12 сәуір – Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан күні ғана емес, сонымен қатар тұңғыш зымыран ұшырылған орын – Байқоңыр космодромы туралы айтылатын күн. Бүгінгі таңда Байқоңыр өзінің ауқымы мен мүмкіндіктері бойынша әлі де әлемде бірінші орында. Оның аумағында әртүрлі зымырандарды ұшыруға арналған 15 старттық кешен бар.
Адамзат ғарышқа қазақ даласынан қадам басты
Фото: ашық ақпарат көзінен алынды
726
оқылды

Дәл осы жерден 1957 жылы алғашқы Жердің жасанды серігі – “Спутник-1” ғарышқа ұшырылды. Көп ұзамай оның артынан тірі жандар – Белка мен Стрелка иттері ғарышқа аттанды.

1955 жылы КСРО алғашқы құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізу үшін орын іздей бастады. Басты талап – кең әрі аз қоныстанған аумақ, теміржолға қолжетімділік. Дагестан, Астрахан, Марий АССР аймақтары қарастырылғанымен, соңында Қызылорда облысы таңдалды.

Таңдауға бірнеше себеп болды:

  • Ашық, бос кеңістік;
  • Шөлейтті, сирек қоныстанған жер;
  • Жылына 300 күннен астам күн ашық болатын қолайлы климат;
  • Экваторға жақын орналасуы.

Құрылыс нөлден басталды, топырақты жарып қазуға тура келді. Жоғары температура мен жел кедергі болды. Дегенмен, нәтижесі сол қиындықтарға тұрды.

1957 жылы 4 қазанда Байқоңырдан тұңғыш серік ұшырылды. Ал 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин алғаш ғарышқа көтерілді.

Байқоңырдан қанша ғарышкер ұшты?

Қазіргі деректерге сәйкес, Байқоңырдан 150-ден астам ғарышкер ұшырылған. Олардың қатарында қазақстандықтар Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар.

Биыл, 8 сәуірде Байқоңырдан “Победа” зымыран тасығышы сәтті ұшырылып, “Союз МС-27” кемесін орбитаға шығарды. Экипаж құрамында – Ресей ғарышкерлері Сергей Рыжиков пен Алексей Зубрицкий және NASA астронавты Джонатан Ким. Олар Халықаралық ғарыш станциясына бағытталған және онда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. 

Байқоңырда түрлі буынның баллистикалық зымырандары мен “Восток”, “Молния”, “Восход”, “Союз”, “Циклон”, “Зенит” сияқты тасымалдаушылар сынақтан өтті. Мұнда сондай-ақ “Луна”, “Марс” сияқты ғаламшар аралық автоматты станциялар және көптеген серіктер ұшырылған.

Қазақ ғарышкерлері

  • Тоқтар Әубәкіров – 1991 жылы, Гагарин ұшқаннан кейін тура 30 жыл өткен соң, алғашқы қазақ ғарышкері ретінде ғарышқа аттанды. Экипажда Александр Волков (РФ) және Франц Фибек (Аустрия) болған. Орбитада 7 күн 22 сағат 13 минут болған.
  • Талғат Мұсабаев – 1994-2001 жылдар аралығында үш рет ғарышқа ұшқан, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бір сапарында бір тәуліктен астам уақыт ашық ғарышта болған.
  • Айдын Айымбетов – 2015 жылы ғарышқа ұшып, ХҒС құрамында шамамен 10 күн бортинженер ретінде жұмыс істеді.

1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін, Байқоңыр Қазақстанның қарамағына өтті. 1994 жылы Қазақстан мен Ресей арасында 20 жылға аренда келісімі жасалды. 2021 жылы бұл келісім 2050 жылға дейін ұзартылды.

Ресей жыл сайын 115 миллион доллар төлейді. 28 жыл ішінде Қазақстан Байқоңырдан 3,2 миллиард доллардан астам кіріс тапқан.

Байқоңыр туралы қызықты деректер

  • Қала Қызылордадан 255 шақырым жерде орналасқан, жол 3 сағаттай уақыт алады.
  • Халық саны – 57 мың. Оның ішінде 40 мыңы – қазақстандықтар, 15,5 мыңы – ресейліктер, 1,5 мыңы – өзге ел азаматтары.
  • Байқоңырда теңге мен рубль қатар қолданылады.
  • Дүкендерде бағалар рубльмен көрсетілген, бірақ төлемді теңгемен де жасауға болады.
  • Туристік сапармен келіп, зымыран ұшырылымын көру – 300 000 теңге шамасында (Қызылордаға дейінгі жол шығынын қоспағанда).
  • Байқоңырдан «Союз-2.1а» зымыраны 3,5 сағатта орбитаға көтеріліп, Жерді толық бір рет айналып шыққан.

 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.