Ұлан байтақ далада көшпелі халық пен малдан басқа ғылым игерілмеген заманда бабаларымыз өнер, білімді меңгеруге үндеп кеткен. Міне, сол қазір әлем жетіп жатқан жетістік, адамдардың ерен еңбегі мен білімінің жемісі. Жаһандық жаңашылдық елімізге де еніп, талапты әрі талантты азаматтардың ізденуінің нәтижесінде жасанды интеллектіні қолданатын күнге де жеттік. Цифрландыру қызметінде жасанды интеллектінің атқаратын рөлі зор болады. Әлем әлдеқашан бүкіл саланы цифрландыруға кірісіп, енді жасанды интеллектінің көмегіне жүгініп жатыр. Себебі кей елдерде демографиялық өсім айтарлықтай азайып, еңбекке жарамды жұмыс күші кеміп жатқандықтан да, жасанды интеллект, роботехника, цифрландыру қызметін қолдануға мәжбүр. Кей жерлерде жұмысбасты адамдардың тамақтануға, асханаға баруға, дүкен аралауға, ас әзірлеуге уақыты жетпейді. Сол үшін тиімді технология саналады.
Цифрландыру жүйесі жалпы жұмысты жеңілдету үшін керек. Денсаулық сақтау саласында бұл адам денсаулығын қашықтықтан бақылауға, диагноз қоюды жылдамдатуға, дәрігерлік қателікке жол бермеуге, емдік препарат түрлерін тездетіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Жалпы медицина мен фармацевтика, медициналық құрал-жабдықтар шығаруда жиі жаңалық ашатын мемлекеттерде цифрландыру жүйесін күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып алған. Тура сол сияқты білім беру ісінде цифрландыру технологиясы жетістікке жеткізеді. Әлемде келешекте онлайн оқуға басымдық беріліп, үйден шықпай-ақ білім алуға болатын жағдайлар жасауда. Оқушылар ауыр сөмке арқаламай, ата-аналар кітап, дәптер сатып алмай, мұғалімдер журнал тасымай тек бір планшет арқылы сабақ орындайтын, балалардың білімін бағалайтын болады. Елімізде электронды оқулыққа он жыл бұрын қажетті қаражаты бөлініп, жүзеге асыру жоспарланған еді. Алайда, қазір бұрынғыдан бетер оқулықтар мен керек емес пәндер көбейіп кеткен. Білім беру ісі монополистердің мүддесіне жұмыс істемей, балаларды болашағы мен мүмкіндігін ойлау керек.
Қаржы нарығын цифрландыру – қолма-қол ақшамен есеп айырысуды тоқтатып, аударым технологиясын енгізу мен блокчейн. Бұл азаматтарға криптовалютаны игеруге, түрлі қаржылық операцияларды атқаруға әрі қорғауға, ал, мемлекеттік органдарға бизнес пен халықтың ақша айналымын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Қазір онлайн-сауда, қашықтықтан жұмыс істеу әрі табыс табу, мобильді банкинг пайдаланушылар көбейіп келеді. Бұл да сол қаржылық цифрландырудың бір бөлігі.
Ғылымды цифрландыру – саладағы жаңалықтарды анықтау мен есептеулерді тездетіп іске асыруға, дүниенің түкпір-түкпіріндегі ғалымдармен автоматты режимде тәжірибе алмасуға жол ашады. Ал, қалаларды цифрландыру жүйесі жасанды интеллект арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Сол сияқты транспорт саласында да цифрландыру дәуірі әлдеқашан басталған. Қазір керек десеңіз жүргізушінің көмегінсіз басқарылатын автобус, пойыз, метро, дрондар, тіпті ұшатын көліктерді ойлап тауып жатқан елдер бар. Бизнестің бәрі цифрландыруға көшіп, автоматтандырылған қондырғыларды кеңінен қолданып жатыр. Келешекте цифрландырылмаған сала мен зат қалмайды. «Піс қазаным, піс» деп газ плитаның басында тұрмай-ақ, Wi-Fi-дің көмегімен қашықтан тамақ дайындайтын боламыз. «Сим-сим» десек есіктер де ашылатын дамуға жеттік емес пе? Цифрландыру жүйесін әртараптандырудың нәтижесінде қиын жұмыс жеңілдетіліп, осы іспен айналысатындардың табысы артып, жалпы бизнес те игілігін көре бастады. Қазір бұрынғыдай даңғарадай зауыттар жоқ, шағын автоматтандырылған қондырғылар орнатылып өндірістің өнімділігі артып жатыр. Цифрландыру тұрмыста, өндірісте, жұмыста және мемлекеттік органдарда қолданылып келеді. Десе де оны жетілдіру әрі қолданыс аясын кеңейту әлі өзекті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда бұл бастамалардың елімізге берері мол екенін айтып: «Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады. Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандырудың шұғыл шараларын қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ, цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді», – деді.
