Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясына сапары барысында «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Рухани дипломатияның әлеуетін тиімді пайдалану қажет
362
оқылды

Форумда қатысу­шылар өзара іс-қимылды нығайту және адамзатты алаңдатып отырған өзекті проблемаларды еңсеру тәсілдерін жетілдіру жөнінде пікір алмасты. Іс-шара аясында Сенат Төрағасы Дүниежүзілік ислам лигасының басшылығымен кездесті.

Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, қазір бүкіл әлем жаңа жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол осындай алмағайып кезеңде аталған ауқымды іс-шараны ұйымдастырып отырған Дүниежүзілік ислам лигасы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының миссиясы айрықша мәнге ие екенін, бұл бастама халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы байланысты жолға қоюды көздейтінін айтты. Бүгінде геосаяси шиеленіс, экологиялық және экономикалық тұрақсыздық, пандемия сияқты түрлі проблемалар бүкіл әлемнің дамуына айтарлықтай теріс әсерін тигізуде. Осы ретте әртүрлі конфессиялардың, халықаралық және саяси ұйымдардың өкілдерін біріктіретін дөңгелек үстел өткізу сындарлы диалог құру жолындағы маңызды және уақытылы алаң екені анық.

«Біз қазіргі сын-қатерлердің, ең алдымен, ушыға түскен геосаяси шиеленістің салдарын еңсеру жолында күш-жігерімізді біріктіру үшін қасиетті жерде жиналып отырмыз. Бүгінде Таяу Шығыста, Палестинада, Газада қиын жағдай қалыптасып, бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Бұл мәселеде қантөгісті дереу тоқтатып, саяси диалогты жандандыру қажет. Аталған процесте Дүниежүзілік ислам лигасы маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ дінге, нәсілге және се­німге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін айыптайтын Мекке дек­ларациясының маңызы мен мәні зор. Құжат әлем жұртын төзбеушілік пен жеккөрушілікке қарсы бірлесіп әрекет етуге үндейді. Сондықтан бұл Декларацияны бәріміз Сауд Арабиясы мен Дүниежүзілік ислам лигасының жаһандық бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлкен үлесі деп қабылдаймыз», – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшы­лығының Басшысы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстелде көтерілген мә­селелердің өзектілігіне ерекше назар аударып, әлемде әлеуметтік-экономикалық проблемалар да ушыға түскенін атап өтті. Сондай-ақ қалыптасқан рухани дағдарыс және табиғат пен қоғамға тұтынушылық көзқарас та адамзатқа өз салдарын тигізетіні сөз болды. Мұндай жағдайда жаһандық диалогты дамытудың және өзара сенімді нығайтудың жаңа тәсілдеріне деген қажеттілік арта түсетіні анық.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыру мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Осы мақсатпен Қазақстан Президенті бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы бастама көтерді. Бұл процесте дін көшбасшылары айрықша рөл атқара алады. Биыл қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII съезд өтеді. Қазір діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен әрекеттері аса маңызды. Сондай-ақ cъезд аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер Альянсымен бірлесіп, діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия ұйымдастырылады. Осы орайда съезд бен Дүниежүзілік ислам лигасының қызметіндегі негізгі басымдықтар ұқсас екенін атап өткен жөн. Біз алдағы уақытта осы жолда Лигамен жан-жақты ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтуға мүд­деліміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Дүниежүзілік ислам лигасы мен Қазақстанда орналасқан Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, дөңгелек үстелге Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының, академиялық топтардың, азаматтық қоғамның және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.

Сонымен қатар бұл күні Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман бен Абдулла Әл-Зайдпен кездесті. Онда тараптар қазіргі сын-қатерлерге назар аударып, оларды еңсеру жолдарын талқылады. Сондай-ақ олар түрлі бағыттарда өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде пікір алмасты.

Өз тарапынан Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Қазақстанның жаһандық дінаралық диалогты дамытуға арналған бастама­ларын жоғары бағалады және бірлес­кен жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүд­делі екенін жеткізді. Атап айтқанда, Астанада Мұхаммед пайғамбардың өмірбаянына арналған халықаралық көрме ұйымдастыру және Ислам өркениеті мұражайын салу жөніндегі мәселелер сөз болды.