Әдеби үрдіс – үзілмейтін процесс. Қоғам дамыған сайын әдебиет те қарқын ала түседі. Қазіргі көркем әдебиеттің дамуы жаман емес. Тек сын жанры кенжелеу қалып тұр. Қалам ұстағанның бәрі ақын не жазушы емес. Оны елеп-екшейтін сыншылар болады. Бірақ бүгінгі сын – шын ба? Бұған белгілі сыншы, әдебиеттанушы Анар Қабылқақтың бүгінгі ойы қандай? – «Қазақ әдебиеті әлем әдебиетінен өз орнын таба алмай жүр» дейді, осы оймен келісесіз бе?– Әлем әдебиеті дегенде, біз тағы да дамыған батыс елдерін елестетеміз. Себебі, ол – дамыған, орныққан нарықтық жүйе, сәйкесінше, әдебиет те нарықтық болып саналады. «Нобель», «Букер», т.б. татымды әдеби сыйлықтар да сол жақтан. «Нобельді» алсаң – өзіңді жазушы ретінде әлемге дәлелдегенің. Қазақ әдебиеті КСРО құрамында болғанда, 70 жыл «тұншықты», егемендік алған кейінгі 30 жылда дүниенің бәрі нарыққа көшіп жатса да, әдебиет саласы мемлекетке жалтақтауын қойған жоқ. Егер осыған дейін сол межені көздемесе, ол қай уақытта әлем әдебиеті көшіне ілеспек? Бірақ әлі де кеш емес, бәрі алдымызда деп ойлаймын. Біз әлемдік әдебиет нарығына шықсақ, бірінші кезекте Абай арқылы шығуымыз мүмкін. Себебі, Абай ойы – цензура, идеологиялық астардан ада, саф таза ой. Оны таңғажайып көркем образбен, лириканың тылсым құдіретімен әдіптеп бергенде, тіптен шедевр болған да шыққан. Қазір Абайды оқып жатыр едім, бәлкім содан аузыма түсіп отырған шығар. Бірақ хәкімнің: «өзіңді өзгерт – санаңды өзгерт», «мал тап – ақша тап», «бай бол – ешкімге тәуелді болма», «ең құнды нәрсе – уақыт», т.б. ойлары бүгінгінің коучтарынан күнде естіп жүрген нәрселеріміз емес пе? Неге дәл Абай арқылы әлемдік әдебиетке шығуымыз керек екендігін дәлелдеп беретін себептерді көптеп келтіруге болады.
– Абай арқылы қазақ әдебиеті бере алатын озық ойды әлемге таныта алдық дейік, бірақ ол мойындату бірізді болуы керек емес пе? Ол үшін не істеу керек?
– Қазіргі талантты жастардың шығармаларын аудару және оларды сол деңгейде жоспарлы түрде таратып һәм насихаттағанда бұл мақсатқа жетуге болады.
– Ондай таланттар бізде бар ма? Болса, олардың сол деңгейге шығуына не жетпейді?
– Таланттар бар, оларға старт алатын платформа жетпейді. Жалпы, қазір бізде жазушы да, ақын да жоқ, тек авторлар бар дер едім. Бізде қолына қалам ұстаған авторлардың құқығы қорғалмаған, біреу бір тың жол, жаңа форма тапса, оның өңі айналдырылған көшірмелері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетеді. Сондықтан, «мынау талант еді» деп айта алмайсың. Екіншіден, олардың гонорары еш шешілмеген, сондықтан әртүрлі жұмыстардың бір-бір тізгінін ұстап алған – тамақ ішіп, отбасын асырау керек қой! Көп ретте тілшілікте, кеңседе отырады. Ал публицистика – көркем әдебиеттің ең басты жауы. Түпкілікті отырып жазу үшін талантты авторларға шығармашылық гранттар бөлінсе дейсің, бірақ біздің заманда оны да «пысықтар» қағып әкетуі мүмкін. Онсыз да әдеби салада жүргендердің көбі егемен ел болған 30 жылда өмірін шығармашылыққа емес, әдеби сыйлық, жүлде алу жолында босқа сарп етті. Бұл бір босқа кеткен уақыт!
– Ақын, жазушы атын алу үшін басқа ештеңеге көңіл бөлмей, бірыңғай жалғыздықта жұмыс істеу керек дейсіз ғой?
– Дәл солай!
– Бірыңғай шығармашылыққа өмірін арнаған кәсіби жазушылар бізде жоқ емес қой?
– Бар, бірақ саусақпен санарлық. Бәлкім, оларға басқа нәрсе жетіспей жатады...
– Сонда не?
– Өсу, даму, жаңа деңгей, бәлкім, пиар, насихат, кең көлемде шығармаларын сату, оқырман жинау, т.б. жолында тер төгу.
