Шымкент қаласының орталығында орналасқан ескі қалашықтың орнына 2021 жылы сәулеті көз тартар «Шымқала» этноауылы салынған болатын.
«Шымқалаға» бөлінген қаржының ізі жоқ
2,856
оқылды

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени және туристік орталық ретінде салынған кешендегі киізүйлерде қолөнер шеберлері келушілерге гобелен тоқу, киіз басу, былғары, зергерлік, ағаш бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп жүрген-ді. Одан бөлек, этноауылда ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін алып тайқазан, киізүй үлгісіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы бар.

Үшінші мегаполистің үлкен жаңалығы болып ашылған алып кешен екі негізгі ту­ристік бағыттан тұрады. Олар оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады. Мұнда келушілерге Шығыс базарының атмосфе­ра­сы ерекше сезіледі. Себебі мұнда кәде­сый­лар, ұлттық оюмен өрнектелген ұлт­тық қолөнер бұйымдарын сатып алуға бола­ды. Ал «Шеберлер ауылы» – бұл жердің басты сәні мен мән-маңызы. Туристерді тартуға арналған орталықтың тағы бір ерекшелі­­гі – театр шатыры мен ашық аспан астында сахна құрылған. Мұнда фотосессия жасап, той ұйымдастыруға да мүмкіндіктер қарас­тырылған. Тұсаукесер, қыз ұзату, беташар, құдалық, қазақтың төл дәстүрлері сынды кішігірім жиындарды ұлттық нақышта өт­кізуге де болады. Этноауылда осылайша ұлт­тық құндылықтарымызды едәуір ұлықтау­ға болатындай-ақ дүние бар. Алайда мемле­кеттік коммуналдық мекеме саналатын ке­шен ақылы қызмет көрсетпейтін болған соң ба, аса жарнамасы жоқ, көпшілік біле бер­мейтін орынға айналып барады. Тә­уелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына тарту болған алып кешеннің ашылуында сол кездегі қала әкімі Мұрат Әйтенов: «Бұл кешен Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске көтереді деп сенеміз» деген болатын. Әйткенмен, туризм әлеуетін көтереді деген сенім ақталмай тұр. 

Өкінішке қарай, бүгінде ашылғанына тура 4 жыл болған нысанның бір бөлігі жарамсыз болып, тозығы жеткен. Нысанның техникалық төлқұжаты да, қабылдау актісі де жоқ болып шықты. Туристік компания өкілдері мұнда жыл сайын 50 мыңға жуық адам келетінін, алайда қазір жағдайының аса мәз емес екенін айтады. Ал жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұл туралы маңызды ақпаратпен бөлісті. «Шымқала» кешеніне 2 жылда бөлінген 2 млрд 700 млн теңгенің ізі жоқ, құжаттары толық емес. Жоғалтып жіберген. Қай уақытта жоғалғанын біз білмейміз. Тіпті, археологиялық қазбалар­дан табылған жәдігерлер де жеке адамдар­дың қолында кеткен. Біз бұл қаржының мақсатсыз жұмсалғаны туралы құзырлы органдарға жолдадық. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес департаментіне, Экономикалық тер­геп-тексеру департа­мен­тіне хат түсірдік. Бұл – 2018-2021 жыл­дары арасында болған жағдайлар», – деді қала әкімінің орынбасары.

Еске сала кетейік, алып кешен ашыл­ғаннан кейінгі 3 айдан кейін-ақ «Шымқала» этноауылынан өрт шыққан. Ол кезде мұн­­да әлі де құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Оқиға орнында этоноауыл аумағында орналасқан көлемі 80 шаршы метр бастырма және көлемі 8 шаршы метр қораның қамыс төбесі жанғандығын анық­талып, өрттің неден болғаны қаралып жа­тыр деп ақпарат тараған-ды. Дегенмен өрттің қайдан шыққаны жөнінде ақпарат сол күйі жарияланбады. Ал кейбір ақпа­рат құралдары жалынның күмәнді тұстары көп деп айтқан. 

Тағы бір еске салатын дүние, дәл осы жылы Шымкент қаласының Наурыз мейра­мына бөлінген 572 млн теңге туралы ақпа­раттық агенттіктер «Наурызға бөлінген мил­лиондар қайда кетті?» деген тақырыпты жазып, көпке дейін қоғамда резонанс ту­дырған. Бұл туралы сол кездегі қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан баспасөз брифингін өткізіп жауап бергенімен, оған көпшілік қанағаттана қойған жоқ. Бұл дүрмек көпке дейін ел аузында жүріп, үшін­ші мегаполистің мәдениет басқармасы содан бері оңалмай-ақ келеді. Сол кездегі Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есено­ва да сынның астына қалған. Тіпті, этноауыл­да болған өрт те сол кездегі кейбір қаржы­ларды жымқыру үшін қолдан жасалынған жағдай деп баға бергендер де болды. 

Кім біледі, Сәрсен Абайұлының «бөлінген қаржы құжаттары жоғалып кеткен» деген ақпаратынан кейін де осы сөздердің жаны бар ма деп қалдық. Осылайша, мегаполистің көне тарихын айқындайтын «Шымқала» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарына бөлінген қаржы да, құжаты да жоқ. Тіпті, цитадельдің тиісті құжаттары әлі күнге толығымен рәсімделмеген. 

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазіргі таңда туристерді тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын, қаладағы барлық музейдің, яғни Саяси қуғын-сүргін музейі, Ерлік музейі, Сайрам музейі, Хакім Абай музейінің басын қосқа­нын айтты. «Себебі өздеріне сәл болса да тиын тауып, өздеріне жұмсасын дедік. Себебі 2024 жылға дейін бірде-бір тиын таппаған», – деді ол. 

Айтса айтқандай-ақ, соңғы жылдары Шымкент қаласының мәдениет саласы сыннан көз ашпай келеді. Әбден шиеленісіп, былыққа батқан сыңайлы. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы