Марқұмның туыстары Сағындықтың кісі қолынан мерт болғанына сенімді. Себебі олар бозбаланың денесінен ұрып-соғу белгілеріне ұқсас дақтарды көріп, Ақтау қаласына сараптамаға әкелген. Ал марқұмның достары ауылда «старшактар» бар екенін мойындаған. Олардың айтуынша, сол күні «старшактар» бұларды қатарға тұрғызып, кезек-кезек ұрған. 17 жастағы Сағындық сол кезде жерге құлап түсіпті. Достары оны дәрігерге апарған. Медицина маманы оның қайтыс болғанын растаған. Aikyn.kz бұл туралы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы оқиға қатысы бар күдікті ұсталған.
– Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді. Оның соңы адам өліміне әкеп соқты деген дерекпен (ҚР ҚК-нің 196-бабы 3-бөлігі) күдікті ұсталды, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, қайтыс болған оқушы – ата-анасының жалғыз ұлы. Марқұм биыл 11-сыныпты бітіріп, химия-биология бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген екен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.