– Авторлардың, өзіңіз айтқандай, құқықтары қорғалып, материалдық жағынан қиыншылық көрмеуі үшін қандай әрекет керек?
– Әдеби агентпен жұмыс істегендері дұрыс.
– Дәл осы әдеби агент қызметі туралы сұрайын деп едім, қазіргі таңда көптеген елдерде орныққан бұл ұғымының біздің елде орнықпауына не себеп?
– Көрші Ресейде алғашқы әдеби агенттік 1991 жылы құрылыпты. Сол себепті, қазір олар әлемдік әдеби нарыққа суда жүзген балықтай араласып, шаш етектен пайдаға кенелуде. «Меломан» кітап сату желісінде Ресейден шыққан кітаптардың толып тұруының себебі – осында. Олар нарықтық есеппен «өтеді-ау» деген шетелдік кітаптарды аударып ұсынады, сол сияқты, кітаптары өтімді өздерінің белгілі авторлары бар. Нарықтың бірінші заңдылығы – сату. Ал біз 500 кітапты баспаға өзіміз ақша беріп шығартып, ап-ауыр жәшіктерді қисайып, зорға көтеріп бара жатамыз. Не ол кітапты сатып қарқ қылмаймыз. Сөйтіп, үйдің бір бұрышында, балконда, подвалдарда шаң басып тұрады әлгілер.
Әдеби агент те құдай емес, бұл жерде ең алдымен, кітапты шығаратын баспаның коммерциялық қызығушылығы болуы керек. Баспаға талантты жазушыларды тауып беретін – әдеби агент, сол сияқты ол пиар, насихат жасайды, сату желілерімен келіседі, бұл үшін өзінің 20-30 пайыз ақшасын алады.
Біз ақырындап осы жүйеге көшіп келе жатырмыз, мысал ретінде, Алмас Шәйкеннің «Қазына» баспасын, Айжан Тәбәракқызының «Қаламгер» баспасын келтірер едім. Мәселен, «Қазына» баспасынан тәуелсіз әдебиетіміздің классигі Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы, бүгінгі танымал жазушылардың бірі Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» кітабы жарық көрген болатын. Ал «Қаламгер» баспасынан Аягүл Мантай, Шынар Әбілда, Дәурен Берікқажыұлы, Қалқаман Сарин, мықты ақын қызымыз Айжан Тәбәракқызының өзінің кітаптары шықты және байқауымша, ол кітаптарға сұраныс көп.
– Жазушы Дидар Амантай бір сұхбатында «постмодернистік құбылыстардың салдарынан білім жойылып, ақпарат алға жылжығанын, әннің өзі фонограммаға айналғанын, жазу-сызу технологияға айналып бара жатқанын» айтады. Сіздің ойыңызша, постмодернистік құбылыстардың тағы қандай кемшін тұстары бар? Жалпы, постмодернистік шығармаларға деген көзқарасыңыз қандай?
– Постмодернистік шығармаларға көзқарасым оң, бұл құбылыстарды кемшін деп емес, ескінің жаңаға алмасуы деп түсінемін. Постмодернистік кезеңде өмір сүріп отырғаннан кейін оны сынағаннан гөрі, проблеманың жауабын іздеген дұрыс шығар. «Зар заман» жыршылары бізден бұрын да болған, біз ол замандармен салыстырғанда, салдардың себебіне анықтама бере алатын, көзі ашық, оқыған жандармыз ғой. Алайда біздің қашан да бір қадам кейін жүретініміз рас, егер уақыттың өзі мәжбүрлемесе, жаңалыққа, әрекетке өзіміз бірінші болып құлаш ұруымыз екіталай. Қазіргі әдеби ортаның постмодернизмді мойындамайтынын байқаймын, ал күллі әлем бұл уақытта климаттың өзгеруі, қаржылық дағдарыс, жаңа технологиялардың жылдам дамуы, т.б. соң, ендігі постмодернизм дәуірінен кетіп, метамодернизмге табан тіредік деп отырады, мұны сонда өз кесімді шешімімізбен қалай сәйкестендіреміз?! Адам баласы ойлап тапқан жойқын қарулар үрей, қорқыныш, өлімнен өзге болашақта ештеме бермесін түсінген кезде адамзат ізгілікке, біртұтас идеяға, т.б. деген сенімін бір-ақ сәтте тәрк еткен. Постмодернизм сол тұстан басталды. Алдымен, философия жойылды, қазір философиялық ой, ойшылдық қасиеті өткен ғасырлардағыдай бәрінен биік, үстем емес. Салдарынан гуманитарлық институттар, терең білім, т.б. жоқ болды. Бірақ таңдау – бұрынғысынша адам эгосында, бүгінгі «постмодернистік адам» жазушы болам деген шешім қабылдаса, оған ешкім қой дей алмайды, жазу-сызу техникасын меңгеріп алса болды, бір түсініксіз қойыртпақты шығару оңай. Онысын бір-екі рет «Мынау ғажап дүние!» деп жарнамаласа, көпшіліктің сенуі оңай. Әнді өткізу үшін фонограммаға жүгіну де постмодернистік кезеңде қалыпты нәрсе. Себебі, публиканың өзі соны қалайды, тобыр қалап тұрса, сұранысты неге қанағаттандырмасқа? Бұған кінәлі ешкім де емес, ал Дидар Амантайдай ойшыл зиялыға кезеңін өзгертетін шығармаларын жазып, өз миссиясын абыроймен атқарып отыру ғана қалады. Тек уақыттың өтуін, сананың өзгеруін сабырмен күту керек, басқа ештеме емес.
