Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Халық қаһарманы, күйші әрі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған көшпелі концерт ұйымдастырды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға оркестрдің толық құрамымен қатар, Тахауи Рахметов пен Бибігүл Қылымхан секілді танымал өнерпаздар қатысты. Мәдени іс-шараның мақсаты – Алматы тұрғындары мен қонақтарының ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттыру.
Қазақ музыка мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы – халықтың рухани мұрасы, бай қазынасы. Композитордың 100 жылдығына арналған іс-шара биыл 24 қаңтарда Ұлттық оркестр ұйымдастырған ауқымды концертпен басталған болатын. Қазіргі уақытта композитордың мерейтойы ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдардың қолдауымен әлемдік деңгейде аталып өтуде.
Айта кетейік, ТҮРКСОЙ – Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы 2025 жылды Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы деп жариялаған болатын. Жыл бойы мерейтойға арналған мәдени іс-шаралар жалғасын табатын болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз