Оның айтуынша, адамдардың арасында құлағы күңгірлеп, дауыс естілуі көбейген. Соңғы жылдардағы дерек бойынша, олардың саны 740 миллионға жеткен. Яғни, ересектердің 20 пайызы, әрбір бесінші адам осы сырқатқа шалдыққан.
– Құлақтың шыңылдауы – бүгінгі күннің эпидемиясы. Құлақтың естімей қалуы бөлек, ал оның шыңылдауы мүлдем бөлек дүние. Оның өзі бірнеше түрі бар: асқыну алдында, асқынып кетуі, созылмалы, бір жақты немесе екі жақты, тіпті ұзақтығына байланысты тағы бөлінеді. Диагнозы тексеру барысында анықталады. Осыған сай қолданылатын антибиотик те көп. Бірақ қай-қайсысын белгілі мөлшерде, дәрігердің тағайындауымен пайдалану керек. Егер әу бастан емделушінің құлағы нашар еститін болса, оған басқа антибиотикті тағайындау қажет. Өз бетімен ем жасап, кез келген дәріні іше беруге болмайды.
Мысалы, аспириннің еш зияны жоқ боп көрінуі мүмкін. Шынын айтқанда, өмірінде бір рет оны ішпеген адам кемде-кем. Алайда бас ауырғанда аспириннен қол үзбейтініміз тағы бар. Бір ішкеннен денсаулыққа кесірі де тие қоймас. Десе де, дене қызуын түсіреді деп іше беруге де болмайды. Әсіресе, онсыз да құлағы нашар еститін жасы ұлғайған жандардың аспиринсіз күнін өткізбейтіні хақ. Сондықтан құлағы нашар еститін жанның құлағы күнгірлей бастаса, аспиринді ішуді тоқтату керек. Кардиологпен кеңесіп, оны басқа дәріге алмастырған дұрыс, – дейді Анна Лацинова.