Бұған Президент те алаңдаушылық білдірген еді. Сондықтан салада биыл реформа қолға алынады. Мәселен, осы орталықтардың бір функциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан алып қойылып, басқа ведомствоға берілуі мүмкін. Салада басталған жаңарулар елге не береді?
Жүргізуші «жаналғышқа» айналмасын десек...
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты соңғы Жолдауында жүргізушілерді даярлау деңгейінің күрт төмендегенін, салдарынан жол апаты көбейіп, бұл мәселе қоғамның зор алаңдаушылығын туғызғанын атап өтті.
– Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Арасында тұтас отбасылар бар. Жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар жетерлік. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс, – деді Президент.
2024 жылы Қазақстанда 31,5 мың жол-көлік оқиғасы болып, соның кесірінен бейбіт күнде 2 579 адам қаза тапқан. Бұл түйткіл депутаттардың да наразылығын тудырды. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков ұзақ жыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылымында басшылық қызметтер атқарған. Оның айтуынша, жол апаттарының көбеюіне серпін берген факторлардың бірі – жүргізуші куәлігін беретін орындардағы, соның ішінде «автоцондардағы» сыбайлас жемқорлық.
– Бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп болмайды. 2009 жылы жүргізушілерді даярлайтын автомектептерді лицензиялау тоқтатылды, содан бері ІІМ тарапынан мониторинг бақылауы тоқтады. Автомектепте оқымай-ақ одан анықтама алып, мамандандырылған ХҚО-да сынақ тапсыра береді. Қазіргі уақытта автомектептер өз түлектері үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Содан олар куәлік алуға ниеттінің бәріне өзінде оқығаны туралы анықтаманы оңды-солды таратады, – деді Данабек Ержанұлы.
Депутаттың айтуынша, МХҚО-лардағы теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру процесінде бұзушылықтар жетіп-артылады. «Автоцондарда» автоматтандырылған жүйемен емтихан тапсыру кезінде түрлі манипуляциялаудың 222 фактісі анықталды. Мысалы, Көкшетау, Өскемен қалаларында фактілердің өскені әшкереленіп, жауапты мамандар жазаланды. Сондықтан Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметке жүгініп, теориялық тестілеуді мемкорпорациядан алып қойып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беруді ұсынды.
Депутаттардың айтуынша, дамыған елдерде, Аустралия, Жапония, Италия, Финляндия, Швеция, Германияда жүргізуші куәлігін алу өте қиын әрі біраз жылға созылатын бірнеше кезеңнен тұрады. Курсант екі рет теориялық, екі рет практикалық сынақтан өтеді. Бұл елдің кез келгенінде автомектептер жүргізуші болудан үміттілерге жоғары талап қояды.
– Біз әлем елдерінің үздік тәжірибелерін саралап, жүргізуші куәлігін беруді қатаңдататын заң нормаларын қабылдауымыз керек. Ұсынысымыз мынадай: біріншіден, орта мектептерде оқушыларға жолда жүру тәртібі мен көлік басқару негізін үйрететін арнайы факультативті курс енгізу маңызды. Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері ортақ оқу бағдарламасын әзірлеуге мән бергені дұрыс. Екіншіден, автодромдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек, – деді депутат.
Үшіншіден, автомектептерге лицензия беруді қарастырып, олардың жауапкершілігін арттырған жөн. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер жол жүрісі ережелерін көп рет бұзса, ол автомектептің лицензиясын кері алу тетігін реттеу қажет. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде табысты қолданылып жүр.
Қалаулылар құптады, агенттік аяқ тартты
Қазақстанда заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай жүргізуші болғысы келетіндер өз бетінше дайындалып келіп, емтихан тапсыра алмайды. Автомектепті міндетті түрде бітіруге тиіс. Алайда біраз мектептің білім беру сапасының нашар екені байқалады. Сондықтан сарапшылар мен депутаттар жүргізушілерді мектеп қабырғасынан бастап даярлауды ұсынып жүр. Сонда білім ордасын бітірген оқушылар 18 жаста аттестатпен қоса, көлік жүргізу құқығын алып шығады. Ары қарай ол түлектердің жұмыссыздар армиясын толтырмай, жүргізуші болып жұмысқа тұруына мүмкіндік туады.
Салаға жауапты Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев шәкірттерге мектепте көлік жүргізу негіздерін үйрету бастамасын қолдайтынын жеткізді. Жай қолдап қана қоймай, тиісті ұсынысты Оқу-ағарту министрлігіне жолдапты. Хабар жоқ көрінеді.
– Оқу-ағарту министрлігінің ережесіне сәйкес, «орта білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру» құзіреті шегінде дәл осы министрлік мектептерде жолда жүру тәртібі мен көлік жүргізу негіздерін үйрету мәселесін жүзеге асыруға тиіс. Біздің министрлік аталған бастаманы қолдайды және тиісті ұсыныстарды Оқу-ағарту министрлігіне жолдады, – деді Мәдиев.
Сондай-ақ теориялық тестілеуді «автоцондардан» алып қою бастамасы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін беру бойынша теориялық емтихан өткізу функциясын өзіне алу жөнінде «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына және Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті ұсыныс жолдапты. Өйткені аталған орталық барлық оқушыдан ұлттық бірыңғай тестілеу қабылдайды, педагогтерді де тестілейді. Ендеше автомектептерді бітіргендердің теориялық білімдерінің тереңдігін не таяздығын тексеру де оған қиынға түспес еді.
Алайда бұл бастаманы әзірге агенттік қолдамай тұрғаны белгілі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұстанымынша, қазіргі уақытта «Жүргізуші куәліктерін беру» мемлекеттік қызметін бір ғана құрылым – МХҚО береді. Теориялық және практикалық емтихандарды Қазақстан мен шетел (Ресейдің) азаматтары сонда штаттық режимде тапсырады.
