Олардың арасында әлемдік медианың белді өкілдері, Пулитцер сыйлығының иегерлері, халықаралық және жергілікті БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер бар. Жиында Орталық Азия журналистеріне арналған қандай мәселелер талқыланды?
Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия халықтарының бай тарихи және мәдени мұрасын танымал ету бірлескен жұмыстың маңызды векторы екенін атап өткен еді.
Осы бастама аясында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериалын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зияткерлік ойынын атап өтуге болады.
− Мұндай тәжірибені өңірдің ортақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұрасына, туристік мүмкіндіктері мен заманауи жетістіктеріне арналған жаңа бірлескен медиажобалар жасау арқылы кеңейте түскен жөн деп санаймын. Біздің арналар қазірдің өзінде Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Тәжікстанда хабар таратады. Олармен арналардың паритеттік қатысу тізімін кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, − деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумның ашылу салтанатында.
Өңірде мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоспарлы түрде нығайып келеді. Жыл сайын Қазақстанда Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның және Түрікменстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүр. Дәл осылай Қазақстанның да мәдени күндері аталған елдерде өткізіліп келеді. Соның аясында бірлескен концерттер, кино күндері, жастар форумдары сияқты бірқатар ауқымды іс-шара өтеді.
− Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Орталық Азия елдері үшін ортақ мәдени-тарихи мұраны бейнелейтін біріктіруші оқиғаға айналды. Былтыр қыркүйек айында Астанадағы 5-ші көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2 800 қатысушы және 700-ден астам журналист келді. Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсімі мен басқа да спорттық жарыстарды Түркия, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдері жоғары сапада таратты. Бұл шара спорттық жарыс аясынан асып, бүкіл өңірден жүздеген мың көрермен мен туристің басын қосқан көшпелі мәдениеттің тамаша мерекесіне ұласты, − деді министр.
Айта кетейік, жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлы-британия, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр. Форум аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен кездесу өткізді.
Келіссөз барысында тараптар халықтар арасындағы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атады. Әсіресе, тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Одан бөлек Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары мен перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ ақпараттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және медиа саласындағы өзара байланысты дамыту мақсатында бірқатар жоба талқыланып, жоспарланды. Олардың қатарында – Орталық Азия журналистика академиясын құру, креативті индустрияны дамыту, өңірлік журналистика сыйлығын тағайындау, жаңа тележобаларды іске асыру және өңір елдерінің контентін халықаралық медиаплатформаларда кеңінен таныту мәселелері бар. Форумның түстен кейінгі бөлімінде болашақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, жасанды интеллект пен көп деректер дәуіріндегі медиа саласының цифрлық трансформациясы, елдің имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі және басқа да мәселелер қарастырылады. Форум 17 сәуір күні де жалғасады. Екінші күні республикалық және Орталық Азия медиа өкілдері студенттерге шеберлік сабақтарын өткізеді. Спикерлер қатарында – Ұлыбритания, АҚШ және Ресейден келген танымал сарапшылар бар.
Көктем ҚАРҚЫН