Күн санап майдан даласынан жеткен қаралы қағаз талайдың қабырғасын қайыстырып, шаңырағын ортасына түсірді. Сол бір отты күндердің бүгінгі тірі куәсі Тілеуберген Тобабергенов әлі күнге соғыс өртінің зардабын қынжылыспен еске алады.
Ғасыр жасаған сырбойылық қарт жауынгердің оқ пен оттың ортасында өткізген ауыр да, азапты күндері жан тебірентеді. Адамзатқа алапат қатер төндірген зұлмат соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толса да, жері үшін жігерін жауға таптатпаған қарт жауынгердің қиын кезеңі дәл бүгінгідей көз алдынан кеткен емес.
Соғыс ардагерінің балалық дәурені Қызылорда облысына қарасты сол кездегі Қазалы уезіндегі Жамбыл колхозының 2 ауылдық кеңесінде өтті. 1924 жылдың 1 қаңтарында туған жеріне кіндік қаны тамған бала Тілеубергеннің ата-анасы кеңестік колхоздың жұмысында жатпай-тұрмай тер төкті. Отбасында төрт баланың тұңғышы болғасын да, оған артылған жауапкершілік жүгі жеңіл болмады. Ес білгеннен еңбекке бейімделіп, бейнетке шыңдалып өсті. Мектеп қабырғасында небәрі жеті жылдық білім алған оны қатал тағдыр соғыстың соқпағына салды. Сол бір күн қарт жауынгердің жадынан әсте өшкен емес.
1942 жылдың 1 қаңтарында Қазалы ауданынан жинақталған оң-солын танып үлгермеген 370 жасөспірімді эшелонға тиеп, Өзбекстанның Шыршық қаласына жөнелтеді. Олардың қатарында небәрі 18 жастағы Тілеуберген де кете барды. Өзбек жерінде 10 күндей оқу-жаттығу өткізіп, одан әрі әскери эшелон Смоленск түбіне жетті. Сол жерде жас сарбаздарды бөліп, майдан даласына айдады. Қазалылық жауынгер артиллерияға жіберіліп, 76 миллиметрлік соғыс қаруын қолына ұстады. Нақты айтқанда, маршал Жуков басқаратын Беларусь майданының 28 армиясына қарасты 34 артиллерия дивизионы сапындағы жорығын бастады.
Жау әскерінен тайсалмаған ержүрек жауынгер соғыс сүрлеуінде Смоленск мен Минскіні жаудан азат етуге үлесін тигізеді.
Негізінен, оның зұлмат кезеңде майдан даласында жүріп өткен жолы бір кітапқа азық боларлық десек артық айтпаспыз. Қызығынан қасіреті басым күндердің бірінде, яғни 1943 жылдың соңына таяу ол майдан даласында ауыр жарақат алып, Тбилиси госпиталында ем алуға мәжбүр болады. Беті бері қарағасын өз әскеріне қайта қосылып, алдымен автоматшы, кейін барлаушы болып, азаматтық борышын абыроймен атқарады. Бұл жолғы жорығында Кенигсберг, Чехословакия, Румыния, Польша жерін жау қолынан азат етіпті. Ал жеңісті 1945 жылдың 9 мамырында Берлинде қарсы алыпты.
Алайда оны туған жеріне бірден қайтармапты. Соғыстан кейін ол неміс-фашист басқыншыларының тұтқынға түскендерін күзетуге жіберіледі. Елге тек 1947 жылы қайтуға мүмкіндік алады.
Тілеуберген ақсақалдың оқ пен оттың ортасында жүріп, жау әскеріне қарсы көрсеткен ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Сол кезеңде «Отан соғысы» орденімен, «Кенигсберг пен Берлинді азат еткені үшін және Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Жалпы, жауынгердің медаль толы костюмінен көз сүрінеді.
Елге келгесін отбасын құрып, қауқары кемігенше жол жөндеу мекемесінде күзетші, кейіннен дәнекерлеуші болып, адал еңбек етіп, ел алдында сый-құрметке бөлене білді. 1964 жылы Қазалыдағы ПМК-86 мекемесінен зейнет демалысына шығыпты.
Қазір 101 жасқа қараған тірі тарих Тілеуберген ақсақалға қызы Марал қамқор болып отыр. Әрдайым қарттықтан қажыған әкесінің ақ жағасын кірлетпей, қарнын аштырмай, бар жағдайын жасап жүр.
«Әкеміздің соғыс жылдары жасаған көзсіз ерлігі кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады, – дейді бізбен әңгімесінде қарт жауынгердің қызы Марал Дүзбай. – Бүгінде әкемді қарттық жеңіп, күтіммен ғана отырған жайы бар. Ауданның соғысты көрген соңғы куәсі ретінде бәрі құрметпен қарайды. Хал-жағдайын сұрап, шаңырағымызға елге белгілі талай игі жақсылар жиі келіп тұрады. Соның өзі әкемнің еліміздің тыныштығы жолында бейбітшілік туын биік ұстап, жау әскеріне сес болып, оқтан тайсалмаған ерен еңбегінің өтеуі деп білемін. Әрдайым елімізде тыныштық орнап, енді ондай сұрапыл соғыстың қайталанбауын күні-түні тілеп отырамыз, – дейді ол.
Жалпы, 50 миллионнан астам тағдырды қыршынынан қиған соғыс өрті талай отбасына орны толмас қасірет алып келді. Бірі асыраушысынан айырылса, енді бірі бауыр еті баласынан көз жазып қалды. Із-түзсіз жоғалып кеткендердің санында тіпті есеп жоқ.
Мәліметке сәйкес, сол зұлматта Қызылорда облысынан 150 мың сарбаз жау әскеріне қарсы қару кезеніпті. Соның ішінде 60 мың сырбойылық жауынгер елге дін-аман келсе, бір ғана Қазалы ауданынан бес мыңға жуық азамат туған жеріне жаралы, науқас күйде оралған екен.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы