Қарағанды облысында олар үшін жақсы жағдай жасалған.
Ерекше қажеттіліктері бар балалар – назарда
222
оқылды

Қарағанды облысының әкімі Ермаған­бет Бөлекпаевтың ерекше білім беру қажеттілікте­рі бар балалардың ата-аналарымен, басқар­малардың басшыларымен және өңір аудандары мен қалалары әкімдерімен дәстүрлі кездесуінде білім беру, медицина, спорт және әлеуметтік қолдауға қатысты мәселелер талқыланды. Мүгедектігі бар балалардың дамуы үшін жағдайды жақсартуға ерекше назар аударылды.

Дене шынықтыру және спорт басқарма­сының басшысы Серік Сәпиев биыл Қа­ра­ғанды, Шахтинск, Абай және Қарқаралыда 45 бейімделген спорт алаңын орнату жос­пар­ланып отырғанын атап өтті. Салыстыра айтсақ, былтыр олардың саны небәрі екеу ғана болған.

– Біз сондай-ақ спорт секцияларындағы мүгедектігі бар балаларды қамтуды ұлғайтамыз. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, дойбы, шахмат, футбол, роликтер, бочча, тоғызқұмалақ және басқа да бағыттар бойынша қосымша 433 баланы тартуды жоспарлап отырмыз, – деп хабарлады Серік Сәпиев.

«Лучик надежды» қорының жетекшісі Татьяна Кравченко спорттық сабақтар тізімін кеңейтуді ұсынды.

– Үлкен шығынды қажет етпейтін қол­же­тімді спорт түрлері бар. Мысалы, асық ату, бес асық және басқа да үстел ойында­ры. Бұл ерек­ше балаларға ұлттық спорт түрлері­мен ай­налысуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Ұсынысты өңір басшысы мақұлдады.

Иппотерапия жобасына да ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі оның тапсырмасы қалай орындалып жатқанын сұрады. Теміртауда жылқымен өтетін сабақтар 20 мамырда этноауыл базасында басталады, Балқаш пен Қарағандыда да осындай жобаларды бір ай ішінде іске қосу жоспарланған.

Әлеуметтік қорғау туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар айтып берді. Биыл 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруларға арналған күндізгі стационар ашылады.

– Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету ор­талығының базасында орналасқан жұмыс істеп тұрған күндізгі стационар 12 орынға есеп­телген, ал қажеттілік 20 орынды құрайды. Ескі базаны кеңейту мүмкін емес, сондықтан жаңасын ашу туралы шешім қабылданды, – деп нақтылады Төлеу Мұхтар. – Қажетті құжаттар дайын, іске қосу жыл соңына жоспарланған.

«Батыл жүрек» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Оксана Югай бейімделу алаңдары үшін алғысын білдіріп, арнайы тақтайшалар орнату қажеттігіне назар аударды.

– Бұл алаңдарға қарапайым балалар келіп, мүкәммалды сындырып, жарақат алуы мүмкін. Олар ерекше қажеттіліктері бар ба­ла­ларға арналған, – деп атап өтті Оксана Югай.

Сонымен қатар ол ақыл-есі бұзылған ба­ла­ларға арналған жеке мектеп ашу мәселесін көтерді.

– Біз екі нұсқаны қарастырудамыз: не №1 мектеп-интернат базасында төрт арнайы сынып ашу, не болмаса Пришахтинскіде №4 мектеп-интернат базасында толыққанды мектеп ұйымдастыру. Сондай-ақ биыл Бұқар жырау ауданында түзету кабинеті, Теміртауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін екі кабинет ашылады, – деді Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Мүгедек жасөспірімдерді жұмысқа орна­ластыру мәселесін 17 жастағы баланың анасы Әсел Бекбаева ортаға салды.

– Менің ұлым жұмыс істегісі келеді. Оның күш-қуаты жетерлік, қоғамға пайдалы болғысы келеді. Бірақ мамандық алғандардың өзіне жұмыс берушілер бас тартады. Біз балаларды инклюзивті жағдайда тәжірибе жинақтау үшін ілесіп жүретін және транзиттік жұмысқа орналасатын бейімделу алаңдарын құруды ұсынамыз, – деді ол.

Облыс әкімі бұл идеяны қолдады.

– Бұл – күрделі, бірақ маңызды мәселе. Жеке сектор да мүдделі болуы үшін жағдай жасау керек. Осындай балалармен қалай жұмыс істеу керектігін көрсету керек, – деп есептейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу барысында көптеген сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті. Облыс басшысы тиісті ведомстволарға аудандар бойынша жағдайды талдауды тапсырды.

– Егер қажеттілік болса, шешіңіздер. Әр Мәдениет үйінде ерекше балалар айналысатын кабинет болуға тиіс. Бір бала болса да, адам тауып, оқытып, жағдай жасау керек. Кейінге қалдырмаңыздар. Ұзақмерзімді қарауды та­лап ететін барлық мәселелер пысықталуы жә­не оларға бір апта ішінде жауаптар ұсы­ны­луға тиіс. Келесі кездесуде басқармалар есеп бере­ді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары кездесудің нақты нәтижесін көріп отыр­ғандарын, мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатқанын атап өтті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы