Бұл қордың қаражаты түрлі көздерден жиналады. Мәселен, демеушілік, қайырымдылық, мұрагерлік арқылы. Ал мұның ең негізгі ерекшелігі, қаражат инвестицияланады.
«Ауылда білім алатын балаларға тең мүмкіндік ұсынады»: депутат эндаумент қорлардың маңызы жайлы айтты
670
оқылды

Былтыр 27 наурызда ғана «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және оған ілеспе заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бұл заңдар елімізде қайырымдылық пен меценаттықты дамытуға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.

Эндаумент қор дегеніміз не?

Эндаумент қор – жоғары оқу орындарына, мәдениет мекемелеріне, қайырымдылық ұйымдарына және басқа да қоғамдық маңызы бар мекемелерге тұрақты қаржылай қолдау көрсету мақсатында құрылған арнаулы инвестициялық қор. Бұл қордың қаражаты түрлі көздерден жиналады. Мәселен, демеушілік, қайырымдылық, мұрагерлік арқылы. Ал мұның ең негізгі ерекшелігі, қаражат инвестицияланады. Түскен инвестициялық табыс ұйымның қажеттіліктеріне жұмсалады, ал негізгі капитал сақталып қала береді.

Мысалы, университеттің эндаумент қоры стипендиялар, ғылыми зерттеулер немесе инфрақұрылым дамытуға арналған тұрақты табыс көзі бола алады. Бұл қорлар Батыс елдерінде эндаумент қорлардың қаржысы жүздеген миллиард долларды құрайды. Сондықтан эндаумент қорларды болашаққа салынған инвестиция деуге болады.

Эндаумент қорының маңызы

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Қазірдің өзінде табысты, қалыптасқан эндаумент қорлары бар. Мысалы, республикалық физика-математикалық мектеп қоры, Назарбаев университетінің қоры. Назарбаев зияткерлік мектептерінің қорлары бөлек заңмен реттелген. Сондықтан осының бәрін ескеріп, мықты, табысты эндаумент қорларға бұл заң кіріспейді. Олар өздерінде қалыптасқан практиканы сақтайды.

Бөлек коммерциялық ұйым не үшін құрылуы керек? Эндаумент қорының қайырымдылықтан ерекшілігі бұл - инвестициялық ақша. Яғни, тікелей қайырымдылыққа жұмсалмайды. Ол ақша жинақталады, қаржы ұйымдары немесе банктер бұл қаражатпен жұмыс істейді, таза пайдасы ғана қайырымдылыққа қайтарылады», дейді.

Қазақстанда 22 эндаумент қоры бар

Министрдің сөзінше, қазірдің өзінде елімізде 22 эндаумент қоры бар. Ал елдегі эндаумент қорының маңызы туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлейменова былай дейді:

«Жалпы, эндаумент қорлар дегеніміз не? Бұл қаржыны эндаумент қорға салып, негізгі капиталын сақтай отырып, оны бір инвестицияға салып, содан инвестициядан түскен кірісті жобаларға жұмсау дегенді білдіреді. Бұл – шын мәнінде жаңа механизм. Қазақстанда бүгінгі таңда 22 эндаумент қоры жұмыс істейді. Ол бұған дейінгі қайырымдылық қорлар туралы заңның аясында құқықтық реттеліп келді. Бірақ бүгінде  қаржы нарығының дамуына байланысты, сонымен қатар эндаумент қорларға білім саласындағы сұраныстың өсуіне байланысты Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі», – дейді ол.

Ауылда білім алатын балаларға тең мүмкіндік ұсыну

Эндаумент қорларға қатысты жұмыс тобына жетекшілік еткен депутаттың сөзінше, заңға енгізілмек өзгеріс ауыл мен қала балаларының тең жағдайда білім алуына себепкер болады екен.

