Ақтөбе облысында 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер TikTok әлеуметтік желісіне тапанша тәрізді заттарды ұстап түскен бірнеше фотосурет жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеру барысында анықталғандай, олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге контент үшін барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсатында емес, тек қызығушылықтан жасағандарын түсіндірді.
Аталған факт бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, олар профилактикалық есепке алынды. Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.