Қазақтың тұңғыш математигі, мемлекет және қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков кезінде Ленин құрған жүйе 58-баптың, 8-тармағымен жазықсыз сотталып, жапа шекті. Ortalyq Qazaqstan басылымы ғалымның немересі Олег Мағауияұлынан алып, атасы жайлы естеліктерімен бөліскен. Бүгінде Олег Ермеков – экономика ғылымдарының кандидаты, Ұлыбританиядағы «Maryadi education» компаниясының иесі.
Оның айтуынша, атасы қуғын-сүргін жайында айтпауға тырысқан. Мүмкін қиындықты қайта сезінгісі келмеген болар. Бірақ атасының сотталып бара жатып, пойызда жарына хат беріп жіберген студенті Дінмұхамед Қонаев болған екен.
– Хат хақында әкемнен естідім. Әкем Мағауия шебер әңгімеші еді. Әли ағаны алғаш рет (туыстар атамды солай атайтын) үйде тұтқындап, ешкімге айтпай, бұйрық бойынша жазасын өтеуге жіберген. Тұтқындалғандарды қарапайым купеде айдауылдар қарауылдаған. Әли аға жарының хабарсыз қалғанына алаңдап, қысқаша хат жазады. Ал, оны қалай беру керек? Айдауылдардың көзін ала бере, жазбаны көрші купедегі төрт студенттің біріне ұстатады. Кейін, ол хаттың тағдыры жөнінде ұзақ уақыт білмеген.
Жиырма жылдан астам уақыт өткен соң, ақталғаннан кейін, өз азаматтық құқығы қалпына келтіру үшін Бірінші басшы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына барады. Атамның ерлігіне қанық Дінмұхамед Қонаев Әли ағаны үлкен құрметпен қарсы алып, оның барлық заңды жеке өтінішін шешкен. Кездесу соңында Қонаев: «Сіз жиырма жыл бұрын жұбайыңызға хат берген көрші купедегі студент мен едім, Сіздің өтінішіңізді орындадым» депті. Дінмұхамед Ахметұлы бұл кездесулерді кездейсоқ деп санады ма, жоқ па, білмеймін, бірақ әкем айтқандай, ол барлық жағынан сөзсіз құрметке лайық адам болған, – дейді Олег Ермеков.
Ол атасының түрмедегі өмірі жайында көбіне әкесінен естіген екен.
– Әли аға түрмедегі өмірін айтқысы келмейтін. Бұл оқиғаны тағы да әкемнен білдім. Атам, тіпті, қамауда да, білім алуға тырысқан. Атам лагерь басшыларына он сыныптық түрлі мектеп пәндерінен дәріс оқыпты. Есесіне, құрал-сайман, күрек тарату сынды жеңіл жұмысқа қойылған. Пәндерді атүсті емес, терең білген. Ақталғаннан кейін армян тарихы пәнінің оқытушысымен Алматыға барады. Сондағы сұхбат барысында атам оған Арменияның тарихы туралы қате айтқанын ескерткен. Тарихшы таңғалып, дау айта бастайды. Бұл жайтты анықтауға уәде беріп, егер, қателескені шын болса, атама сағатын беретінін айтқан. Атам бұл жайлы маған бір кездері оның төс қалтасында жүретін сағаты туралы сұрағанда айтты… Армения тарихын армян тарихшысынан да жақсы білу – сұңғылалық қой. Сондай-ақ, менде атамның бірнеше Еуропа тілін меңгергенін куәландыратын мұрағаттық құжаттар бар. Араб, неміс, француз, ағылшын, италия тілдерін меңгергеніне таңғалдым. Оның бір-екеуін түрмеде үйреніпті. Бертолле теңдеуі туралы математикалық еңбектерді түпнұсқада оқыса да, жарнамаламаған. Өйткені, ол кезде білімді болу қауіпті еді, – деп еске алды немересі Олег Ермеков.