«15 жұмыс тобын өткіздік. Соның аясында депутаттар көптеген өзгеріс енгізді. Ең бірінші, бұған дейін эндаумент қорлар қайырымдылық қор туралы заңның 28-бабымен меценаттық объектілерге сәйкес қызметін жүзеге асыратын болса, енді жаңа заңның аясында эндаумент қорлардың қайырымдылық бағдарламалары болады. Ол бағдарламаларда, шынын айту керек, нақты адресатына жеткенге дейінгі барлық механизмдер, яғни қаржының ашықтығы, қаржының тиімді пайдалану механизмі айқындалады. Бұл – бірінші новелла. Ал екінші новеллада жалпы эндаумент қордың инвестициялық кіріс қаражаты білім, ғылым, инновациялық қызмет, сонымен қатар медицина, дәрі-дәрмек алу, бұқаралық спорт секілді нақты бағыттарды қамтитын болды. Эндаумент қорлары Қазақстан нарығына қажет, біліміне қажет. Неге? Біз, мысалы, Гарвард университетінің эндаумент қоры қазіргі таңда Гарвардта білім алу үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз етіп отырғанын білеміз. Бұл – үлкен, жақсы қайырымдылық құралы. Мемлекет басшысы «ауыл мен қала баласының арасындағы білім теңсіздігін азайту керек» деп айтты ғой. Ал сол ауыл балаларына тең мүмкіндікке ие білім беруде осы эндаумент қорлары қайырымдылық жасайды деп сенемін. Соған байланысты жұмыс тобында осы инвестициялық кіріс қалай басқарылады? Қалай тиімді қаржыландырылады? Оның нақты ашықтық механизмдері қалай болады? Міне, осындай сұрақтар туындаған кезде, біз осы тиімді нормаларды қабылдадық», – дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлейменова.

Негізгі өзгерісі мен жаңалығы

Жалпы, Заң жобасының мақсаты – нысаналы капитал қорларын (эндаумент-қорлар) құру мен олардың қызмет етуінің құқықтық негізін айқындау. Мұндай қорлар, негізінен, білім, ғылым, мәдениет пен әлеуметтік саладағы жобаларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін құрылады. Енді бұған қатысты қандай құқықтық негіздер күшейтіліп, қандай өзгерістер енді?

1. Эндаумент-қордың анықтамасы бекітіледі. Қорлар заңды немесе жеке тұлғалардың нысаналы салымдары есебінен қалыптасады. Оның активтері ақша, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік пен зияткерлік меншік нысандары бола алады.

2. Тек инвестициялық табыс пайдаланылады. Қор активтерінің өзі емес, тек одан түсетін инвестициялық кіріс те мақсатты жобаларға бағытталады.

3. Қорды басқару құрылымы нақтыланады. Қамқоршылық кеңес, атқарушы орган және ішкі аудит қызметі енгізіледі. Қордың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жыл сайынғы аудит пен есептілік міндеттеледі.

4. Сенімгерлік басқару талаптары күшейтіледі. Актив көлемі 10 000 АЕК-тен асқанда, оларды кәсіби басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға беру міндетті болады.

5. Әкімшілік шығындарға шектеу қойылады. Инвестициялық табыстың 15%-нан немесе активтердің орташа құнының 0,5%-нан аспауға тиіс.

6. Инвестициялық декларация енгізіледі. Бұл қордың инвестициялық қызметі мен шектеулерін реттейтін негізгі құжат болады.

Сонымен қатар «Білім туралы», «Ғылым және технологиялық саясат туралы», «Қайырымдылық туралы» заңдарға да өзгерістер енгізіліп, эндаумент-қорларды заңнамалық тұрғыда нақтылау жүзеге асырылады. Ең бастысы, білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелерге осындай қорларды құруға, олардың инвестициялық кірісін пайдалану құқығы беріледі.

Қазір комитет заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынып, оны Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына енгізу қажет деп тапты. Себебі бұл бастама елдегі тұрақты қаржыландыру тетіктерін дамытуға, меценаттық мәдениетін қалыптастыруға және әлеуметтік маңызды жобаларды жүйелі қолдауға жол ашады.