«Облыстық спорт басқармасының жаңа басшысы «Атырау» футбол клубына түсініксіз себептермен ақша төлемей келеді. Еден жуушыдан бастап, клуб футболшылары бірнеше айдан бері ақшасыз жүрміз. Несие төлеп, отбасын асырап жүрген адамдармыз. Облыс басшысынан осы мәселені шешіп, жалақымыздың төленуін шешіп беруін сұраймыз», – деген еді футболшылар бейнеүндеуде. Осыдан кейін облыстық прокуратура іске кірісіп, тексеріс жұмыстарын бастап кеткен болатын.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметтеріне сәйкес, Атырау облыстық прокуратурасы сенімгерлік басқарушылардың клуб алдындағы міндеттемелерін орындамағанын анықтаған.
Негізгі проблема – тиімсіз басқару, артық шығындар және төмен спорттық көрсеткіштерге қатысты болып отыр. Сонымен қатар клубта легионерлер саны көбейген. Сәйкесінше, жергілікті спортшылардың саны азайып барады.
«Атап айтқанда, сенімгерлік басқарушылар тарапынан клубты басқару, қаржылық есептілікті ұсыну бойынша талаптар жүйелі түрде бұзылып келген, шығындарды негізсіз асыра бағалау, ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамының жоғары жалақы алу фактілері, сондай-ақ спорттық көрсеткіштердің төмендігі сияқты проблемалар анықталып отыр. Клубтың ішкі қаржылық операциялары басқарманың алдын ала келісімінсіз жүзеге асырылған. Шетелдік ойыншылар санының артуы да бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын көрсетеді», – делінген Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Прокуратура анықталған бұзушылықтарды жою және жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұйғарым шығарды. Белгілі болғанындай, қазір жергілікті билік клубты мемлекеттік меншікке қайтару үшін жұмыс істеп жатыр.
Бейнеүндеудің жарияланғанына бір аптадай уақыт өткеннен кейін «Атырау» футбол клубы өзгерістер болып жатқаны туралы әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жазды.
Қазір «Атырау» футбол клубының сенімгерлік басқару құрылтайшылары Жасын Хабибуллин мен Сержан Манасов өз еркімен қызметтерін тастап кеткен. Олардың орнына Темірхан Сәрсенов, Дияс Елеусінов есімді жаңа адамдар келді. Сонымен қатар клубтың бас менеджері Манарбек Ержанов өз еркімен қызметін босатты. Оның орнына 32 жастағы Дидар Сыдықбек тағайындалды. Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, қазір клубты мемлекет меншігіне қайтару процедуралары, ойыншылар мен қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеу мәселесін шешу шаралары жүргізіліп жатыр.
Ашық дереккөздерде жарияланған мәліметтерге сенсек, «Атырау» футбол клубының бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануы туралы эпизодтардың қысқаша хроникасы мынадай: 2023 жылдың ақпан айында футболшының тасымалы үшін 500 мың еуро жұмсалған. Бір қызығы, оның 420 мың еуросы үшінші тұлғаға (Ресей Федерациясының азаматы) негізсіз аударылған. Осыған ұқсас эпизод 2024 жылғы желтоқсан айында да болған. Қазақстандық футбол федерациясынан алынған 65 млн теңгенің 20,4 млн теңгесі негізсіз есептен шығарылған. 30 млн теңге жеткізілмеген тауарлардың қызметі үшін аударылған. Және бастапқы құны 300 мың теңге тұратын кір жуғыш машинаны футбол клубы 1,8 млн теңгеге сатып алған.
Өкінішке қарай, спорт саласында болып жатқан жемқорлық фактілері – бір ғана Атырауда емес, Қазақстан бойынша ішінара болса да тіркеліп жатқан жағдай. Мәселен, бұған дейін БАҚ-та Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тендер ұтып алған компаниялардың құрылыс сапасын қасақана төмендетіп, қаржының бір бөлігін жымқырғаны туралы ақпарат тараған болатын. 2020 жылы Қаржы мониторингі агенттігі Атырау облысында 7 миллиард теңгеден астам қаржының спортқа бөлініп, тиімсіз жұмсалғанын мәлімдегені де ұмытыла қойған жоқ.
2021 жылы Алматы облыстық Спорт басқармасының басшысы 5 млн теңге пара алғаны үшін ұсталса, 2022 жылы Павлодар облысында спорт мектебі директорының спортшылар тізіміне «өлі жандарды» қосып, жалақы мен стипендия алып отырғаны әшкере болды. Осыған ұқсас ақша жымқыру оқиғалары «Атырау» футбол клубында да жалғасын тауып отырғаны бюджет қаражатына тиісті деңгейде бақылау жетпей жатқанын көрсетеді.
Баян ЖАНҰЗАҚ