Ерте көктемнен еңбек көрігін қыздырған Сыр диқандарының қимылы ширақ. Әсіресе, өңірдің басты дақылы саналатын күріш алқабында еселі еңбектің лебі еседі. Байырғы атакәсіптің желкенін керген бүгінгі диқан қауымының қат-қабат шаруасы бір сәт босаңсуға да мүмкіндік бермейді. Оның үстіне, соңғы жылдары орын алған су тапшылығының салқыны жауапкершілік жүгін арттырып тұрғаны жасырын емес.
Сыр күрішінің келешегі даңғайыр диқандарды ғана емес, сала мамандарын да алаңдатып тұр. Бұл жайында жыл басында өткен Үкімет отырысында да кеңінен талқыланып, көпті күмілжіткен егінжайдағы еңбектің екпінін арттыру жайы сөз болғаны белгілі. Бұл тұрғыда Сыр еңбеккерлерінің басын ауыртқан мәселенің бірі – су тапшылығын еңсеруге тікелей байланысты. Сондықтан сала мамандары қиындықты еңсеру жолында түрлі шаралар мен жаңашылдықтарға бет бұрып келеді. Ең бастысы, күріш көлемін азайту арқылы ғана емес, суарудың түрлі әдістерін қолдана отырып, су үнемдеудің тиімді тетіктерін қолданысқа енгізуді көздейтіні байқалады.
Бұған дейін Сыр диқандары қуаңшылықтың түрлі қиындықтарын бастан өткерді. Қайбір жылдары кеш егілген күріш дақылының сусыз қалу жағдайы, су тапшылығы салдарынан орын алған түрлі келеңсіздіктер ел есінде. Соған сәйкес, жыл сайын егін науқаны басталарда жұртшылықтың алаңдауы да заңдылық.
Дейтұрғанмен, сала мамандары биылғы науқанға да жан-жақты дайындықпен келіп отырғанын алға тартады. Бұл тұрғыда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін тізбектеп айтып берді.
«Дала жұмысына дайындық тыңғылықты жүріп жатыр. Биыл былтырмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 4 300 гектарға ұлғаяды. Оның ішінде өңірдің басты дақылы – күріштің көлемін 350 гектарға көбейтеміз. Сол сияқты егісті әртараптандыру мақсатында мал азықтық дақылдар 3 400 гектарға, майлы дақылдар 710 гектарға артады. Есесіне, картоп көкөніс, бақша дақылдарын 118 гектарға азайту межеленуде. Бүгінде ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі дақыл күрішті сәуір айының үшінші онкүндігінде бастау межеленіп отыр. Тұқым мәселесі де түбегейлі шешімін тапты. Көктемгі егіске облыс бойынша 22,2 мың тонна күріш тұқымы құйылды. Қазіргі таңда күріш тұқымдарын себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, биылғы жылғы егіске қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі 64,6 мың тоннаны құраса, қазір оның 57 мың тоннасы сатып алынды», – деді брифингте Талғат Тұрсынұлы.
Жалпы, аймақтағы ірілі-ұсақты шаруашылықтар биылғы науқанда 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап қойған. Соның ішінде егістік алқаптың 85,9 мың гектары Сыр салысына тиесілі. Тұқыммен қамту мәселесінде де анау айтқандай түйткіл жоқ. Бұл тұрғыда мамандар облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілгенін алға тартып отыр. Соның ішінде биылғы науқанға 12 сұрып бойынша 22 230 тонна күріш тұқымы дайын.
«Егін науқанына Сыр диқандары сақадай сай. Тұқым мәселесі түбегейлі шешілді. Шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді жеткізуші мекемелермен келісімшарт жасау арқылы қажеттілікке сәйкес сатып алуда. Техникалардың дайындығы және жанар-жағармаймен қамтылуы жағы да ойдағыдай. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаулардың арқасында облыстың машина-трактор паркі тұрақты жаңарып келеді. Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге 2025 жылға мемлекет тарапынан бөлінген арзандатылған дизель отынын жеткізуші операторларды айқындау жөнінде құрылған комиссия отырысының шешімі бойынша облысқа жеткізуші болып 4 мекеме белгіленді», – деп түсіндірді биылғы науқанға дайындық барысы жайында басқарманың егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы Зульфия Ақылбекова.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, шаруашылықтарды суды үнемдеп пайдалану мәселесі толғандырады. Осы ретте дарияның бүгінгі жайы да назардан тыс қалған жоқ. Мамандардың мәлімдемесіне сәйкес, нақты уақытта Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 600 текше метр су түсіп жатыр. Оның ішінде Сырдария өзенінің төменгі ағысына 100 текше метр су жіберілуде. Жалпы қоймадағы су көлемі 4,7 млрд тоннаны қүрайды екен.
Сол сияқты сала мамандары вегетациялық кезеңде егісті жеткілікті деңгейде сумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Нәтижесінде, шаруашылық аралық каналдардың 79 пайызына, ішкі шаруашылық аралық каналдардың 94 пайызына тазалау жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты су құрылыстарының шаруашылық аралық каналдарының 92,3 пайызына, ішкі шаруашылық каналдарының 78 пайызына және сорғы қондырғыларының 100 пайызына, гидробекеттердің 95 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Осы орайда айта кету керек, өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көктемгі және күзгі егіс жұмыстары кезінде шаруаларды қолдау мақсатында «Кеңдала-2» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылып отыр. Бұл егіс жұмыстарына қаражат таппай, көп пайызды несиеден қиналған шаруалар үшін үлкен көмек екенін алға тартады басқарма тарапынан.
Өз кезегінде кейбір шаруашылықтар тарапынан күріш сұрыптарынан мән кетіп тұрғанын да айтып қалды. Соның ішінде Сырдың басты брендіне айналған Маржан сортының жағдайы мәз емес деген пікірде.
Қалай дегенде де, бағасы қымбат, бейнеті көп дақылды өсіріп, күтіп-баптау шаруаларға оңайға соқпай тұрғаны аңғарылады. Ең бастысы, мемлекеттен тиісті қолдау көрсетіліп жатыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы