Президент дене шынықтыру және спорт саласындағы жаңа заңға қол қойды. Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа заң бойынша еліміздегі спорт саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы депутат өзінің Facebook-тағы парақшасында жазды.
– Бұл тек кәсіби спортшыларға ғана емес, баласын спортқа беріп жүрген ата-аналарға, салауатты өмір салтын ұстанатын барша азаматтарға қатысты маңызды құжат. Біздің Комитет депутаттары осы заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді, – деп жазды Аймағамбетов.
Қандай өзгерістер бар?
- Легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады.
- Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді.
- Бұқаралық спорт – негізгі басымдық болады.
- Спорт саласында тік басқару жүйесі енгізіледі – министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі керек.
- Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болуы тиіс – бұл тәртіп пен тиімділік үшін қажет.
- Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады – «мәңгілік» бастықтар болмайды. (Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген.)
- Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы.
- Әр спорт түрі бойынша жас шектеулері нақты белгіленді – бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
- Ұлттық спорттық дайындық стандарттары енгізіледі.
- Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
- Бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады – қаражат әр тарапқа шашылмайды.
- Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік беріледі – бұл қаражат сол ұйымның есебіне түседі.
- Спорттық медицинаның жұмысы нақты заңмен реттелді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны жөнінде хабарлаған едік.