Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP29) әлемнің 80-нен астам мемлекет басшыларымен бірге жаһандық қауымдастықтың біртұтас көміртек нарығын құру мәселесін қайта көтерді.
Көміртексіз келешекке ғылыми қадам
200
оқылды

Бұл механизм  төмен көміртекті жобаларды ынталандыруға арналған экономикалық құрал ғана емес, сонымен қатар климаттың өзгеруіне байланыс­ты ғылыми-зерттеу бағдарламаларын нақты жүзеге асыру үшін тиімді тетік болуы тиіс еді. 

Жалпы, халықаралық климаттық келі­сімдердің басты мақсаты – атмосферада жиналған парниктік газдар шығарындыла­рын азайту, себебі олар орташа темпера­тураның көтерілуіне және жаһандық кли­маттың өзгеруіне әкеліп соғады. Ал кө­міртек нарығы – парниктік газдар шы­ғарындыларын азайту немесе оларды сіңіру жобаларын іске асыруға инвестиция тартуға арналған экономикалық тетік. Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC – Intergovernmental Panel on Climate Change) модельдері көрсеткендей, Париж келісімінің мақсаттарына көмір­қышқыл газы шығарындыларын азайтудың экономикалық құнын бағаламай қол жеткізу мүмкін емес.

IPCC моделі климаттық жүйелердің кешенді талдауына негізделген. Бұл талдау жаһандық жылынуды болжауды, көміртек ағындарын зерттеуді және климаттың өз­геруінің салдарын экономикалық модельдеуді қамтиды. Модельдің негізгі құрамдас бө­ліктеріне шығарындылар сценарийлері, кли­маттық модельдер, әлеуметтік-эконо­микалық салдарды бағалау және шыға­рындыларды азайту стратегиялары жатады.

Климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселені ауқымды ғылыми зерттеулер арқылы ғана шешуге болады. Бүгінде еліміздің Ұлттық инженерлік академиясы елдің беделді ғылыми-инженерлік қоғам­дастығын біріктіріп, құрамында 382-ден астам академик пен корреспондент-мүше, өндірістің жетекші мамандары мен инже­нерлері, сондай-ақ 15-тен астам салалық ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ­стан­ның барлық өңірінде 17 филиал бар. Ака­демия бұл жаһандық сын-қатерді қабылдау­ға және 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мақсатында Қа­зақстанның климаттық күн тәртібіне сәйкес өз шешімдерін ұсынуға дайын.

Ғалымдар үшін нақты өндірістік мін­деттер қажет, ал оларды Жоғары білім және ғылым министрлігі хакатондар түрінде ұсынып отыр. Бұл міндеттерді ойдан құ­растырудың қажеті жоқ, ол Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Эколо­гиялық кодексі негізінде заңнамалық түрде нақтылаған. Бұл жұмысты соңғы алты жыл бойы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жүргізіп келеді. Орталық 100-ден астам ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға технологиялық аудит жүргізіп, оларды ең озық қолжетімді техникалар (ЕҚТ) қағидаттарына көшіру мүмкіндігін бағалады. ЕҚТ қағидаттарына көшу ластаушы заттардың ғана емес, парниктік газдар шығарындыларын да едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жылу энергетикасы саласында шығарындыларды жылына 700 мың тоннаға, тау-кен металлургия секторында – 150 мың тоннаға, мұнай-газ саласында 70 мың тоннаға дейін төмендету болжанып отыр. Жалпы шығарындылар көлемі шамамен 60%-ға дейін қысқарады деп күтілуде, бұл елімізді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (дамыған демокра­тиялы және еркін экономикалы елдердің тобы) экологиялық стандарттарына жа­қындатады. Өнеркәсіпті ЕҚТ қағидаттары­на көшіру қолданыстағы Экологиялық кодекс аясында жүзеге асырылады. ЕҚТ қағидатындағы озық технологияларды енгізген кәсіпорындар экологиялық төлем­дерден босатылады.

