Жыл он екі ай суын халық тұтынатын өзен арнасы мен жан-жағы бүгінде түгелдей малдың нәжісіне толған. Түйткілді мәселе қоғам тарапынан аса үлкен резонанс тудырғанымен, мәселенің шешімі күні бүгінге дейін табылмаған.
Бестөбе кенті тұрғындарының айтуынша, Кеңес Одағы тұсында өзен арнасының маңына мал бағуға қатаң тыйым салынған көрінеді. Өйткені адам ішер судың тазалығына аса қатты мән берілген. Бірақ кейінгі жылдары Сілетінің көрсе көз қызығатын шатқалдары мен өзен аңғарлары қысы-жазы малдан арылмайтын болды. Өкініштісі сол, өзеннің жағасынан малдың өлекселері де жиі табылады. Одан түрлі аурулар тарап кетуінен қауіптенген тұрғындар құзырлы мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарына бірнеше мәрте шағымданған. Жергілікті қоғам белсенділерінің айтуынша, былтыр жергілікті атқарушы органдар, экологтар, құқық қорғау органдары, СЭС мамандарымен бірлескен комиссия өзендегі жағдайды бақылап тиісті шаралар жүргізетінін айтқан. Бірақ жағдай сол қалпы еш өзгеріссіз қалған.
– Сілеті өзенінің экологиялық жағдайын жергілікті атқарушы органнан бастап құзырлы министрлікке дейін айта-айта жалықтық. Өзеннен су ішкен малдың нәжісі суды ластап барады. Ал бұл суды Степногорскіден бастап құбыр арқылы барлық маңындағы ауылдар ауызсу ретінде тұтынады. Күні кеше Экология министрі Нысанбаевтың қабылдауында да Бестөбенің басына түскен басқа мәселелермен қатар Сілеті өзеніндегі экологиялық жағдайды да көтердім. Өкінішке қарай, менің айтқанымды толық тыңдаған жоқ. Бірақ келер күндері жергілікті облыстық Экология департаментінің басшылығы хабарласып, құзырлы органдарға өзеннің жағдайы туралы хат жолдағандарын айтты. Жылда осы мәселені көтеріп, жанайқайымызды шырылдап айтқанымызбен, ешкімнің назарына ілінер емес, – дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғындарының бірі Николай Катчиев.
Алдымен мәселенің мән-жайын Степногорск қаласы әкімдігінен білуді ұйғарып, қала әкімі Гайдар Қасеновпен тілдестік. Әкім бұл жағдайдан хабардар екенін, өзеннің негізінен Ерейментау ауданының әкімшілік аумағына тиесілі екенін атап өтті.
– Иә, жағдайдан хабардармыз. Экология министрінің қабылдауы кезінде мен де болдым. Сілеті өзені негізінен Ерейментау ауданына қарайды. Дегенмен өзен халықтың тұтынуына жеткенге дейін тиісті сүзгілі қондырғылардан, сорғылы стансадан өтіп барады. Малдың өзен бойына жайылуына келсек, Бестөбе кентінде мал жайылымына жер жетіспейді, – деді Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қасенов.
Степногор қаласының экологиялық инспекторы Сілеті өзенінің айналасына мал жайылу мәселесін жергілікті ауылдық округ әкімдіктері реттеуі қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ өзеннің экологиясы бойынша ешқандай қауіпті бақыламағанын жеткізді.
– Сілеті өзені Ерейментау ауданы арқылы келеді. Судың экологиялық жағдайы нашарлап ластанып бара жатса, жергілікті СЭС дабыл қағуы тиіс еді. Судан сынама алады ғой. Малды осы өзеннің айналасындағы ауылдық округ әкімдіктері бақылауға алып, бақташылары қарауы керек. Өзеннің экологиясы қауіпті бола бастады деген хабар болмады. Ауылдарға барып жағдайды бақылап, қоқыс және ластану жағдайларын қараймыз, – деді Степногор қаласы бойынша мемлекеттік экология инспекторы Алкен Тойынбеков.
Сілеті өзеніндегі жағдайды одан әрі анықтау мақсатында облыстық Экология департаменті басшылығымен де тілдестік. Департамент басшысы Мағзұм Күкімбаев өзеннің жағдайы бойынша құзырлы органдарға хаттар жолдағанын айтты.
Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшылығы да өзен суынан адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ешқандай зат табылмағанын жеткізді.
– Сілеті өзені мыңдаған халықты ауызсумен қамтамасыз ететіндіктен біз тоқсанына бір мәрте өзен суынан сынама алып тексеріп отырамыз. Тиісті нормалардан асатын, яки адам ағзасына қауіпті заттар анықталған жоқ. Егер қауіпті жағдай болса біз оны соңына дейін тексеріп, тиісті шаралар қабылдаймыз, – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Сәуле Сәдуақасова.
Қалай дегенмен де жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны сөзсіз. Сондықтан кейін кеш болып бармақ шайнап қалмас үшін құзырлы және жергілікті атқарушы органдар тиісті шаралар қабылдағаны жөн болар деген ойдамыз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы