«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы биыл аяқталады. Жобаның басты мақсаты – елді апатты білім ордаларынан құтқарып,үш ауысымды оқуды жою болатын. Енді ол міндет қалай орындалады? Ұлттық жобаның жүзеге асырылуын бақылауға алған Парламент депутаттары басқа да олқылықтарды байқап, шешімін ұсынды.
Жайлы мектеп – жарқын болашақ іргетасы
377
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында орта білімнің сапасын «табысты ұлт болудың маңызды бір шарты» деп бағалады. 

– Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз! Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу – Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі, – деді Президент. 

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, әу баста ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп тұрғызу қарастырылды. Жалпы бюджеті де мол – 2,6 трлн теңге болды. Кейін бюджет тапшылығына байланысты жоспар түзетіліп, барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу міндеті белгіленді.  

Алайда ел Үкіметінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1079 қаулысымен қаржыландыру сомасы 1,5 трлн теңгеге дейін кеміп, ашылатын жаңа оқушы орындары 460 400-ге дейін, салынатын мектеп саны 217-ге дейін, яғни екі еседей қысқартылды. Нақтылағанда, Samruk-Kazyna Construction компаниясы іске асырып жатқан «Жайлы мектепке» Ұлттық қордан 2023–2025 жылдары 1 триллион 493 млрд теңге бөлінді: 2023 жылға – 500 млрд, 2024 жылға – 646 млрд, 2025 жылға – 347 млрд теңге. 

Ұлттық жоба аясында бой көтеретін білім ордаларының жалпы саны 401-ден 217-ге дейін күрт азайса, онда Президент қойған міндет – «апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындары тапшылығын жою» мәселесі қалай шешіледі? 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» аясындағы мектеп санының елеулі азайтылғанына қарамастан, еліміз бойынша кейінгі екі жылда тұрғызылған орта білім ордаларының жалпы саны ұлттық жоба көрсеткіштерінен айтарлықтай асып түсті. Себебі құрылысы ұзаққа созылып кеткен бұрынғы біраз мектептің ғимараты ақыры іске қосылды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен жемқорлардан тәркіленген қаражат та мектеп салуға бағытталады. Білім инфрақұрылымын қолдау қорынан 100 мыңдай оқушыға арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылыпты.   

– Нәтижесінде, 2023-2024 жылдары рес­публикада «Жайлы мектепті» қоса алғанда, жалпы саны 422 мектеп салынды. Оларда 510 мың оқушы орны қарастырылған. Тарата айтсам, 2023 жылы 137 мың орындық 165 жаңа мектеп қолданысқа берілді. 2024 жылы 373 мың оқушы орны бар 257 жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды, – деді Ғани Бейсембаев. 

Министр екі жылда 422 мектептің іске қосылуы ел тарихындағы рекорд болғанына назар аудартты. Бұл 32 апатты мектеп пен 71 үш ауысымды мектептің проблемасын, сондай-ақ 200 мектептегі оқу орнының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берген. 

Сөйтіп, республикалық және жергілікті бюджеттердің, сондай-ақ бюджеттен тыс көздердің есебінен жаңа мектептер саны жөнінен жоспар асыра орындалды. Оқушы орны жөнінен (842 мың орнына 510 мың) кемдеу, бірақ статистикаға әзірге 2025 жылдың көрсеткіштері кірген жоқ, онымен оқушы орны бойынша да жоспар артығымен орындалуы мүмкін. Оқу-ағарту министрі биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 112 орта білім ұйымы шәкірттерге есігін ашатынын айтты. Мемлекет тек мұнымен шектелмейді: осы жыл аяқталғанша елде шамамен 300 мың оқушыны сиғыза алатын 200 жаңа мектеп салу жоспарланған. 

Құрылысы депутаттар назарында

Мәжіліс депутаттары жайлы мектептер санының күрт азаюына жобалар құнының шектен тыс қымбаттап кетуі ықпал етті деп санайды. Осы екпінді құрылысқа жауапты «Самұрық-Қазына Констракшн» компаниясына шүйліккен депутат Қазыбек Исаның дерегінше, жекеменшік мектептердің құрылысына 1,7-2 миллиард теңге кетеді.