Цифрландыру ісі әлемнің тек үдерісі емес адамзаттың күнделікті өмір сүру үрдісіне айналатын прогрессивті процесс болмақ. Жұмысбастылық та, жұмыс жоқтық та жасанды интеллектіні пайдалануға итермелейді. Десе де адами фактор барлық салада бәрібір қажет болады. Елімізге осы мақсатты жүзеге асыратын, жаңа жобалар әзірлейтін арнайы мамандар керек. Мысалы, әлемде жасанды интеллектіні дамытуға 1 триллион доллардан астам инвестиция салып, соның нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Ал, Президент жетекші халықаралық компаниялармен келісіп, жасанды интеллект саласына қажетті кадрларды даярлау мен арнайы зерттеулерді қатар жүргізуді Үкіметке тапсырған. Ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктер мен қолайлы жағдай жасалмақ. Мәліметтерді сақтау және өңдеу саласында ел мүддесін ілгерілету бір міндет болып тұр. Цифрландыру қағидаттарды заңмен бекіту үшін Мемлекет басшысы Үкіметтен, сарапшылар, депутаттарға салалық құжат әзірлеуді ұсынған еді. Осы уақытқа дейін Президенттің тікелей араласуымен БАӘ және АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнатылған. Биыл Астанада «Smart city» жобасы енгізілетіні жайында ақжолтай жаңалық естідік. Ғылымды дамыту мен қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін қабылданып жатқан шаралар еліміздің бәсекеге қабілетін арттырады.
Алдағы төрт жылда 800-дей инвестициялық жобалар іске қосылып, мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбы жасалып, көлік-транзит әлеуеті күшейтілмекші. Бұл деген сөз қай сала дамыса да электр энергиясына сұраныс арта түседі. Мысалы, өндіріс пен өнеркәсіпті былай қойғанда, көлік, транзит, логистика жүретін жолдың бәрін жарықтандыру керек болады. Сарапшылар онсыз да 6 жылдан кейін энергия тапшылығының туындайтынын айтып дабыл қағуда. Қазір тарифтің қымбаттығына шағымданып жатқан жұрт жетерлік. Егер электр қуатын өндіру әлеуетін арттыратын болсақ, біріншіден, энергетикалық тәуелділіктен арылып, екіншіден, тарифтің арзандауына қол жеткізіп, үшіншіден, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін едік. Ол үшін бізге Ұлттық құрылтайда Президент атап өткендей, бір емес бірнеше АЭС керек.
Әлемде адам мен кәсіпкерлік, тұрғын үй көбейген сайын жарық, көмір, су, газ тұтынушылар көбейеді. Мысалы, жарық, су сияқты түнде де керек. Өндіріс пен өнеркәсіптің көбі электр энергиясына байланған. АЭС санын көбейтіп жатқан мемлекеттер баршылық. Олар сән үшін емес, мәжбүр болғандықтан салуда. АЭС артықтық етпейді. АЭС-тің көп болуы елді энергетикалық тәуелділіктен арылтады, ішкі сұранысты қамтамасыз етеді, қаржыны үнемдейді әрі экспорттық әлеуетін арттырады, тарифтің арзандауы мен тұрақталуына мүмкіндік береді. Су және жылу энергия көздерінің өзі АЭС сияқты электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ете алмайды.
Атом энергетикасының бүгінгі таңда маңыздылығы күннен-күнге айқындалып келеді. Өйткені АЭС атмосфераға аэрозоль қалдықтары мен парниктік газдың бөлінбейтінімен ерекшеленеді. Меніңше облыстарды географиялық орнына қарай үш аумаққа бөліп, үш АЭС салу керек. Бірақ, сол аймақтардың сұранысын нақты есептеп, бәріне бірдей жететіндей қуатпен электр энергиясын өндіретін АЭС пен оған керекті су қоймасын немесе жасанды көлдер салу керек. Мысалы, ең көп АҚШ-та – 100, Францияда – 58 энерго блок болса, әлемнің 31 елінде 440 реактор 370 ГВт энергия өндіріп жатыр. Оларда тіпті АЭС қалашықтары бар. Ал, Ұлттық құрылтайда Президент бізде тіпті бірде-бір ғылым қалашығы жоқтығына қынжылыс білдірді. Экономикалық дамуға осынша көңіл бөлініп жатқанда, өндірістік аймақтарда ғылыми қалашықтардың болуы құба-құп. Себебі Мемлекет басшысы ғалымдарды өндіріске жұмылдыруға ден қойған.
Президент тапсырмасына сәйкес ядролық кластер құру мақсатында бұрынғы Семей полигоны аумағында «Балапан» сынақ алаңы мен атом көлі шахталық іске қосу қондырғылары жұмыс істеп тұр. Атом энергетикасы және энергетикалық технологиялар бағытында ғылыми әзірленеді, термоядролық синтез саласында іргелі қолданбалы зерттеулер жүргізіледі, реакторларда арналған материалдар мен плазмалық разрядттар сынамадан өткізіледі. АЭС салуды қолға алған еліміз ядролық реакторлардың қалдықтарды қоршаған ортаға зиянсыз етудің жолдарын табады. Бұл жоба жүзеге асса, Қазақстан ядролық кластер қалыптастырған мемлекет ретінде танылады. Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деп, ядролық энергетика агенттігін құруға шешім қабылдады.
Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселе аймақтарды әділетті дамыту идеясы. Ел бойынша ауқымды әрі маңызды инфрақұрылымдық жоба аясында Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталмақшы. Жаңа жол салынса орталық пен батыстың арасын560 шақырымға қысқаратынын естіген жұрт қуанып жатыр. Әсіресе Торғай өңірінің тамырына қан жүгіріп, жаңаша дамуына жол ашылады. Сол сияқты Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салынатын боп жатыр. Мемлекет басшысы бұл жобалардың көлік қатынастарын реттеуге, сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға серпін беретінін, машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз еместігін атап өтті.
Машина жасау индустриясында Қытай озып барады. Десе де саннан гөрі сапаға мән берген жөн. Германия, Жапония көліктерінің сыны кетпейді. Ал, көлік кәсібін кейіннен бастаған Корея, Өзбекстанның өзі өкшелеп ізін басып келеді. Сондықтан Қазақстанға ертең ешкімнің сынына қалмайтындай мінсіз машина құрастыру қажет. Ұлттық құрылтайда Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылатыны айтылды. «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады.
Каспий теңізінің тек бекіресін жеп, мұнай айдау үшін пайдаланбай, Еуропаны жалғайтын тасымалдау дәлізіне айналу керек. Бұл жаққа туристік кеме тасымалын да тартуға болады. Еуропаға лайнермен круиз жасау үшін ағылып жатқандар бар. Каспиймен де неге круиз жасап қоймасқа, ең болмаса шекаралық елдерге саяхаттап қайтады. Әзірге тауар айналымы үшін Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабының құрылысы аяқталуға таяу тұр. Сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық, ал, Зайсан, Қатонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында ішкі әуежай ашылады деп күтілуде. Президент еліміздің көлік жолдары желісін жақсартудың маңыздылығына тоқталып, Каспий теңізінің ұлтанымен тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Шекара маңындағы аудандарда тіршілік қайнап жатуы тиіс. Алайда айналадағы ауылдардан сол баяғы сүреңсіз көріністі байқайсыз. Басқа елдің шекаралық аймақтары жайнап тұр. Мұндай жерлерде туризм мен сауда-саттыққа мән беру керек. Осы жұрттар Үрімжіге тек базарлату үшін емес әрі қарай бірер күн демалып қайту үшін де барады. Өзбекстан мен Ресейге де дәл солай. Ресейде мал шаруашылығы дамыған. Біздің шаруалар ол жақтан көбінесе жылқы, сиыр әкеліп, Өзбекстанға өткізеді. Солтүстік пен Шығыс Қазақстан мал мен егінге жайлы, сол сияқты орман өсіруге де қолайлы, ауасы дауа, табиғаты тамаша шекаралас облыстар. Оңтүстік өлкеде жер жетпей жатыр. Бүтін ауыл болып Солтүстік пен Шығысқа көш түзегісі кеп жүргендер жетерлік. Алайда шекаралық аймақтарда көші-қонға лайықты жағдай жасалмаған. «AMANAT» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынды. Осыған байланысты Президент Үкімет пен депутаттарға ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырып, шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтетінін, биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып жатқанын айтты. Соның арқасында бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есеге артып, транзиттік әлеуетін нығайтуға септігі тиеді. Ұлттық құрылтайда: «Қазір адамзат жаңа дәуірдің сипаты айқындалатын тарихи жолайрықта тұр. Алға қарай қарыштап дамуға Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Қазір жер шарының тұрғындары қартайып бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанды жас әрі білімді азаматтардың елі деп айтуға болады. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», – деді Мемлекет басшысы.
