11 сәуірде Орал қаласында еліміздегі креатив индустрияны дамытудағы маңызды қадам – ÓzgeEpic креатив хабының ресми ашылуы өтті.
Оралда ÓzgeEpic креатив хабы ашылды
347
оқылды

Креатив хаб – заманауи өнер мен мәдени тенденцияларды, цифрлық өнер мен жаңа технологияларды тоғыстыратын алаң. ÓzgeEpic хабы осы бағытта инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жастардың шығармашылық бастамаларын дамытуға үлес қосып келеді. 2019 жылы Алматы қаласында бастау алған жоба, Түркістан және Астана қалаларында жалғасын тауып, табысты тәжірибеден кейін биыл Орал қаласында ашылып отыр. 

«Креативті индустрияны дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі, бұл сала Мемлекет басшысының назарында. ÓzgeEpic Oral орталығы жас таланттар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына, шабыт ұясына айналады деп сенеміз», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

ÓzgeEpic Oral креатив хабының ашылуы өңірдегі мәдени және интеллектуалдық әлеуетті арттыруға зор үлес қоспақ. Жаңа кеңістікте мәдениет пен технология саласындағы әртүрлі қызмет бағыттары бір алаңда тоғысады.

«Бүгін – дарынды жастар мен шығармашылық саланың азаматтары үшін маңызды күн. Себебі халыққа қажетті, сұраныстағы түрлі контент дайындайтын, әрі креативті мамандардың кәсіби ортасын қалыптастыратын орта пайда болды. Оралдағы орталық – «Самұрық-Қазына» қорының еліміз бойынша ашқан үшінші креативті хабы. Осыған дейін Ақтөбе және Петропавлда пайдалануға берілді», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынас­тары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Ғибрат Ауғанов.

Креатив хабтың экожүйесінде концерт алаңы, театр, кинозал, кітапхана және асхана орналасып, өнер мен білімнің жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. Сонымен қатар галерея, дәрісхана, коворкинг кеңістігі, өндірістік және медиа цехтар – фото, подкаст және дыбыс жазу студиялары, түсірілім алаңдары жұмыс істейді. Айта кетерлігі, креатив хабта өңірлік анимациялық студия жұмысын бастап, мультипликация мамандары даярланады. Бұл – аймақтағы анимация бағытындағы алғашқы кәсіби студия болмақ. 

Кадрларды жүйелі даярлау және креативті индустрияларда білім беру бағдарламаларын дамыту – Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік. Осы орайда хабта сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу бағдарламасы түзіліп, 200 креатив маман дайындалады. Бұл аймақта жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, аймақтық шығармашылық экономиканың бәсекеге қабілеттігінің артуына ықпал етеді.