Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Әуезов аудандық полициясының жедел уәкілдерімен бірлесіп, есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру дерегін анықтады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктер өсірілетін, жабдықталған фитозертхананы анықтады.
Ғимараттан өзіне тән иісі бар 31 түп өсімдік, сондай-ақ арнайы техникалар: шамдар, таразылар, тыңайтқыштар, судың қышқылдығы мен температурасын өлшейтін құрылғылар тәркіленді.
Сараптамаға сәйкес, өсімдіктер – марихуана есірткісі деп танылды, оның жалпы салмағы 21 келіден асады.
Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
- Мұндай арнайы шаралар "Профилактика жылы" аясында есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу бойынша полицияның жүйелі жұмысының бір бөлігі болып саналады. Дер кезінде ден қоюға, қызметтер арасындағы белсенді өзара іс-қимылға және жедел ақпаратты тиімді пайдалануға баса назар аударылады, - деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.