Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай, ғалымдарды марапаттау рәсімінде: «Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет», – деп атап өтті.
ҚазҰУ өндіріспен күш біріктіруге дайын
493
оқылды

Сондай-ақ «Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Бұл ретте ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені ғалым – ұлттың шамшырағы», – деп, ғылым қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне жоғары баға берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті ретінде ғылымды дамыту мен инновация­лық инфрақұрылым жүйесін жа­ңа­р­ту және ғалымдарды әлеу­мет­тік қолдау шараларын жақ­сарту мақ­сатын әрдайым алдыңғы қат­ар­ға қойып келеді. 2024 жылы оқу орнының ғалымдары 402 ғылы­ми-зерттеу жобасын жүзеге асырды. Оның ішінде 321 жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясын­да орындалды. Ал 17 жоба бағдар­ламалық-нысаналы қаржылан­дыру жолымен атқарылды. Сон­дай-ақ 48 халықаралық жоба сәтті сабақталып, 15 ұйым және кәсіпорынмен шаруашылық шарт­тар шеңберіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бір жоба «Ғылым қоры» АҚ ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нә­ти­желерін коммерцияландыру бойынша іске асты. 

2021 жылы университет ғал­ым­дары жалпы сомасы 2 782,1 млрд теңгені құрайтын ғылыми жобаларды жеңіп алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 13 млрд теңгеге өсті. Нәтижесінде, 252,53 млн тең­ге көлемінде кіріс түсіп, ғылы­ми әлеуетті көтеруге мүмкіндік туа бастады. ҚазҰУ базасында тек бір жылдың ішінде 30-ға жуық зерт­хана ашылып, ғалымдар игілігіне берілді. Атап айтқанда, Суперком­пьютер кластері, Робототехника және мехатроника бойынша ком­петенция орталығы, Farabi Hub ин­но­вациялық өнімдер мен жо­ғары технологиялық жобалар орта­­л­ығы, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зерт­ханасы, «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы, Орталық Азия­дағы тұрақты даму орталығы, Fa­rabi chem science кластері, Chemical Coatings Innovations химиялық ғылыми-өндірістік орталығы бой көтерді. 

Университет ғылымының қар­қын алып, жаңа жобалардың қар­жылай гранттарға ие болуына ең алды­мен мемлекеттің қолдауы зор. Әсіресе, жас ғалымдар Прези­дент қамқорлығын айқын сезіне бас­тады. 14 жас ғалым  Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілтін алып, баспанаға қол жет­кізді.

Ғылым саласына жасалған қол­айлы жағдай ғалымдардың ынтасын оятып, құлшынысын арттырды. Былтыр қазақстандық ғалымдар Scopus дерекқорында индекстелетін 9 410 ғылыми еңбек жариялады. Оның 1 589 жария­ланымы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі, яғни университет ғалымдарының үлесі қазақстандық жарияланымдардың жалпы санының 16,8 пайыз­ын құрады.

Университеттің ғылыми-зерт­теу қызметін дамытуда халықара­лық ғылыми-білім беру байланыс­тарын жүйелі түрде кеңейту, шет­ел­дік тәжірибені пайдалану маңызды рөл атқарады.  Сондық­тан бірлескен ғылыми зерттеулер Erasmus+ және ЕҚЫҰ халықара­лық бағдарламалары аясында, сон­дай-ақ «Болашақ», Америка кеңес­тері, БҰҰ, ЮНЕСКО, Фран­ция Сефасиль қоры, DAAD, Қытай Ғылым академиясы сияқты халықаралық қорлар және ұйым­дармен жүзеге асырылады. 2021 жылы 62 оқытушы-профессор, 8 ғылыми қызметкер, 226 магистр­ант, 77 докторант Халықаралық ұтқырлық бағдарламасымен білімі мен білігін жетілдіріп қайтты. Ал 2024 жылы бұл мүмкіндікті 707 оқытушы-профессор, 106 ғылыми қызметкер, 345 магистрант, 337 докторант пайдаланды. 

Университет өз ғалымдары мен профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми қызметінің жетіс­тіктері мен нәтижелерін ғылы­ми іс-шараларды өткізу ар­қы­лы да белсенді түрде насихат­тай­ды. Жақында Алматы қала­сының әкімдігімен бірлесіп 200-ге жуық бизнес өкілдерінің қатысуы­мен «Ғылым, бизнес және өндіріс ықпалдастығы» атты форумын ұйымдастырды. 

