Ресейде "Көк кит" тобының негізін қалаған Илья Погибловқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Новосібір облысының жалпы юрисдикциядағы соты хабарлады.
Үкімді Новосібір қаласындағы Ленин аудандық соты шығарды. "Көк кит" тобының авторы Илья Погиблов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
Айыпталушы Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп танылды. Атап айтқанда, "Кәмелетке толмағандарды қылмыс жасауға тарту", "Өзін-өзі өлтіруге итермелейтін әрекеттерді ұйымдастыру".
Сот отырысында анықталғандай, Погибловтың өзге адамдардың өліміне деген патологиялық қызығушылығы болған. Соның салдарынан ол әлеуметтік желіні пайдалана отырып, 2023 жылы "Көк кит" атты ашық топ құрған. Илья Погиблов арнасына жазылған кәмелетке толмаған балаларға өз-өзіне қол салуға дайындау үшін түрлі тапсырмалар жіберіп, адам өмірі мен денсаулығына кесірі тиетіндей жағдайға жеткізіп, өз құрбандарын суицидке итеруді мақсат еткен.
Ер адам өз кінәсін толық мойындады.
Илья Погиблов 9 жыл бас бостандығынан айырыла отырып, оған электронды және/немесе ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде интернет желілерін пайдаланатын веб-сайттарды басқаруға байланысты қызметпен айналысуға 4 жылға тыйым салынды. Ол өз жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.