«Тиісінше, бұл мемлекеттік қызметтің бір бөлігін өзге мекемеге беру азаматтарды бірнеше ұйымға жүгіруге мәжбүр етеді. Адамдар алдымен мамандандырылған ХҚО-ға жүгінеді, кейін тестілеуді өткізетін ұйымға жолығады, содан соң қайтадан МХҚО-ға практикалық емтихан тапсыру үшін баруы қажет болады», – деген түсініктеме берді агенттік.
Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» ҰБТ сияқты тестілеулерді маусымдық сипатта (жылына 4 рет) өткізетіні атап өтілді. Ал жүргізуші атанғысы келетіндерді тестілеу – жыл он екі ай, күн сайынғы режимде жүретін сынақ. Мұның сыртында елді тұтас қамтитын ҰБТ науқандарын өткізу кезінде орталық сүрлігіске түсіп, тестілеудің басқа түрлеріне мойын бұра алмай қалады екен. 2024 жылы ҰБТ-ға 180 мыңнан астам талапкер қатысқан. Олай болса, орталықтың штатын күрт ұлғайтуға тура келеді.
Әйтсе де, депутаттар мен Цифрлық даму министрлігі қолдаған бұл бастама Үкіметте ары қарай талқыланады және жүргізушілерді даярлау саласында қолға алынған реформаның бір кірпіші болып қалануы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Мысалға, ол құзыретті өзіне алуға полицейлер белсеніп отыр. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жүргізуші куәлігін беруге арналған теориялық емтихан өткізу функциясын уәкілетті органға кері қайтару бойынша ұсыныс көтерді. Үкімет тараптардың дәйектемелерін негізге алып, бұл мәселені бірлесіп шешу қажет болатынын хабарлады.
Автодромдар неге аянышты халде?
Мамандандырылған ХҚО-лардың ең бір талмау тұсы, осал жері – автодромдар болып қалды. Жуырда «Азаматтарға арналған үкімет» журналистерге бейнежазба таратып, онда практикалық емтихан тапсырушы кей азаматтың «автоцон» машиналарын қалай қирататынын көрсетті. Курсанттар жол белгілерін, бағдаршамды, кедергілерді соғады, бордюрден «қарғып», қоршауларды бұзып өтеді. Бұл да автомектептен тым нашар дайындалған кандидаттар шығатынын паш етеді.
Цифрлық даму министрі Ж.Мәдиев автодромдарда жол апаты жиі болып, машиналары жаппай бұзылатынын растады. Бұған қоса, елде автодромдар жетпейді. Республика бойынша 105 мамандандырылған ХҚКО мен секторы жұмыс істейді, алайда тек облыс орталықтары мен үш мегаполисте 26 «автоцон» ғана автодромға ие. Бірақ бұлар да проблемадан бас көтере алмайды. Министр тиісті қаржыландыру болғанда, жаңа автодромдарды қуана-қуана ашатынына екпін түсірді.
– Қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан мемлекеттік корпорация амалсыз, жергілікті әкімдіктермен, жеке инвесторлармен автодромдар салу мәселесін қарастырып жатыр. 2023 жылы Алматы облысының Қарасай ауданында, жалпы аумағы 40 соттық жер учаскесінде жаңа автодром, ал 2024 жылы Шымкент және Өскеменде жеке инвесторлар қолдауымен автодромдар салынды. 1 ғана автодромды салу шамамен 720 миллион тенгені қажет етеді, – деді Жаслан Хасенұлы.
Мамандардың айтуынша, бұған жер учаскесін алу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жабдықтау, автоматты құрылғыларды, жабдықтарды сатып алу және басқа шығындарын қосса, бір автодромның шығыны миллиардтан асып кетуі мүмкін.
Алайда корпорацияда автоматтандырылған жүйені сатып алуға қаржының жоқтығы кесірінен, осы жаңа салынған автодромдар да толық көлемде жұмыс істей алмай тұрған көрінеді. Оларды толыққанды іске қосу үшін, министрдің түсіндіруінше, емтихан барысында алынған мәліметтерді түзетуге жол бермейтін, әрбір сынақ жаттығуын және жалпы емтихан нәтижелерін әділ тіркейтін автоматтандырылған жүйе орнатылуы қажет. Оған әзірге қаржы жоқ көрінеді.
Бұдан бөлек, 1 автодром үшін қажет практикалық емтиханды бақылау жүйесінің, бағдарламалық қамтылымның құны 103 миллион теңгеден асады. Ал автодромның әрбір машинасына орнатылатын GPS датчигін сатып алу 20 миллион теңгеден көп қаражатты талап етеді.
Мемкорпорацияның ақпаратынша, бүгінде республика бойынша автодромдарда емтихан тапсыруға арналған 273 автокөлік қалды. Оның 75-і кәсіпкерлерден жалға алынған. Автодромдарда оншақты машина үнемі сынған күйде жатады. «Емтихан тапсырушылардың тәжірибесінің аздығы, көліктердің тозуы автодромда жол-көлік оқиғаларына себеп болады, салдарынан көліктер жиі істен шығады», – деді министр.
Қалай болғанда, елде жүргізушілерді даярлау сапасы мен саласын жетілдіру бағытында кезекті реформа жүргізіліп жатыр. Мәселен, Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобаларына сәйкес, бір жыл ішінде 10-нан көп айыппұл жинаған жүргізушілердің жүргізу куәлігін уақытша тартып алып, автомектепте оқуға, емтихандардан қайта өтуге жіберу ұсынылған. Осы және басқа жаңашылдықтар не нәтиже мен қайтарым әкелетінін өмір мен тәжірибе көрсетеді.
Айхан ШӘРІП