Астанада «Біз туралы өзіміз айтамыз» деген ұранмен «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» атты кездесу өтті.
Адасып қалған армандар
451
оқылды

2015 жылдан бері инклюзивті білім беру бойынша жобаларды іске асырып келе жатқан «Бо­ла­шақ» корпоративтік қоры ұйым­дас­тырған жиында қонақтар ау­тизм және дамуында ерекшелігі бар балалар жасаған тағамдардан дәм татып, олар салған суреттер көрмесін тамашалады. Ted Talk ала­ңында ата-аналар баласына диаг­ноз қойылғаннан кейін қиын­дыққа мойынсұнбай, балаларын дамытуда өзі сияқты ата-ана­лардың тәжірибелерінен үйреніп, білім беру және әлеуметтік жоба­ларға қалай қатысуға болатыны туралы кеңес алды. Ал бейінді министрлік өкілдері, психиатрлар, невропатологтар, «Болашақ» қо­рының мінез-құлық талдаушы­лары, логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандар ата-ана­ларға ерекше балаларды тәрбиелеу бойынша ғылыми тұжырымдар мен заңанамалық ұсыныстар ту­ралы түсіндірді.

Autism Talks: үміт пен сенім алаңы

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай, биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған жиынға 400-ден астам адам қатысты. 

– Autism Talks «Болашақ» кор­поративтік қорының күшімен үш жыл қатарынан өтіп жатыр. Бұл шара әсіресе балаларының диаг­нозы туралы енді-енді біліп жатқан ата-аналар үшін өте маңызды. Мысалы, біздің өзіміз осы кез­десуден көп нәрсе үйрендік. Егер осыдан 10 жыл бұрын біздің ба­ламызды түзету жолындағы әре­кетіміз біреу болса, қазір ол бас­қаша. Өйткені бала өскенше оның тілін шығару, ортаға қосылу, қо­ғаммен араласу, балабақшада, мек­тепте қажетті дағдыларға бейімделу секілді мәселелермен айналыссақ, енді баланың есеюіне байланысты түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп жатырмыз. Қазір біздің Да­рын – 15 жаста, гормондар қалып­тасып, бойы, ойы өсіп жатыр. Сұ­рақтары тіпті күрделене түсті. Мен үйленемін бе, қанша балам болады деп сұрайды. Армандары көп. Сондықтан оны ересек өмірге бейімдеуге арналған арнайы бағ­дарламалар, тәсілдер қажет. Оған біз дайынбыз ба? Мемлекет та­рапынан қандай әрекеттер жаса­лып жатыр? Заң бар, ол қалай жұ­мыс істеп жатыр, мемлекеттік әлеуметтік жобалар аутизм балалар мен ересектердің жағдайын жа­сауға қаншалықты дайын? Ма­мандар жеткілікті ме, қандай орта­лықтар бар? Бұл күн өткен сайын өзекті бола түсетін сұрақтар бол­ғандықтан, жылдан жылға өсіп келе жатқан, есейіп келе жатқан аутизм бар адамдардың проблема­сына көзжұма қарамай, нақты инклюзия жұмыстарын жүзеге асыру керек. «Болашақ» секілді, біздің қор секілді жеке қоғамдық қорлар, ұйымдар тарапынан ау­тизм бар жасөспірімдерді маман­дыққа баулып, ересек өмірге бе­йім­деп жатқанымызбен, арнайы инклюзивті оқыту бағдарлама­ларымыз, кең ауқымды жобала­ры­мыз, арнайы мамандарымыз же­тіс­пейді. Жылдан жылға ау­тизм бар балалар өсіп келе жатыр, кө­бейіп келе жатыр. Қоғам осыған дайын болса, қолұшын берсе, дені сау, қоғамға кедергісіз араласа ала­тын азаматтармен толықса, мемле­кет тарапынан шынайы ­жо­балар жұмыс істесе деген ар­ман­дарымыз бар, – деді ABAQUS-DARYN қо­рының директоры, аға ABA-нұс­қау­шы Дархан Ажмолдаев.

Арнайы және инклюзивті бі­лім беруді дамытудың ұлттық ғы­лыми-практикалық орта­лы­ғы­ның 2024 жылғы мәліметіне сәй­кес, Қазақ­станда аутизм бар 15 000-нан ас­там бала болса, оның 7 мың­да­йы – мек­теп жасына дейінгі балалар. Бей­ресми деректерде еліміздегі аутиз­м бар балалар саны 35 000-нан аса­ды деп көрсетілген. ДДҰ де­ректері бойынша, әлемде ша­­ма­мен 100 баланың біреуінде аутизм спек­трінің бұзылуы тір­келсе, АҚШ-тың Ауруларды ба­қылау және алдын алу орталығы­ның (CDC) деректеріне сәйкес, бұл көр­­сет­кіш 36 баланың 1-уінде анық­­­талған. Мамандар аутизм диаг­­­­нозы қыз­дарға қарағанда, ұл­дарға төрт есе жиі қойылатынын айтады. Бала­лар психиатры Ма­дина Кенже­бе­ко­ва: «аутизмнен ем­делу мүмкін емес», – дейді, се­бебі ол – жүйке жүйесінің ерекше дамуымен бай­ла­нысты бұзылыс.

– Жүйке жүйесіндегі бұл ауыт­қудың себебі белгісіз. Аталған мәселе дүниежүзінде өзекті болып отыр. Әлі күнге дейін толассыз зерт­теулер тоқтаған жоқ. Бірақ се­бебін ешкім әлі анықтай алмады. Бізде инклюзивті адамдардың бі­лім алып, еңбек етуіне заң бо­йынша жағдай жасалған. Қазір бұл салада даму жолынан өтіп жатыр­мыз, – деді дәрігер.

Өзгеше үні бар, өзінше әлем

«Болашақ» корпоративтік қоры Қазақстанның мектептері мен балабақшаларына аутизм және басқа да менталдық бұзу­­шылықтары бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін енгізу бағытында «Әр бала мектепке ба­руға лайықты» жобасы аясында алғаш 2015 жылы еліміздің 24 қа­ласында 71 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Нәтижесінде, 800-ден астам бала мектепке күнде баруға мүмкіндік алса, 4 000 маман және ата-ана оқудан өтті. Қор та­рапынан ҚР заңнамалық актіле­ріне 100-ден аса ұсыныс енгізілсе, ҚР Инклюзивті білім беруді да­мыту жөніндегі эксперименттік алаңдар желісі және білім беру ұйымдарының тізіліміне қордың инклюзивті білім беру моделі кі­рік­тірілді. Ал «Болашақтың» үлгісі бойынша құрылған 1 500 инклю­зияны қолдау кабинеті бүкіл Қа­зақстан бойынша жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қордың бастамасымен Астана қаласы әкімдігі және «AMANAT» партиясының қолдауымен «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» сынамалы жобасы аясында Қоғамдық тамақ­тандыру және сервис колледжі және Менеджмент, бизнес және бі­лім колледжі 7-11 сынып оқу­шы­ларына арналған маманданды­рылған кәсіби алаңдар ашты.

– Осы сынамалы жобаның арқасында біз мектепке дейінгі, мектеп және орта арнаулы білім беру ұйымдарындағы алаңдарды қамтитын үздіксіз оқыту жүйесін құрып жатырмыз. Біздің түлектер кәсіпорындарда өз пайдасын ти­гізе алады деп сенеміз, бұл олардың әлеуметтенуі мен қоғам өміріне қосылуының маңызды кезеңі бол­мақ, – деді Динара Гаплан.

Жобаға қатысып, аспаздық бі­лім алған Алмасбек Сатинов пен анасы Алмагүл Сатинова Autism Talks алаңында өздері туралы ай­тып, жиынға келушілерге қиын­дықты жеңуге тек сенім мен үлкен күш-жігер қажет екенін жеткізді. Алмагүл Сатинованың айтуынша, қазір 19 жастағы баласы Алмасбек Сатиновқа 4 жасында дәрігерлер ерекше диагноз қойған.

– Ол кезде қазіргідей интернет желісі қатты дамымаған еді. Көп ақпараттың болмағанынан балам­ның диагнозын қабылдау қиын бол­ды. Балам 6 жасқа дейін сөй­лемеді. Кейін тегін түзету орта­лық­тарына барып, жағдайымызды жақсарта түстік. Бүгінде колледжде білім алып жүрміз. Кез келген жағ­дайда ата-ана өз баласына сенуі керек. Соңғы жылдары ерекше ба­лаларды тәрбиелеушілер бас қо­сатын қауымдастықтар да артып келеді, – деді ерекше баланың анасы. 

Қазір Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің 1-курс сту­денті Алмасбек Сатинов кон­дитерлік өнімдер пісіруді біршама меңгеріп алған.

– Колледжде біз мектепте өте­тін барлық пәндерді оқимыз. То­қаштан бастап бәлішке дейін кон­дитерлік өнімдерді пісіріп үй­­ре­­неміз. Маған ұн илеген ұнайды. Болашақта осы бағыт бойынша мамандық таңдап, жоғары оқу ор­нына түскім келеді. Бос уақы­тымда саяхаттағанды, туған-туыс­пен ара­ласқанды жақсы көре­мін, – деді ол.

«Болашақ» корпоративтік қо­ры жүзеге асырып отырған ізгілікті жобалар қатарында 13-18 жас аралығындағы балалар мен жасөс­пірімдерге арналған инклюзивті футбол жобасы да бар. 

Инклюзивті футболды дамыту бойынша сарапшы, UEFА «А» са­натындағы жаттықтырушы Шың­ғыс Темерхановтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның 9 қаласындағы 9 инклюзивті футбол командасында 110 бала үздіксіз дайындалып жүр.

– UNI Football League жұмы­сын бастағалы бері балалар физи­калық қана емес, психологиялық жағынан да айтарлықтай өсті. Олар негізгі және күрделі футбол жаттығуларын меңгеріп, шыдамды болуды үйренді. Алғашқы кезде­гідей емес, тапсырмаларды тез түсінеді, жаттықтырушыларды тың­дайды. Бұған дейін олар көп­шіліктің алдына шығудан қор­ған­са, қазір алаңға батыл шығып, қорқынышты жеңуді үйренді. Өз­деріне сене бастады. Жаттық­ты­рушылар да ерекше балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын мең­герді. Ата-аналардың қолдауының арқасында қазір қыркүйек айында өтетін жарысқа дайындалып жа­тырмыз. Бұл жоба футболдың бар­лығына қолжетімді екенін және оның өмірді өзгерте алатынын дә­­лелдейді. Біз балаларға өз әле­уе­тін ашуға, қоғаммен араласуға үй­­ретеміз. UNI Football League – бұл жай ғана спорт емес, бұл ­ерек­ше балаларға арналған өмір, эмо­циялар және жаңа көкжиек­­тер, – деді маман. 

Соңғы жылдары қатары қа­лыңдап, саны өсіп, жылдан жылға есейіп келе жатқан ерекше жан­дар үшін әр адамның, кез келген қо­ғамның және мемлекеттің көмегі, қол­дауы ауадай қажет екені дау тудырмайды. Зерттеуші-сарап­шы­лар, сала мамандары айтып жүр­гендей, олар қоғамдық ере­же­лерді түсінбеуі мүмкін, өз ішкі әле­мінде өмір сүретін, өзгеше есті­летін әлем болуы да мүмкін. Иә, шынымен олар жүректен шық­қан шынайы мейірімге мұқ­таж жандар шығар...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