QAMQOR-SHARAPAТ салттық қызмет көрсету орталығын аштық. Осы бастаманың аясында ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» атты концептуалды құжаттар қабылданды.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Барлығың Алланың дінін берік ұстаныңдар. Ешқашан бөлінбеңдер» делінген. Адам баласы ынтымақта өмір сүрсе, қарым-қатынасы берекелі болады. «Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, ұйым жоқ болса, күйің жоқ» деген мақалдың мағынасы да өмірдің мәні бірлікте екенін меңзеп тұр. Сондықтан біз діни саладағы игі істерді ауызбіршілікпен әрі қарай жалғастыра береміз.