Тоқыма фабрикасында істеп жүрген жерінен әскерге алынған.
Польшаны азат етуге қатысқан батыр
istockphoto.com
431
оқылды

Яхия Тасыров 1922 жылдың қаңтар айының 2-де Қызылорда облысы  Тереңөзек кенті Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. 

Өзі Ташкенттегі тоқымашылар оқуын бітіріп, 1940 жылы тоқыма фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Бірақ жұмысы ұзаққа бармады. Бір жылдан кейін оны Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскери борышын өтеуге алынады. Сөйтіп, алғашқы әскери дайындығын Омбы қаласында өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберіледі. 

Яхия Тасыров соғыс аяқталғанша бір емес, бірнеше соғысқа қатысты. Атап айтсақ, ол Сталинградты, Курскіні, Барановты, Польшаны жаудан азат етуге қатысып, ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, "Ұлы Отан соғысы"  І-ІІ дәрежелі ордендерімен және "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдары табысталды. Шайқастардың бірінде, дәлірек айтсақ Данцинг портындағы ұрыста аяғын жаралап алады. 

Соғыс аяқталған соң еліне оралып, туған жерінің шаруашылығын көтеруге атсалысады. Сөйтіп, аудан орталығындағы сүт зауытына жұмысқа тұрып, 16 жыл қойма меңгерушісі болады. Кейін 1960 жылы Жалағаш ауданының сүт зауытында мастер болады. 

Бүгінде Яхия қарияның 4 баласы, он шақты немересі бар.