Отырысқа Қоғамдық палата мүшелерімен қатар Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева бастаған депутаттар, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапты өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бизнес және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Жиын басталмас бұрын Айдос Сарым 2024 жылғы қараша айында Алматы қаласында өткен Салық кодексі жобасын талқылауға арналған алдыңғы отырыста әлеуметтік саладағы салық салу, қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС), арнайы салық режимдері (АСР) сынды негізгі мәселелер көтерілгенін еске салды. Бұл жайттар Қоғамдық палатаның ұсынымдарында көрініс тапқан болатын. Аталған сұрақтарға уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жауаптар алынды.
– Мемлекет басшысы ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемесіне сараланған тәсіл қолдану жөнінде тапсырма берді. Үкімет осы және басқа да бірқатар мәселе бойынша Мәжіліске ұсыныстар енгізді. Бұл жаңа салық заңнамасының тұжырымдамасы мен тәсілдерін айтарлықтай өзгертті. Сәрсенбі күні Мәжіліс кодекс жобасын бірінші оқылымда қарады. Көптеген сұрақ қойылды. Кодекс пен оған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, – деді Айдос Сарым.
Депутат Салық кодексін әзірлеу мен қабылдау Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Қазір Кодекс бірінші оқылымда талқылағаннан кейін тағы бір нақтылап, ең маңызды нормалар бойынша бірыңғай ұстаным қалыптастыру қажет.
Жиынға қатысушыларды жаңа Салық кодексі жобасының негізгі жаңалықтармен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов таныстырды.
Отырыс барысында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерге тоқталды. Солардың бірі – ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру жайы.
– Мемлекеттік қаржыландырудан тыс медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге 10 пайыз мөлшерлеме енгізу – Мәжіліс депутаттарын ерекше алаңдатып отырған мәселенің бірі. Әлеуметтік маңызы бар медициналық тауарлар мен қызметтердің кеңейтілген тізбесі бойынша жеңілдіктерді сақтау мәселесін әрі қарай талқылау қажет деп санаймын, – деді депутат.
Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы жеңілдіктер, құрылыс компанияларына ҚҚС бойынша жеңілдіктің жойылуы және салықтық тәуекелдерді басқару жүйесінің ашықтығын арттыру мәселелері де түйткілді тақырыптар қатарында қалып отыр. Жалпы алғанда, Татьяна Савельеваның айтуынша, Салық кодексін дайындау жұмыстары уақыттың тығыздығына байланысты қазір өте қарқынды жүргізілуде.
Комитет төрағасы Алматыда өткен көшпелі отырыста Қоғамдық палата әзірлеген көптеген ұсыныстың Кодексті жетілдіру барысында ескерілгенін атап өтті. Бұл Қоғамдық палатаның кәсіби әрі қоғамдық диалог алаңы ретіндегі нақты рөлін көрсетеді.
Қоғамдық палата төрағасының орынбасары, Еуразиялық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Светлана Романовская сапасыз акцизделетін тауарларды жою бойынша стандарт әзірлеу немесе арнайы жою компанияларын құру мәселесін көтерді.
Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Батталова интеллектуалдық өнімдерге салық салуды саралау және мұндай ұйымдар үшін тұрақты жеңілдетілген корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін белгілеу қажеттігін айтты.
Қоғам қайраткері, Astana Open Dialogue ұйымының тең құрылтайшысы Александр Данилов салық органдары мен шағын бизнес өкілдерінің арасында тікелей байланысқа толық тыйым салуды ұсынды. Ол барлық процестерді онлайн форматқа көшіріп, бақылау мүмкіндігін енгізу керектігін назар аударды.
Ал сарапшы Ерлан Смайылов Үкімет пен Мәжіліске пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа (ПҚӨС) қатысты тәсілдерді қайта қарауды ұсынды. Атап айтқанда, бұл салықтың бір бөлігін жергілікті деңгейде жер қойнауын пайдаланушы тікелей жергілікті бюджетке төлеуге тиіс екенін заңмен бекітіп, ал екінші бөлігін республикалық бюджетке бағыттау керек деді.
– Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар әлеуметтік жауапкершілік аясында жұмыс істейтін өңірлердегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық, көлік және басқа да маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысып келеді. Алайда көбінесе бұл жұмыс меморандумдар, келісімдер немесе демеушілік көмегі негізінде жүзеге асырылады. Егер біз «Әділетті Қазақстан» конституциялық қағидасын заңнамалық деңгейде нығайтып, оны әрі қарай дамыту туралы айтып отырсақ, онда бұл мәселе неғұрлым институционалды тәсілді талап етеді, – деді сарапшы.
Жаңа нормалар мен ұсыныстар бойынша өз пікірлерін түрлі бизнес және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де білдірді.
Қоғамдық палата отырысын қорытындылаған Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева ең проблемалы мәселелердің бірі ретінде арнайы салық режимін қолдану, атап айтқанда, B2B санатындағы түйткілдер мен әлеуметтік саладағы салық салу мәселелерін атап өтті. Бұл жайттар Үкімет тарапынан әрбір саланы есепке ала отырып, мұқият қарауды және нақты шешімдер қабылдауды талап етеді.
Жиын соңында Айдос Сарым отырысқа қатысушыларды жобаның екінші оқылымда қаралуына дейінгі уақыттың тығыздығын ескеріп, өз ұсыныстарын тез арада жолдауға шақырды. Ұсынылған пікірлер мен сарапшылардың көзқарастары Қоғамдық палатаның қорытынды ұсыныстарында қаралып, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетіне жіберіледі.
Әмина МҰХАНБЕТ