Онда депутаттар бірінші оқылымда «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық регламенттелуін болғызбауға қатысты заң жобасын мақұлдады. Екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын қабылдады.
«Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасын депутаттарға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек таныс- тырды. Жаңа нормаларды Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет әзірленген. Бұл негізгі заң жобасы эндаумент-қорлар мен нысаналы капитал қорларын ашық түрде қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз болады.
Жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова өз баяндамасында заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар эндаумент-қорларды қаржыландыру салаларын нақты айқындағанына тоқталды. Атап айтқанда, білім беру, ғылым және инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрілік қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету, халықты әлеуметтік қорғау салалары.
Эндаумент-қордың активтерінің құрамына ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік нысандары кіруі мүмкін. Мүлікті эндаумент-қорға шектеусіз мерзімге, бірақ кемінде 10 жылға беруге болады. Бұл ретте берілген мүліктің құны сақталуға тиіс. Ал оны басқарудан түскен инвестициялық табысты ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Егер қор активтері заң жобасында белгіленген шекті мөлшерден асып кетсе, олар міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына берілуі керек. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, депутаттардың ұсынысы бойынша бұл шек 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде белгіленген.
Эндаумент-қорды басқару үшін заң жобасында коммерциялық емес ұйым болып саналатын мақсатты капитал қорының құрылуы көзделген. Жұмыс тобы оның әкімшілік-басқару шығындарына шектеу қойып, бұл шығындарды инвестициялық табыстың 15 пайызынан аспайтын деңгейде, ал табыс болмаған жағдайда эндаумент-қордың есепті жылдағы таза активтерінің орташа құнының 0,5 пайызынан аспайтын мөлшерде белгіледі.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Павел Казанцев заң жобасын әзірлеушілер нысаналы капитал қорын нақты қаражат алушы тараптың келісімінсіз құруды ұсынғанын атап өтті.
– Депутаттар маңызды түзету енгізді. Енді нысаналы капитал қорын құру кезінде, егер оның атауында белгілі бір пайда алушының есімі қолданылатын болса, сол тұлғаның жазбаша келісімі міндетті түрде талап етіледі. Бұл, біздің ойымызша, атауды алыпсатарлық мақсатта пайдаланудың алдын алады, – деді депутат.
Пікірталас қорытындысы бойынша, заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Талқылау жұмыс тобының алдағы отырыстарында жалғасатын болады.
Сонымен қатар депутаттар бірінші оқылымда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбауға қатысты заңнамалық түзетулерді де мақұлдады. Бұл заң жобасы Президенттің 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатымен әзірленген. Заң жобасының нормаларымен депутаттарды Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов таныстырды.
Жұмыс тобының жетекшісі Жарқынбек Амантай өз баяндамасында заң жобасының басты нормаларының бірі – жергілікті полиция қызметін қысқарту екенін атап өтті. Уәкілетті органның пікірінше, бұл қызметтің құрылуы күтілген нәтижелерді берген жоқ. Сондықтан ІІМ жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың негізінде екі басқарма – құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құруды ұсынады.
Сонымен бірге әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға арналған арнаулы қабылдау орындарында орын жеткіліксіздігіне байланысты заң жобасында оларды қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібі айқындалады.
Ал отандық және шетелдік инвесторларды тарту, сондай-ақ ел экономикасын дамыту үшін техникалық қарасора (каннабис) өсімдігінің өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат етілген сорттарын анықтау мәселелерін заңнамалық деңгейде реттеу ұсынылып отыр.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің отбасы мүшелері бірреттік өтемақыдан бөлек, қосымша ай сайынғы төлемдер алуға құқылы екенін атап өтті (жесірлерге – өмір бойы, балаларға – 23 жасқа толғанға дейін). Алайда бұл жеңілдік 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін, яғни тиісті заң күшіне енбей тұрып қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қолданылмаған.
Депутат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бұл әділетсіздікті жою мақсатымен заңға түзетулер енгізілгенін айтты. Бүгінде ондай отбасылар саны – 530.
Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заңды және оған қатысты түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Максим Рожиннің айтуынша, бұл негізгі заңда аумақтық қорғаныс дербес сала ретінде айқындалып, оның міндеттерін орындауға арналған күштер мен құралдардың құрамы, мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктері, сондай-ақ осы саладағы заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері белгіленген.
Заң жобасында еліміздің қорғаныс жүйесі үшін «өзін-өзі қорғау құрылымдары» және «ерікті» деген жаңа ұғымдар енгізіліп отыр. Өзін-өзі қорғау құрылымдары әскери жағдай мен соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдары арқылы құрылады.
– Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар аумақтық қорғаныстың мақсаттары мен міндеттерін нақтылау, осы салада мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін анықтау, глоссарийге «аумақтық қорғаныс нысаны» деген жаңа ұғымды енгізу, сондай-ақ мұндай нысандардың тізбесін бекіту бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың құзіреттерін белгілеу жөнінде түзетулер енгізді. Бұған қоса, аумақтық қорғаныс іс-шараларын және аумақтық қорғаныс жоспарларын әзірлеу тәртібін айқындайтын екі жаңа бап енгізілді, – деді Максим Рожин.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 11 депутаттық сауал жолдады. Барлық сауал Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланған.
Мейір ЖАСЫН