Басында септик ретінде қазылған бұл шұңқыр бір жылдан бері ашық жатқан.
Шымкентте 6 жастағы бала кәріз құдығына құлап, көз жұмды
501
оқылды

Шымкент қаласында 6 жастағы бала кәріз құдығына құлап, көз жұмды. Сорақысы да сол, шұңқырдың беті бірнеше жылдан бері ашық жатқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 2 күн бұрын болған. Бірінші сыныпта оқитын бала ашық жатқан шұңқырға құлап түскен. Келмеске кеткен немересінің бейнесіне үңілген әже бұлай болғанына сенер емес. Ал анасы «ұлым сасық суға тұншығып өлді» деп зар илеп отыр.

 «Екі қолы сірескен күйі қатып қалыпты. Аяғы бүгілген күйі. Үш метрдей терең су. Үлкен адам да ол шұңқырға түссе шығуы қиын. Лайшық су ғой ол», – деді анасы.

Басында септик ретінде қазылған бұл шұңқыр бір жылдан бері ашық жатқан. Оны қоршау былай тұрсын, ескерту белгісі де қойылмаған. Тұрғындар талай рет әкімдікке шағымданғанымен, бұл мәселе шешілмеген. Баласының амандығына алаңдаған халық енді ашуға булығып отыр.

 «Нәжіс су. Терезелерді ашқан кезде иісі бұрқ ете қалады. Кімге хабарлассақ та «соттасып жатырмыз» дейді. Соты қашан бітеді? Әкім қайда қарап отыр?» – деді қала тұрғыны Әлия Суанова.

Халықтың айқай-шуынан кейін оқиға орнына әкімдік өкілдері де келді. Алайда нақты шешім де, мардымды жауап та айтылмады. Атқамінерлер мәселеге мердігер мекеменің кінәлі екенін айтумен ғана шектелді. Ал  шұңқырдың беті тек бір аптадан кейін ғана жабылатын көрінеді.

 «Мердігер 2 мекеме бар еді. Ирригациясын істеген «Ақжол» деген компания. Кәріз желісін 2020 жылдан бастап «Азия РС» деген компания істеген. Мердігер мекеме істеуі керек еді. Бірақ сотталып кетті. Сондықтан суды тартып, құбырды тексергеннен кейін бетін жауып кетеміз. Қосымша қоршаулар болса, қоршаймыз», – деді Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы бөлімі басшысының м.а. Асқар Әшіров.

Полиция бұл жайт бойынша қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Ал қара жамылған отбасы кінәлілер тиісті жазасын алғанын талап етіп отыр.