Бүгінде Халықаралық жасыл техноло­гиялар және инвестициялық жобалар ор­талығы химия өнеркәсібі, құрылыс мате­риалдары, қара және түсті металлургия, темір, түсті және қымбат металдарды өндіру, көмір мен көмірсутектерді өндіру және электр энергетикасы сияқты  бірқатар өнер­кәсіп саласы бойынша ЕҚТ анық­тамалықтарын әзірледі және олар Қазақстан Үкіметі тарапынан бекітілді. Бұл қағидаттар негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындарға кешенді технологиялық аудит жүргізу нәтижесінде, халықаралық тәжірибе мен әлемдегі үздік тәжірибелерді ескере отырып әзірленді. Әзірленген ЕҚТ анықтамалықтары – отан­дық өнеркәсіпті жаңғыртудың маңызды құралы, онда ғылыми-техникалық бағдар­ламаларды іске асыруды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тарды (ҒЗТКЖ) жүргізуді талап ететін нақты міндеттер қамтылған. Осылайша, қоршаған ортаны қорғау және климат саласындағы ғылыми зерттеулерге мақсатты және гранттық қаржыландыру бағыттары нақты айқындалды.

Мемлекеттің маңызды стратегиялық міндетінің бірі – көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуге бағытталған жаңа экологиялық саясатты қалыптастыруда ғылымның орнын анықтайтын уақыт келді. Шығарындыларды азайту жобаларын және ҒЗТКЖ нәтижелерін енгізу көміртек нарығы немесе арнайы Көміртек қоры сияқты экономикалық те­тіктер арқылы ынталандырылуға тиіс. Алайда елімізде көміртек нарығын қа­лыптастырудың нақты көрінісіне көз жү­гіртсек, бұл бағытта мақсатты реформаларды талап ететін бірқатар мәселенің бар екенін көреміз. Мысалы, Қазақстанның ішкі көміртек нарығында мемлекет көміртек бірлігінің (CO2 тоннасының) құнын салыс­тырмалы түрде төмен деңгейде ұстап отыр. Бірқатар кәсіпорын (негізінен жылу электр станциялары) өнеркәсіп пен әлеуметтік сектор үшін аса маңызды болғандықтан, көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемін едәуір асырып отыр және одан ары асыруы мүмкін. Егер көміртек бірлігінің бағасы жоғары болса, кәсіпорындарға айтарлықтай қаржылық жүктеме түсіп, бұл олардың банкрот болу қаупін тудырады. Сонымен қатар көміртек бірлігінің төмен бағасы парниктік газдар шығарындыларын азайту жобаларын ынталандырмайды, себебі мұндай жобаларға салынатын ин­вестициялар өте ауқымды. Төмен көміртекті жобаларды тиімді ынталандыру үшін кө­міртек бірлігінің ұсынылатын құны шама­мен 20 АҚШ доллары/т CO2 деңгейінде болуы қажет.

Көміртек реттеуіне жататын кәсіп­орындарда шығарындыларды жүйелеу электр энергиясы мен жылуды (сыртқы көздерден) үнемдеу арқылы жанама түрде шығарындыларды азайтуға әкелетін жобаларды, сондай-ақ метан, азот тотығы сияқты басқа да парниктік газдардың шығарындыларын азайту жобаларын ескермейтінін атап өту қажет. Төмен кө­міртекті жобаларды іске асыруды ынта­ландыру үшін бағаны реттеу және болжаумен қатар, реттелетін қондырғыларда төмен көміртекті жобаларды іске асыруға рұқсат беру қажет. Сонымен қатар бірқатар мақсатта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу аса маңызды, атап айтсақ, өнеркә­сіп сала­сын­дағы шығарындыларды азайту­дың ең жо­ғары әсерін беретін жобалар тізбесін қа­лыптастыру; өнеркәсіп пен көлік саласында парниктік газдар шыға­рын­дыларын азайту үшін цифрландыру мен жасанды интеллект жүйелерін енгізу бағыттарын анықтау.

Ғылыми-зерттеу нәтижелері Қазақ­стандағы парниктік газдар шығарындыларын азайту әлеуеті туралы арнайы құжат түрінде ресімделсе,  көміртек инвестицияларын тартуға және ерікті шығарындыларды азайту бойынша халықаралық нарыққа қатысуға негіз болады. Көміртек реттеу жүйесі метан, азот тотығы сияқты басқа парниктік газдарды азайту немесе электр энергиясы мен жылуды үнемдеу жобаларын да ынталандыруға тиіс. Ол үшін зерттеу жұмыстары негізінде шығарындыларды қысқартуға әлеуетті жобалар тізімі жасақталуы керек.

Төмен көміртекті жобалардың негізгі бағыттарын іске асыру ғылыми-зерттеу кешенін қажет етеді. Мысалы, ғалымдар­дың назарын ғарыштық мониторинг са­ласындағы эндогендік өрттерді зерттеуге аударуға болады.

Эндогендік өрттер – әсіресе, қоңыр көмір кен орындарында жиі кездесетін күрделі экологиялық мәселе. Қазақстандағы көмір разрездерінде мұндай өрттерден жылына 200 мың тоннаға дейін СО2 бөлінуі мүмкін. Спутниктік мониторинг арқылы өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, сөндіру парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай төмендетеді.

Энергетика саласында да көмір жаға­тын қазандықтар мен жылу электр стансала­рын­да жануды оңтайландыруға байланыс­ты зерттеулер жүргізу маңызды. Оттегінің дұрыс қатынасы отынның толық жануына, зиянды заттардың азаюына және жылу шығындарының төмендеуіне ықпал етеді. Соңғы тәсілдерге жану температурасының үш өлшемді моделін жасау мен жасанды интеллект технологияларын қолдану жатады.

Жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) тәуліктік өндірісін нақты болжау – энергожүйенің тұрақты жұмысына қажет шарттардың бірі. ЖЭК-тен өндірілетін қуаттың үлесі артқан сайын тәуліктік графикті қалыптастыру күрделене түседі. Мұны шешу үшін метеодеректер мен жасанды интеллект негізінде автомат­тан­дырылған болжау жүйелері қажет. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген Электр энергиясының Бірыңғай сатып алушысы моделі сауда үдерісін орталықтандыру арқылы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді.

Тау жыныстарының химиялық мүжілуін күшейту (ERW) атмосферадағы CO2-ны ұзақ мерзімге кальций карбонатына айналдыру арқылы жояды. Жылына табиғи мүжу шамамен 1,1 млрд тонна СО2 бай­ланыстырады (ал антропогендік шығарын­дылар 36,7 млрд тоннаға жуық). ERW ке­зінде үш негізгі кезең жүзеге асырылады: мүжілетін минералдарды өндіру, оларды ұсақ күйге дейін майдалау және үлкен аумақтарды сол материалмен өңдеу. Бұл технология топырақ құнарлылығын жақсартып, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және мұхиттардың қышқылдануын төмендетуге де ықпал етеді. Қазақстанда диатониттің мол қоры бар, сондықтан ERW аясында оны пайдалану перспективасы зор.

Осы жобалар мен бастамаларды іске асыру үшін нақты ғылыми зерттеулер қажет. Парниктік газ шығарындыларын өлшеу мен верификациялаудың жетілдірілген әдістемелері, көміртек қаржыландыруының жаңа құралдары мен көміртек реттеудің ұзақмерзімді әсерін бағалау – бұл саладағы басты бағыттар. Климаттық дағдарыс жағдайында ғылым көміртек тетіктерін пысықтаудың діңгегіне айналып, олардың ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Қазақстанның ғылыми-инженерлік қауымдастығы көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз және жаһандық экологиялық сын-қатерлерді еңсеруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Гүлбазар МЕДИЕВА, 

Халықаралық жасыл технологиялар

және инвестициялық жобалар 

орталығы ғылыми бағытының жетекшісі