– 1 200 орындық жайлы мектеп 6 млрд 413,7 млн теңгеге салынып жатыр. Яғни, бір орнының құны мысалы, Шымкенттегі жеке мектептен 4,16 есеге қымбат! Орнының саны екі есе кем, 600 орындық жайлы мектеп 4 млрд 600,3 млн теңгеге түсті, ондағы бір орын құны 6 есе артық. 2000 орындық жайлы мектептердің құны 9 млрд 630 миллионнан асып кетті! Сапасы бірдей болса да, жекеменшіктің құнынан жайлы мектептің құны 4-5 еседей көп. Сонда 4-5 мектеп орнына бір мектеп қана бергенде, қалған қаржы қайда кетті? Бізге 4-5 мектеп салуға, яғни 1,4 триллион қаржыға 217 мектептің орнына 1000 мектеп салуға кім кедергі? – деді депутат. 

Жайлы мектептер жобасының қымбаттап кеткенін «аманаттық» депутаттар мәселе етіп көтеріп келеді. 

– Соңғы жылдары бюджетте үнемі қаражат тапшы. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері оның шығыс бөлігін азайту бойынша жұмыс істеуі керек, бірақ жеткілікті жұмыс байқалмайды. Бюджет шығынын азайтудың бір жолы, менің ойымша, құрылыс құнын төмендету. Құрылыс жұмыс­тары көбіне шынайы бағасынан бірнеше есе артады. Мәнісін сұрасақ, «есеп-қисаптары бекітілген стандарттар бойынша жүргізіледі» деген үйреншікті жауапты үнемі естиміз, – деді «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова.

Депутат тіпті бұрын бекітіліп қойған жобалардың ары қарай қымбаттау жағдайлары жиі кездесетініне екпін түсірді. «Мысал көп. Небәрі 600 орындық шағын мектептің құны 5,4 миллиард теңгеге жеткен! Бұл қаржыға университет ашуға болатын шығар. Оқу-ағарту министрлігі де шет қала бермей, білім ұйымдарының құрылыс жұмыстарының есеп-қисаптары бойынша стандарттарға ревизия жүргізіп, оларды шынайы деңгейге дейін қайта қарауы қажет. Сол арқылы бюджет қаражатын үнемдеу шаралары қабылдануға тиіс», – деді Г.Нұрымова.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, бюджеттен қаржыландырылатын мектептер құнының басы артық қымбаттауы мәселесі бар. Түйткілдің түйінін тарқатудың бірнеше жолы пысықталды. 

«Бұл жағдайда «Мемлекеттік сараптама» кәсіпорны бағаны төмендетуге ықпал ететін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Ол бағасы шамадан тыс көп жобаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын бермеуі керек. Екіншіден, құрылыстың заманауи әдістерін ендіру жоба құнын арзандатуға септеседі. Осы мақсатта EPC («под ключ») контрактілер бекітілетін болады», – деді министрліктегілер. 

EPC (Engineering, procurement and construction) келісімі бойынша мердігер компания жобалау, құрылыс материалдары мен қызметтерді сатып алу, объектіні салу, жабдықтау және іске қосу бойынша бүкіл жауапкершілік пен міндеттемені өз мойнына алады. 

– Себебі жобаның жолай қымбаттауы жобалаушының – бір ұйым, мердігердің – басқа ұйым, орындаушылардың мүлдем бөлек компания болуынан туындайды, олардың әрқайсысы өз үстемесін қосады. Бұл жағдайда мердігер және жобалаушы ұйымдардың бір заңды тұлғаға бірігуі, EPC-келісімі сияқты заманауи құрылыс әдісімен жұмыс істеу шығыстарды елеулі қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс стандарттарды жетілдіру, «Мемлекеттік сараптама» РМК жұмысын күшейту және Құрылыс кодексіне өзгерістер енгізу арқылы жалғасын табады, – деп хабарлады министрлік.  

Бұл жұмыс, әрине «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы тәмамдалуға таяғанда емес, басталып жатқан 2023 жылы пәрменді қолға алынып, тегеурінді шаралар сонда қабылдануға тиіс еді.  

Болашаққа бағдарланған бастама

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде «Жайлы мектептің» жалпы құны 798,2 млрд теңге тұратын 105 объектісінің құрылысы аяқталды. Басқаша айтқанда, 217 жайлы мектептің жартысы да салынған жоқ, алайда жалпы 1,4 трлн теңгенің үлкен бөлігі шығындалып кетті. 1 ғана мектеп орта есеппен 7,6 миллиард теңгеге түсті. Бұл ретте оның арасында 300, 600 орындық кішкене мектептер де жетерлік.  

Жоғары аудиторлық палата тексеру қорытындысында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша тек 2023 жылы бюджеттің 311,9 миллиард теңгесін тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілерін анықтады. Мәжіліс депутаттарына жолдаған жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов қазіргі уақытта Бас прокуратураға ұлттық жоба бойынша материалдар жіберілгенін баяндады. Онда «Жайлы мектептің» әрбір мердігерінің, объектісінің, жобасының атауы, құны мен игерілген сомасы, құрылыс объектісінің жай-күйі туралы ақпарат көрсетілген.

Премьер ұлттық жобаны іске асыру жауапкершілігі Samruk-Kazyna Construction-ге жүктелгенін нұсқады. Жалпы, үйлестіруге, мониторингке, әдіснамалық сүйемелдеуге Оқу-ағарту министрлігі жауапты. 

Депутаттар: «жекеменшік мектеп арзанға салынады», – деген соң, Оқу-ағарту және Ұлттық экономика министрліктері бірлесіп, мектеп құрылысы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің (МЖӘ) жаңа тетігін әзірледі. Ол әкімдіктерге мектептің жобасын (қанша орындық) таңдауға мүмкіндік береді, әкімдіктер жекеше әріптеске жер учаскесін ұсынып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіп береді. Жобалық-сметалық құжаттама банкіндегі дайын ЖСҚ-ны қолдануға рұқсат етіледі. Инвесторға амортизациялық компоненттің және мемлекеттік білім беру тапсырысының кепілдендірілген ақысын төлеу көзделген. 

– Бұл тетікті енгізу шеңберінде жобалық қуаты 300 оқушыдан кем болмайтын орта білім объектілерін салу жөніндегі МЖӘ жобаларының базалық параметрлері әзірленді. Сонымен қатар министрлік жеке әріптесті айқындау және білім беру саласындағы МЖӘ шартын жасасу қағидаларын дайын етті, – деді Премьер-Министр. 

Қазіргі уақытта жекеше әріптеске төленетін амортизациялық төлемдердің мөлшері, білім беру процесінің шығыстарына ақы төлеу және басқасы бойынша қажетті есеп-қисабы пысықталып, жуырда Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылмақ. 

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 14 наурызда, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Ақмола облысы ұлттық жобамен салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтағанын жариялады. Өңірде 12 мыңнан аса оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды.

– Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасымен мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектептер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа сала берудің қажеті шамалы, – деді Қ.Тоқаев. Ол 3 жылда – 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғыртуды жүктеді.

Қорыта айтқанда, жайлы мектеп, жалпы жаңа мектеп – сапалы білім алу және денсаулығын нығайту үшін жас ұрпақ өкіліне берілген зор мүмкіндік (спортзалының жоқтығын айтпағанда, сыз білініп, көк басқан ескі білім ошақтарында балалардың денсаулығынан сау-тамтық қалмайды). Әрбір баланың оқуы мен жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасалғаны жөн. Ендеше Президенттің болашаққа бағдарланған бұл ұлттық жобасының стратегиялық маңызы бар. Оны орындауда туындаған олқылықтарды жою бағытында жұмыс жүргізіліп жатқаны көңілге үміт ұялатады.  

Айхан ШӘРІП