Мемлекет басшысы ғалымдар­ды марапаттау рәсімінде «Ғылым­ның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажеттігін» тағы бір мәрте еске сал­ды. Осы ретте университет ғал­ым­дары қалалық әкімдікпен, бизнес-ортамен, өндіріс орын­дарымен жұмысты жандандыруға дайын. Алматының болашақ кел­бетін – экологиялық таза, жайлы және тұрақты, ақылды қала ретін­де бірге құру үшін ұсыныстары да бар. Мәселен, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға ба­ғыт­талған «Отандық әлеуметтік гуманоидты роботты әзірлеу және зерттеу» жобасын атап айтуға болады. ҚазҰУ ғалымы, академик Жұмаділ Бар­ында қолдануға болады. Яғни, үйде отырған адам Wi-Fi арқылы Ai-Gerim-ді қашықтан басқара отыр­ып, мұражайда гид, дүкенде кең­ес­ші немесе супермаркетте са­ту­шы міндетін атқарта алады. Мүм­кіндігі шектеулі жандардың қолын ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосады. Ai-Gerim 21 еркіндік дәрежесіне ие. Трипод­тармен қозғалатын бас пен магис­тр­альдың бірегей дизайны адам­ның табиғи қозғалысын қам­та­­­ма­­сыз етеді. Qamqor ақпараттық жүйесі телекөрсетілім, қашықтан басқару және кері байланыс жүйелерінің принциптеріне негіз­делген. Бұл операторға роботтың «ішіндегі» құбылыстарды сезінуге және оны мүмкіндігінше тиімді басқаруға жол ашады. 

ҚазҰУ ғалымдары маңызы бар үлкен қалаларда көлік кептелісін шешіп, қозғалысты реттеу үшін тағы бір жаңа ғылыми шешім ұс­ы-н­ып отыр. Ақпараттық техно­ло­гиялар факультетінің доценті Бауыр­жан Белгібаевтың жетекші­лігімен «Ел мегаполисінің ақылды бағдаршамының нейрондық ком­пью­терлік көрінісі» әзірленді. Жоба­ның бірінші кезеңінде уеб-камерамен жабдықталған шағын компьютерін қолданатын бағдар­шамның бір камералы моделі жасалды. Бұл камера экспери­мент­тік зерттеулерге мүмкіндік беретін нейрондық желісімен біріктірілген. Зерттеу нәтиже­сінде, бұл шағын компьютер көл­ік­тердің кептелісін анықтап, тиім­ді басқаруға және көрсетілген бағыттағы көлік қоз­ғалысын жыл­дам реттеуге қабілетті екенін дәл­ел­деді. Деректермен бөлісу үшін Bluetooth интерфейсі қолданылды. Камера көп  орнатыл­ған көше қиыл­ыстарында күрделі және ауқымды шешімдер үшін AnyLogic жүйесіне ықпалдас­тырылған тәсіл қолданылды. Абай–Саин көшелерінің қиылы­сына жол айырбастаудың үш өл­шемді моделі жасалды. Сондай-ақ ней­рон­дық компьютерлік көру­мен бағдаршам жұмысының фаза­лары туралы деректер AnyLogic Excel кестелерімен біріктірілді. Соны­мен қатар нейрондық ком­пью­тер­лік көруі бар көпкамералы кон­соль­дар жасалды. Құрылған жар­­ты­лай өнеркәсіптік прототип пай­далы модель ретінде патент­телді. Прототиптер жұмысының маңыз­ды аспектісі олардың ықти­мал киберқауіптер мен төтенше жағ­дайлардан қауіпсіздігін қамта­масыз ету болып табылады. Бұл жүйені отандық және халық­аралық деңгейде киберқауіпсіздік сала­сын­дағы жетекші мамандар мұқият тексеріп, техникалық стан­дарт­тарға сәйкес келетінін растайтын арнайы сертификат берілді.   

Жобаның келесі кезеңі бағдар­шамдарды нейрондық компью­терлік көру қабілетімен цифрлық сыңарды пайдалана отырып, бол­жау деңгейіне дейін көлік ағынын автоматтандырылған басқару жүйесіне біріктіруге бағытталған. 

Президент ІТ мамандарын даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге жасанды интел­лект дағдыларын үйрету қажеттігін үнемі назарда ұстап келеді. Осы­ған сәйкес, ақпараттық техноло­гиялар факультетінің аға оқыту­шысы Гүлшат Әмірханованың жетекшілігімен зерттеушілер тобы «Жасанды интеллект пен IIoT тех­нологияларын қолдана отырып, тамақ өнеркәсібі кәсіпорнының цифрлық сыңарын әзірлеу» жоба­с­ымен жұмыс істеуде. Жобаның негізгі міндеті – саланың қазіргі жағдайын зерттеу, қажеттіліктерді анықтау, архитектураны жобалау, базалық модельдерді құру. Сон­дай-ақ цифрлық сыңардың сим­ул­яциялық және интеграциялық компоненттерін әзірлеу және тестілеу. Жұмыс барысында тамақ өнер­кәсібін автоматтандыру және цифрландыру нарығы талданды. IIoT, жасанды интеллект, цифр­лық сыңарлар және таратылған технологиялар сияқты заманауи тенденциялар зерттелді. Ғалымдар автоматтандырудың, логисти­каның ағымдағы деңгейіне баға берді. Жиналған ақпарат негізінде икемділікке, ауқымдылыққа және деректерді нақты уақыт режимінде интеграциялауға бағытталған ци­фр­лық сыңардың бастапқы кө­пдеңгейлі архитектурасы жасалды. 

Ал 12 ғалым мен жас зерттеу­ші­л­ерден құралған зерттеу тобы «Машина динамикасындағы күр­делі сызықтық емес қасиеттері мен өзгермелі құрылымы бар мех­аникалық деформацияланатын жүйелерді талдаудың математи­калық модельдері мен әдістерін дамыту» жобасы аясында жұмыс атқаруда. Аталған жобаның жет­ек­шісі – физика-математика ғы­лым­дарының докторы, профессор Леля Хаджиева. Жоба мұнай-газ саласындағы машиналар мен бұр­ғылау жабдықтарының динамика­сын зерттеуге арналған. Әсіресе, бұр­ғылау бағандарының тұрақты­лығын болжау және олардың динамикалық көрсеткіштерін жақ­сартуды көздейді.

Ұңғымаларды бұрғылау кезін­де кездесетін сызықтық емес динамиканың күрделілігі мен әр­түрлі себептер оның шешімін та­буды қиындатады. Бұл мәселе әлі де зерттеушілер үшін ең күрделі әрі шешілмеген түйткілдердің бірі болып отыр. Жоба аясында ғы­лыми топ сызықтық емес орта­лар­дың үш өлшемді деформациясы­ның математикалық моделін әзір­леді. Бұл модель бұрғылау бағандарының конструкция­ларын, жүктеме жағдайларын және қоршаған ортамен өзара байланысын ескереді.

Бұрғылау бағандарының қоз­ға­лысын және оларды дірілден қорғауды есептеу үшін арнайы бағдарламалар жасалды. Сонымен қатар жүйенің динамикасын түсіну үшін OpenGL сипаттама­сына негізделген бұрғылау бағаны қозғалысының үш өлшемді визу­ализациясы мен анимациясы дай­ындалды. Зерттеушілердің айту­ынша, жобада жүзеге асырыл­ған идеялар қазіргі уақытта қол­даныс­тағы аналогтардан ерекше. Себебі олар сызықтық емес меха­ника саласындағы соңғы жетіс­тіктерді заманауи IT технология­ларымен біріктіру арқылы жүзеге асыр­ылады.

Мақала соңында Мемлекет бас­шысының ғалымдарды елең еткізген маңызды сөзіне арнайы тоқталып өткім келеді. Президент: «Біз сын-қатерлердің бәрін әр­дайым өзіміздің басым бағыт­тары­мызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпа­лына қарамастан, дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негіз­гі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толы­ғымен орындалады», – деп атап өтті. Инфрақұрылымдық жобалар мен ғылыми бастамалардың орын­­далуы ғалым-зерттеушілерге серпін беріп қана қоймай, әлемдік дағдарыспен күресуге де көмек­теседі. Сондай-ақ тәуелсіздік жыл­дары түрлі себеппен ғылым­нан алшақтап кеткен білікті ма­ман­дарды ғылыми ортаға қайта тартуға ықпал етері анық.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 

Басқарма төрағасы – ректоры