– Философияда элей, милет, эпикуршылдар мектебі сынды мектептер бар. Тіпті, қазақтың дәстүрлі ән өнерінде де Арқа, Батыс, Сыр өңірлерінің өз мектептері бар. Тағы сол секілді, мысалдар көп-ақ. Ал, қазіргі әдеби сында ше? Мектеп қалыптасып үлгерді ме? Қалыптасып үлгерсе, кімнен және қай ғасырдан бастау алуы мүмкін?
– Сын тарихын зерттеген жоқпын, қазір кімдердің зерттеп жүргендерін де білмедім. Зерттемеген себебім, бәлкім, қызықтырмағандығынан шығар.
– Дегенмен, сізді сыншы дейді ғой...
– Оқыған шығармаларыма кейде әлеуметтік желі арқылы пікір білдіріп отырамын, кейде мақала жазамын, сол себепті мені «сыншы» деп атайтын шығар. Бүгінгі әдебиет алғаш егемендік алған кезде еліміз таңдау жасаған нарықтық жүйеге сай дамымаған соң, бізде көп нәрсе кешеуілдеп қалды. Соның бірі – сын саласы. Сынға сұраныс болмағаннан кейін дәл қазір сын садағын асынғандар саусақпен санарлық дер едім. Бірақ сын – тірі, ол ешқашан қалғып кетпейді. Себебі, көркем дүниені көп оқыған, шығарма табиғатын түсінетін, әдебиеттің жілігін шағып майын ішкендер арамызда баршылық. Сын керек болса, солардың кез келгені барды – бар, жоқты – жоқ деп, анықтап бере алатыны анық. Тек оларға сұраныс болуы керек.
– Өнерде не құнды? Өмірдің жарқын сәттерін, болмаса, көлеңкелі тұстарын көрсету ме?
– Кез келген өнер – құнды. Кейбіреуі уақытында бағаланбаса, соңыра уақыт өте мойындалып жатады. Өмірдің жарқын сәттері көрініс берсе – позитив көңіл-күй сыйлары анық. Көлеңке тұстары көрсетілсе – «өмір ғой» деп, оны да қабылдаймыз. Ал әдеби шығармада баланс керек, егер кейіпкер мұратына жетпей, бірыңғай өле берсе, ондай шығарманы қашанғы оқисың?
Әдебиет – бізге белгілі бес түрлі өнердің бірегейі. Ол топтық, ұжымдық жұмыс емес, жекенің жұмысы. Жақсы шығарма жазу үшін талант, мінез, еңбекқор болу жеткілікті. Біз таңдау жасаған өнердің түрі – сөз өнері болғандықтан, сөзге сақ болуымыз керек. Әсіресе, жас ақындарға айтарым, бақытсыздық, қайғы-қасірет, жалғыздық туралы жөнді-жөнсіз жазуға болмайды, себебі, сөз – адамның болашақ тағдырын айқындайтын қуатты энергия дер едім. Жастар, меніңше, позитивті, махаббатты, көктемді жырлауы керек. Қырықтан асқандар, керісінше, махаббат деп үздігуді қойғаны жөн, шын ойлы жан болса, бұл жаста жазатын тақырып жетіп артылады.
– Жастар әдебиеті жайлы не айтар едіңіз? Соңғы уақытта жастардың арасынан шығармасын оқыған кезде көңіліңіз толған жазушы не ақын болды ма?
– Прозаны қаузап бастағаннан кейін осы жанрда жазып жүрген жастарды айта кетейін.
Әлібек Байбол деген талантты жасты оқып тұрамын, микроәңгімелер және тұрмыс парадокстары циклында жазады. Зерттеу, сын мақалаларды да қоса алып жүреді, еңбекқорлығына тәнтімін. Әлібекте мен ұнататын сөзді үнемдеу, ой және форма бар. Бақытгүл Сәрмекова деген атыраулық жас жазушыны білетін шығарсың? Бақытгүл сан мезеттен тұратын өмір көріністерінің көркем тізбегін жасауды сүйеді: ол жерде сурет те, көркем образ да, білінер-білінбес сарказм да, амбициялық шешім де бар. Жақында Досхан Жылқыбай, Есбол Нұрахметті оқыдым. Екі автор да бүгінгі кезең шындығынан сюжет жасайды, екеуінің де кейіпкерлері бір сұрықсыз шеңберге өз еріктерінен тыс қамалғандай әсер береді. Бұл – сана шеңбері, жүйе, тағдыр, т.б. шеңбері болуы мүмкін. Досханның «Квант» әңгімесі аса әсерлі. Бірден Том Тыквердің «Жүгір, Лола, жүгір» фильмі ойыма оралды. Досханның кейіпкерлері Бек пен Ками – жарқын болашаққа қол ұстасып бірге баруды мақсат еткен жастар. Екі жастың алдынан жолығатын кедергілер, бір қарағанда, болмашы сияқты, бірақ өздері үшін мәні орасан, Досхан сол проблемаларды шешу жолында екеудің тура жолдан тайқып кетуі мүмкін екендігін бірнеше ықтимал вариантта ашып көрсетеді. Автор өмірдің өзі қойған әртүрлі қақпандарға кейіпкерлерін түсірмей, аман алып шығуды мақсат еткендей.Сендіретіні, сол ықтимал варианттардың бәрі де – өмір шындығы. Досханның «Бокетто» әңгімесі де ұнады: кейіпкерлері алаяқтыққа жем болғанымен, ол жерде мықты бір образ бар – міне, сол «ортаншы қыздан» «қорқу» керек, ол «ертең өскенде бәрінің есесін қайтаратын» сияқты көрінді.
Есбол әңгімелері мұқият жиналған пазл тәрізді әсер қалдырады екен. Онда да қазіргі өмір шындығы боямасыз берілген соң, жаныңа мұң ұялатады. Кейіпкерлерінің түкке алғысыз тірлігі, өз өмірі алдындағы жауапсыздығы, өзін-өзі алдауы – бірінің де «табанының бүдірі жоқ» тағдырлар екендігін мойындататындай. Ең қызығы, бұл жерде Құдай бар...
Досхан да, Есбол да өз шығармаларында «тағдыр – ойынды сүйеді» дегісі келетіндей. Екі автор да маған ұнады. Осы авторларды оқуды ұсынғаның үшін, Алтынбек, саған көп рахмет!
– Лев Толстой айтады: «әр адам Адамзатты іштей өзгерткісі келеді, бірақ, өзін өзгертуді ойламайды», – дейді. Кеткен кемшіліктерден сабақ алып, өзіңізді өзіңіз қаншалықты өзгерттіңіз?
– Мен көз жеткізген ақиқат – адамның шексіз энергиядан тұратындығы, ой мүмкіндігінің жойқындығы, өз өмірін өзі басқара алуы. Мүмкін болса, адамды, қоғамды, бүкіл адамзатты сәт сайын тобырға айналдыруды мақсат еткен нейролингвистикалық психологияның торына шырмалып қалмау үшін жанталасу керек. Мысалы, Абай адамзатты өзгерте алатын шедевр жаза алды. Оны тәпсірлеп бере алмай жүрген біз – кейінгі ұрпағы осалдық танытып жүрміз. Себебі, санамыз азат емес, үнемі әйтеуір бір қоқыспен толып тұрады. Өзіңізді қаншалықты өзгерттіңіз десең, осы өмірде маңдайыма жазылған тағдырлы оқиғалардан, ауыр қайғыдан, сол сияқты, кішкентай жеке қуаныштардан кейін көп өзгердім деп ойлаймын. Өзгеру – бұл фәниді тастап кеткенше жүре беретін процесс.
– «Ақын да, жазушы да бола алмағандар сыншы болады» деген түсінік қаншалықты рас яки жалған?
– Ақын, жазушы не сыншы болу – адамның өз таңдауы. «Тәңірінің берген өнері көк бұлттан ашылса» – кім саған «жазба» деп тыйым салады? Алайда, «мен – гениймін!» деу үшін де, жақсы мағынасында, аздап әумесер болу керек. Сенім – мақсатқа жеткізеді, сенімсіздік – керісінше... Кейбір керемет таланттар өз жазғандарына көңілдері толмайды. Сол сияқты, атағың жер жарып кету үшін де сәттілік пен тағдыр ақжолтай болады деп ойлаймын. Алтынбек-ау, бұл дүниенің тылсымдарын кім ұққан?!
– Әңгімеңізге көп рахмет!