Түркістан облысы бойынша Жеңістің 80 жылдық мерекесін небәрі 9 соғыс ардагеріне ғана қарсы алу бұйырғалы отыр. Амандығымен арамыздан табылған соғыс ардагерлерінің екеуі – қасиет қонған Қазығұрт баурайының тұрғындары.
Ел құрметі ерекше
286
оқылды

Өндіріс елді мекенінің тұрғыны Жұмабаев Әкімбай ақсақал биыл 102 жасқа жетіп отыр. Майданға 1942 жылы алынып, соғыстың ең ауыр бөлігі, қайғы мен үмітке толы кезеңі – Сталинград шайқасына қатысқан. Осы шайқаста майданның алғы шебіне көмек қолы ретінде жіберілген 122 атқыштар бри­гадасының құрамы Волга өзенін жүзіп өту барысында жаудың қарша боратқан снарядтарының астында қалады. Талай тағдыр үзілген сол шайқаста Әкімбай ақсақал ауыр жарақат алып, 1943 жылға дейін госпитальға жатқызылады. Сол жылы туған еліне оралып, 40 жыл бойы табан аудармай туып-өскен Тұрбатта­ғы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. Бүгінде ақсақал 4 ұл, 2 қызы, 21 немере, 6 шө­бере, 2 шөп­ше­гінің қызығын көріп отыр. 

Ал осы ауданның тумасы, Сынтас ауылының даңқты ардагері Анарбай Мырзахметов ақсақал биыл 99 жасқа шығады. Соғысқа 1944 жылы өз еркімен аттанған жауынгер Семей қаласында бір айлық дайындық курсынан өтіп, содан Польшаның Варшава қаласы­на барып, 1-ші Беларусь фронтында бол­ған. Украи­на майданында жүрген қиян-кескі шай­қастарға қатысқан. Польша­ның Вар­шава қаласын, Германияның Магденбург, Бланкенбург, Берлин қалаларын азат ету әскери опера­ция­ларына да қаты­сып, жауынгерлік ше­берлігін көрсете біл­ген. «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» ме­дальдарымен наград­тал­ған. Соғыс біткен соң Ресейдің Ива­­нов қаласында Әуе-десант әскерінде әскери борышын өтеп, 1950 жылдың қазан айында елге оралады. 1950 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, туған жеріне келіп, ұзақ жылдар бойы «Жа­ңатұрмыс» ұжымшарында ферма мең­герушісі, жүргізуші болып еңбек еткен. 3 ұл, 7 қыз өсіріп, 48 немере, 92 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отыр. 

Жеңіс жауынгерлерінің ерлік жо­лы – кейінгі толқын ұрпақтарға мәңгілік үлгі-өнеге. Жауынгерлік парыз, Отан алдындағы борыш, елдің тұтастығына қорған болу – мәңгілік ескірмейтін құн­дылықтар. Ұрпақ тәрбиесі ісінде ұлты­мыздың қаһармандық үлгі-өнегесін көр­сеткен осынау батыр аталарымызға әрқашан ел құрметі ерекше.

Н.НАЗАРБЕК