Қаншама қиындықпен халқымыздың отырықшы өмірге бейімделгенін, колхоздастыру мен тың игерудің қалай жүргізілгенін тарихтан білеміз. Бүкіл өндіріс, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы бүкіл тауар өндірушілер біткеннің бәрі мемлекет бекіткен статистикалық жоспарды орындау үшін 2-3 ауысымда жұмыс істеді. Нақты жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жүйелі барлық салада жүйелі даму қалыптасты. Агроөнеркәсіп өнеркәсіп саласы дамыған елдерде мемлекет ішкі-сыртқы нарыққа қажетті өнім өндіру үшін арнайы жоспар құрып, орындалуын бақылауда ұстап, жүйелі жұмыс істейді. Тіпті кей елдерде ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қойып, ауыл шаруашылығы өнімдері не экспорттамайды, импорттамайды да. Ең бастысы жүйелі даму үшін жоспарлы жұмыс істеуді бақылау әрі орындау керек. Сонда салаға салған қаржының да қайтарымы, жұмыстың да нәтижесі көрінеді. Ал, бізде қаржылай қолдау бар да, айтарлықтай даму байқалмайды. Себебі жүйе дұрыс жұмыс істемей келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге де мән беріп, маңыздылығын ескерді. Қазақстанның әлеуеті зор ауыл шаруашылығын тиімді пайдалануға шақырды. Ауыл шаруашылығын реформалап, «Ауыл» банкін ашып, қалаған адамның шаруашылықпен айналысуына мүмкіндік беру керек. Себебі ауылдарда бұл іспен айналысқысы келетіндер жетіп артылады. Осы уақытқа дейін агроөнеркәсіпке агрокорпорациялар мен қаржылық ұйымдар арқылы берілген қолдау қаржы ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетпеді. Бұл жайында Президент Ұлттық құрылтайда:
«Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына жеткілікті қаржы салынған жоқ. Бұл саланы жемқорлар мен алаяқтар иемденіп келді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс жасалып жатыр. Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс», – деді.
Терең өңдеу ісіне бетбұрыс жасалса, Қазақстанда жасалмаған өнім қалмас еді. Бізде шығын мен қалдық көп. Қытайда тіпті кептірілген мандариннің қабығы қымбат тұрады. Ал, бізде барлық жемістің қабығы қоқыста жатады. Неге оны малға жем немесе егінге тыңайтқыш ретінде пайдаланбасқа? Қазір жер тапшылық етіп жатыр. Осыған байланысты көрпеге қарай көсілетін тәсілдермен өнім өсіруге көшу керек. Жер көлемі аз елдерде бақша өнімдерін өсіруді мұнаралы гидропоника технологиясына жаппай көшіріп жатыр. Сондай-ақ, мал жайылымын да ауыспалы жайылымға ауыстыруда. Кезінде қазақ шопандары мал тұқымын асылдандырумен айналысып, жетістікке жеткен. Қазір пәлен жылдан бері шетелден асыл тұқымды малды қыруар қаржыға сатып алып жатырмыз. Сонда да асылданып кеткен малды көрмей келеміз. Бос шығын мен бос жүрісті доғарып, ақбас ангус сиырлар мен өзге де ұсақ малдың тұқымын өзімізде асылдандыруды жаппай қолға алу қажет. Селекциялық бағытты күшейтіп, мал шаруашылығын жоспарлы дамытуға кірісу керек. Қазір әркім өз бетінше әрекет етіп жүр. Салдарынан ішкі нарық жайына қалып, артығырақ пұл үшін көрші елдерге табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой экспортталып, ет бағасы аспандап кетті. Әркім өз отбасын асырау үшін кәсіппен айналысады десек те жоспарлы дамуды мемлекеттік деңгейде бақылауда ұстап, қолдау қажет. Тек олигархтарды байығанның үстіне байытпай, қарапайым шаруалардың шатқаяқтаған шаруасын түзеп, еңсесін тіктеу керек. Президент жұмысшы мамандар мен еңбек адамын қолдайды. Адами капиталды ойлайды. Орталықтан бөлінген қолдау елдің түкпір-түкпіріндегі жұртшылыққа жетсе, қолына қармақ тигені қарманып жұмыс істейді. Бір дем мен бір демеу күтіп жүрген халық көп. Мемлекет басшысының ел үшін игілікті бастамалары түгел орындалса, барлық салада оң өзгеріс болады. Ол үшін Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы билік пен халық бірлікте қарекет ету керек. Ұлы істерге бастайтын Ұлттық құрылтайда көтерілген игі бастамалар жалғасын таба берсін!
Қайрат Балабиев
Парламент Мәжілісінің депутаты