Күні кеше Хорватияның Осиек қаласында спорттық гимнастикадан әлем кубогының төртінші кезеңі өтті. Әлемнің таңдаулы спортшыларын бір арнаға тоғыстырған айтулы додадан отандастарымыз жүлдесіз қайтпады.
Отандастар олжалы оралды
276
оқылды

Спорт әлемінің көркем шеберлік пен темірдей тәртіпті талап ететін түрі – спорттық гимнастика. Бұл спортта әр қимыл, әр қадам өлшеулі болғандықтан, қателікке бой алдыруға болмайды. Осы жолғы Әлем кубогы көшбасшы гимнастардың өнер көрсетуіне байланысты тартысқа толы өтті. Жарыс сеткасында тоғыз бірдей Олимпиада жүлдегері бақ сынады. Олардың қатарында Токио-2020 ойындарының еркін жаттығудағы жеңімпазы израильдік Артём Долгопят пен Рио-2016 Олимпиадасында шығыршықтағы жаттығуда алтын медаль алған грек елінің мақтанышы Элефтериос Петруниас бар. Сонымен қатар Париж-2024 Олимпиадасында ат үстіндегі жаттығуда екінші нәтиже көрсеткен өзіміздің Нариман Құрбанов та жарысқа қатысты.

Тағы бірнеше атақты гимнаст халықаралық аренаға ұзақ үзілістен кейін оралғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Нидерланд құрамасының өкілі Эйтора Торсдоттир 2023 жылдан бері жарақатына байланысты жарыстарға қатыспаған. Енді ол бөрене мен еркін жаттығуларда өз шеберлігін көрсетпек.

Бір қызығы, турнирге 35 елдің спортшылары қатысты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Халықаралық гимнастика федерациясының мәлімдеуінше, бұл  жарыстың беделі мен спорттық гимнастиканың әлемдегі маңызын көрсетеді.

Айта кету керек, биылғы маусымда Қазақстан құрамасы әлем кубогының барлық кезеңіне қатысып, әрбір жарыстан жүлдемен оралған. Сөзімізге дәлел ретінде Германияның Котбус қаласында өткен сайыста Милад Карими еркін жаттығуда алтын жүлдені еншілесе, Бакуде ол күміс медальмен оралған еді. Сонымен қатар Дмитрий Патанин қоссырықта күміс алса, Зейнолла Ыдырысов ат үстіндегі жаттығуда қола жүлдені иеленіп көңілімізді бір марқайтқан еді.

Түркияның Анталья қаласындағы дода да қазақ жанкүйерлерінің көңілінен шықты десек болады. Ол жарыста Нариман Құрбанов 2024 жылғы Олимпиададан кейін алғаш рет додаға түсіп, ат үстіндегі жаттығуда жеңіс тұғырынан көрінді. Сол жаттығуда Зейнолла Ыдырысов күміс жүлде алды.

Ендігі кезек – Осиекте. Бұл жолы ұлттық құраманың бапкерлер штабы төрт гимнасты тіркеді. Әр спортшы берілген нұсқаулықтар бойынша Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ыдырысов ат үстіндегі жаттығуға қатысса, Милад Карими керме мен еркін жаттығуда бақ сынайды. Ал жас гимнаст Асан Сәлімов тіреуішпен секіруден ел намысын қорғайтын болып шешілген еді.

Сарапшылар Құрбанов, Карими және Ыдырысов сынды тәжірибелі гимнастар бұл кезеңде де жүлделі орындардан көрінуі әбден мүмкін деген пікір білдірген еді. Олар маусым барысында өз бағдарламаларын жаңартып, бірқатар сәтті сынақтан өткендіктен, турнирге дайындығы толық. Дегенмен соңғы жарыстарда Карими үшін кермедегі жаттығудағы тұрақсыздығы үлкен әсерін беріп жүр. Өткен жолғы Әлем кубогы финалына шыққанымен, орындау кезінде кеткен қателіктері жүлдеден айырған еді.

Айтқандай-ақ, Милад Карими жарыстың финалдық бәсекесіне сүрінбей өтіп, ақтық сында кермедегі жаттығу бағдарламасының финалында қарсыластарына дес бермеді. Карими төрешілердің шешімімен 14,666 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Финалда екінші орынға Израиль спортшысы Александр Мякинин 14,433 ұпаймен тұрақтаса, ал қытайлық Чени Се 14,300 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Бұдан бөлек, ол еркін жаттығулар бағдарламасы бойынша қола медаль жеңіп алды. Отандасымыз финалда Израиль спортшысы Артем Долгопят мен АҚШ өкілі Иваи Юнносукеге жол беріп, 13,966 ұпаймен қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, Карими осы Әлем кубогының кезеңінде кермедегі жаттығу бағдарламасының финалында да өнер көрсетеді. Сонымен қатар ат снарядындағы жаттығуларда Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ыдырысов медаль үшін бақ сынайды.

Тағы бір ұлттық құраманың өкілі Нариман Құрбанов қоланы жеңіп алды. Гимнаст ат снарядындағы жаттығудың финалында сәтті өнер көрсетіп, шешуші бағдарламада 14,233 ұпай жинады. Ал алтын медаль армениялық Гамлет Манукянға (14,633 ұпай) кетсе, күміс жүлде қытайлық Тянлун Гаоға (14,400 ұпай) бұйырды. Дәл осы бағдарламада Зейнолла Ыдырысов 8-орынға тұрақтады. Осылайша, Осиекте өткен жарысты Қазақстан құрамасы үш жүлдемен қорытындылады. 

Әсет ҚАЛИ