Астанада «Қазақстанның дәрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету: талдамалық тәсіл және жаңа сын-қатерлер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға халықаралық сарапшылар, ірі фармацевтика компанияларының өкілдері және мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Дәрі-дәрмек қауіпсіздігі – ұлт саулығы
242
оқылды

«Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы және Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп ұйымдастырған кеңесте фармацевтика қауіпсіздігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі тұрақтылық, жергілікті өндірісті ынталандыру және мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы әріптестікті нығайту мәселелері қаралды. Сондай-ақ қазіргідей тұрақсыздық жағ­дайында фармацевтика саласындағы саясатты денсаулық мәселесі ғана емес, экономика, инвестиция және заңнама тұрақтылығының негізі деп қарастыру туралы өзекті тақырыптар талқыланды. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – қоғам денсау­лығын қорғау саласындағы негізгі фактор­лардың бірі. Қазіргі тұрақсыздық жағдайында көп мемлекет, соның ішінде АҚШ пен Еуропа елдері дәрі-дәрмек қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың міндетті элементі деп қарастырып отыр. Сондықтан еліміздің денсаулық сақтау саласындағы басым мін­деттердің бірі – фармацевтикалық бақылау­ды күшейту.

– Дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ауқымды процесс. Ол дәрі-дәрмек Қазақстанға келіп, тіркеуден өткен сәттен басталады. Сонымен қатар елімізде Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды са­раптау ұлттық орталығы барлық препаратты тексерістен өткізеді. Сараптамадан өткен соң оларға пациенттер үшін қауіпсіз болған жағдайда ғана тіркеу куәлігі беріліп, Қазақ­станға сатуға рұқсет етіледі. Тіркеуден соң да біз сапаны тексеруді тоқтатпаймыз. Дәрігерлер немесе өзге де медициналық қызметкерлер пациенттер үшін жанама әсерді анықтаса, арнайы мобильдік қо­сымша арқылы деректерді ұлттық сараптау орталы­ғына жіберіп, ол жерде қайтадан тексеріледі. Осылайша, министрлік қандай да бір пре­паратты тіркеу-тіркемеу мәселесін көтере алады. Бұл «жасыл карта» деп ата­лады. Өкінішке қарай, дәрігерлер оны тол­тыруда аса белсенді емес. Жанама әсері туралы да көп ақпарат ұсына бермей­­­­­ді. Соған бай­ланысты фармацевтика­лық ба­қылауды күшейтуді жоспарлап отыр­мыз, – деді ол.

Панельдік пікірталас барысында қаты­сушылар өмірлік маңызы бар дәрілік заттардың тізімін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Дәрілік заттардың қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін тек ашық әрі ғылыми негізделген іріктеу әдістемесі ғана емес, сонымен қатар баға белгілеу мен сатып алу жүйесіне стра­тегиялық көзқарастың қажеттігі туралы айтылды. Осы орайда «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдас­тығының директоры Жанна Байдашева денсаулық сақтау секторы өкілдерінің күшін біріктірудің маңызын атап өтті.

– Фармакологиядағы жергілікті өнді­ріс­ті дамыту, отандық компаниялармен тиім­ді әріптестік байланыс орнату мен әділ патенттік саясатты қалыптырудың маңызы зор. Біз дәрі-дәрмекті мемлекет есебінен сатып алған кезде медициналық техно­ло­гияларды сараптауға (НТА) баса назар ауда­рамыз. Бұл жердегі ортақ мақсаты­мыз – өмірлік маңызға ие әрі сапалы дәрі-дәрмекті кез келген өңірге, дер кезінде, қолжетімді бағамен жеткізуді қамту. Мұндай пікір алмасу ұзақмерзімді шешім қабылдауға негіз болады деп сенемін, – деді маман.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы Бауыржан ­Жү­сіпов отандық өндірістердің барлығы дже­нерик өндірушілер екенін, біз ориги­нал дәрі шығармайтынымызды мойындауымыз керек екенін айтты.

– Біздегі өндірістердің барлығы дже­нериктерге байланысты екенін мойында­уымыз керек, ол оригинал дәрі-дәрмек емес. Біз оригинал дәрі-дәрмектің патенттік қорғанысы болғанша, оған дженерик шы­ғара алмаймыз. Бұл сұрақ Польшада да бар. Сондықтан Польша сарапшыларының ұсыныстары – өз тәжірибемізді байытуға үлкен мүмкіндік. Дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне қатысты нақты бастамалар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар «СК-Фармация» арқылы отандық өндірушілерге басымдық беретін мемлекеттік сатып алу жүйесі жұмыс істеп тұр. Әрі шетелдік инвесторлармен «инвестициялық келісімдер» аясында ке­дергілердің бәрін жою тетігі де жолға қойылған.

Фармацевтика қауіпсіздігі – мемлекеттің экономика, медицина және құқық жүйесінің айнасы. Қазақстан қазір осы саланы қайта қарап, нақты қадамдар жасап жатыр. Алайда ұзақмерзімді тұрақтылық орнасын десек, мемлекет, бизнес және сарапшылар тек өзара байланыста емес, бір команда болып, жұмыла әрекет етуі керек, – деді төраға. 

Осы орайда Польша дженерик өндірушілер қауымдастығының вице-президенті, фармацевтикадағы құқық саласы маманы Гжегож Рыхвальски ұлттық өндірістің стратегиялық маңызы туралы ойларын ортаға салды.

– Жергілікті өндіріс – өмірлік маңызы бар және аса қажет дәрі-дәрмектерді тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырудың маңызды тетігі. Оның артықшылықтары – логистика тізбектерін қысқартып, қор деңгейін бақылауға, дәрі-дәрмек науқасқа қолжетімді болуына және баға түзілуінің ашықтығына мүмкіндік береді, – деді ол.

Дөңгелек үстелдің тағы бір маңызды тақырыбы — дәріхана желілеріне дәрі-дәрмек жеткізу тұрақтылығы мәселесі болды. Қатысушылар Еуразиялық Одақ шеңберінде дәрі-дәрмекті тіркеу процеду­раларына байланысты туындап жатқан қиындықтарды атап өтті: 2 000-ға жуық атау 2025 жылдың аяғына дейін ЕАЭО аясында тіркеуді күтіп тұр екен. Осыған орай қатысушылар Үкіметке пациенттерді қажет дәрі-дәрмектермен қамтуда іркілістер болуына жол бермеу үшін өтпелі кезең енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Іс-шара қорытындысы бойынша, қатысушылар мен сарапшылар бірлесіп жергілікті өндірісті дамыту, фармацевтика орнықтылығын қолдау және халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуді көздейтін бірқатар ұсыныс әзірледі. Бұл ұсыныстар Президент қарауына ұсынылып, Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында талқыланатын болды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