Сыр өңірінде жол жөндеу жұмыстарының қарқыны жоғары. Соның ішінде қала мен елді мекен көшелеріне асфальт төсеу назардан тыс емес. Дейтұрғанмен жол-құрылыс материалдарының сапасына айтылар сын-ескертпелер де азаймай тұр. Соған орай «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары ұдайы тексеріс жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бұл жолы орталық мамандары өңірдегі қос бірдей асфальт-бетон зауыттарының жұмыс сапасын сүзгіден өткізді. Өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.
Алдымен «Сапа керуені» аймақтағы белді жол салушы компаниялардың бірі «УАД» серіктестігінің асфальт-бетон зауытына аялдады. Бүгінде іргелі кәсіпорынның өндіріс аумағында екі асфальт шығаратын заманауи зауыт үздіксіз жұмыс жасап тұр. Мұнда жол құрылыс материалдары италиялық технологиямен өңделеді. Әр асфальт жабындысының өзіндік қоспалары, нормативтік талаптары болады.
«Асфальт әртүрлі фракциялық қиыршық тастан құралады. Маңызды компаненттің бірі ол – битум. Мынау қиыршық тас иленген үлкен қазандыққа 150 градуста қыздырылған битум құйылады. Және ол автоматтандырылған басқарумен тиісті мөлшерде беріліп отырады. Шамамен бір сағаттың ішінде біз қажетті шикізатты аламыз. Бізде қазір екі асфальт-бетон зауыт бар. Біреуі сағатына 210 тонна, екіншісі 180 тоннаға дейін асфальт шығарады. Өндіріс Еуропаның озық технологиясына негізделген. Ең бастысы сапаға баса мән береміз», – дейді «УАД» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Сәрсенбаев.
Бүгінде кәсіпорында 200-ден аса адам еңбек етеді. Қиындығы мен ауыртпалығы мол жол саласында ерлермен бірге иық тіресіп нәзік жандар да жұмыс істеп жүр. Солардың бірі зертхана инженері Жұлдыз Сағындықованың жұмысы ерекше маңызға ие. Ол зауыттан шығатын асфальт құрамын күнделікті жіті қадағалап, материалдардың сапасын тексеріп отырады.
«Жол саласында еңбек етіп жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Қыз балаға шаң-тозаңы бес елі болатын қайнаған өндірістің ортасында еңбек ету оңай шаруа емес. Бірақ, маған өз жұмысым ұнайды. Әріптестерімнің көбі ер азаматтар болған соң маған ауыртпалық түспейді. Қажет кезде үнемі көмектесіп отырады. Зауытта асфальтқа қосылатын құмнан бастап, қиыршық тасқа дейін зертханалық тексеруден өтеді. Кейде құрылыс басына барып, асфальт жабындысынан сынамалар аламыз. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олқылық анықталған жағдайда қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді зертхана инженері Жұлдыз Сағындықова.
Сол сияқты жол салушы тағы бір компания «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аймақ үшін маңызы айрықша. Бұл «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңғырту жобасына қатысқан аймақтағы бірден-бір кәсіпорын саналады.
Мекеменің қала іргесіндегі асфальт-бетон зауытының жұмысы да жолға қойылған. Кәсіпорын өз өндісісінде украиндық технологияны пайдаланады. Өндіріс ошағы күніне мың тоннаның көлемінде асфальт шығарумен айналысады. Мамандар бұл көрсеткіш маусым ортасында екі мың тоннаға дейін ұлғаятынын мәлімдеп отыр.
«Негізінен өндіріске қажетті қиыршық тасты Жаңақорғанның Шалқия кенінен әкелеміз. Өйткені оның өнімі өңірдегі асфальттың сапасына бірден-бір әсер ететін шикізат болып табылады. Жалпы кез келген материалдың сапасын тексеріп барып, өндіріске пайдаланамыз. Қазір барынша қажетті шикізат қорын жинап алып жатырмыз. Өйткені маусым қызған шақта жаңадан салынып жатқан жолдарға асфальтты үзбей жеткізуіміз қажет. Қазіргі таңда, қаланың өзінде бірнеше жобамыз бар. Алдағы уақытта Ақтөбе облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін кеңейту жұмыстарына қатысуды көздеп отырмыз. Оған қоса Түркістан облысында күре жолды жөндеу жұмыстары бар. Біздің мекеменің әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. 300-ге жуық адам осы кәсіпорынның арқасында отбасын асырап отыр. Сондықтан әрбір жолымызды талапқа сай, сапалы жасауға ұмтыламыз», – дейді «Қыран» ЖШС асфальт-бетон зауытының басшысы Руслан Жүргенов.
Мәліметке сәйкес, бүгінде облыс аумағында 23 асфальт-бетон зауыты жұмыс істейді. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары жыл сайын бұл кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері мен қондырғыларының талапқа сәйкестігін тексеріп, ұдайы бақылау жүргізеді.
«Бірінші сәуірден бастап аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізіп келеміз. Әзірге 15 өндіріс орнының тиісті сертификат құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бағалап шықтық. Жалпы АБЗ-ға қойылатын міндетті 16 талап бар. Соның әрқайысысын тексеріп, нормтивтік талаптар бойынша қорытынды береміз. Егер кемшіліктер болса, тиісті сын-ескертпе жасап, қайта түзетуге уақыт беріледі. Одан бөлек зауыттан шыққан асфальт құрамы өзіміздің зертханада тексеріледі. Ең басты мақсат аймақ жолдарына сапалы асфальт жабындыларын салу», – деп түсіндірді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері Асылбек Қапбазов.
Сала мамандары өндіріс орындары мен шикізаттың сапасы жайында кең мағлұмат берді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.