Іс-шара «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Бұл маңызды шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Тұран аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Бақтыбай Алипов, Шымкент қаласының №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, сондай-ақ GOLDEN FISH жеке жүзу мектебінің жетекшісі, жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Анастасия Прилепа болды. Қонақтар жас спортшыларға ізгі тілектерін білдіріп, олардың жеңістеріне ортақтасып, марапаттарды табыстады.
Фестиваль аясында инклюзивті хореография және жас таэквондошылардың өнер көрсетулері өтті. Бұл тек спорттық жарыс емес, рух, табандылық және өзіне деген сенім мерекесіне айналды.
Іс-шара «САЛАМАТТЫ БОЛАШАҚ» республикалық әлеуметтік жобасы аясында өткізілді. Бұл жоба 2018 жылдан бері Қазақстан бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1100-ден астам баланы қамтып келеді.
Шымкент қаласында жоба бес жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде ол балалардың спорттағы ғана емес, өмірдегі де табысына жол ашып, әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсететін маңызды платформаға айналды.
Жобаның негізгі мақсаты – «Шекарасыз спорт» қағидасын ұстана отырып, баршаға бірдей мүмкіндік жасау. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тегін бейімделген және инклюзивті спорт секцияларын ашу арқылы оларды спортқа тарту, жаңа достар табуға және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау көзделген.
Бұл игі істің бас демеушісі – Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Мерекелік атмосферада өткен фестиваль жас спортшылар мен олардың ата-аналарына шынайы қуаныш пен шабыт сыйлады. Әрбір қатысушының жарқын жетістігі – тек жеке жеңіс қана емес, бүкіл қоғамның бірлескен жетістігі.