Кітап оқитын елге айналудың нақты жолы – жастардың кітапқа бас қоюы мен шалғай елді мекендерге жаңадан шығып жатқан кітаптардың жедел жетуі.
OYORDA ойлы жастар ордасы
509
оқылды

Қазір осы екі мақсатта қатар жұмыс атқарып келе жатқан OYORDA оқырман клубы бар. Мұның негізін қалаған – жас кітапқұмарлар, клуб мүшелерінің де дені жастар. Бүгінде мұндай ұйымдардың құрылуы қарқынды жүзеге асуда, әрқайсысының өз үні бар. Демек, кітап оқу мәдениетінен алшақтап бара жатырмыз деген түсінік қате. 

OYORDA оқырман клубының мүшелеріне қарап, кітап оқу, жанр таңдау қызығушылығы салаға қатысты бөлінбейтініне көз жеткізуге болады. Өйткені олар көркем әдебиетті де, психологияны да, ғылыми негізде жазылған еңбекті де бірге оқып, рухани бас қосу алаңында бірге талқылайды. Ердәулет Құрал – біз айтқан OYORDA оқырман клубының негізін қалаушы. Өзі инженер-жобалаушы болғанымен, кітапқа қызығушылығы жоғары болуынан кітапқұмарлар қауымдастығын құрып, оны ары қарай дамыту мен жастардың игілігі үшін жұмыс істеуді миссиясына айналдырыпты. «Бұл үрдіс желігі жарқ етіп бірден басылатын жеңіл дүние емес, салмақты һәм өміршең болуға тиіс» дегенді негізгі қағидасының біріне енгізген. Айналасындағы қатарластарының терең ізденіске, рухани дамуға ұмтылысы OYORDA-ның алғашқы қадам жасауына түрткі болғанын атап өтті ол. Сөйтіп, былтыр жыл басында ерікті жастар алғашқы құрылтайын өткізіп, қауымдастық ретінде ресми жұмысының тұсауы кесілді. 

– Жүйе бойынша Ойорда 3 айлық маусымды қамтиды. Мысалы, осы маусым «Көкжиек» деп аталады. 3 ай уақытта оқырмандар 4 бағытқа, дәлірек айтқанда, тұлғатану, көркем әдебиет, тұлғалық даму, іскерлік әдебиет бойынша топтарға бөлініп, осы бағытта кітап оқиды. Қызығушылықтарына қарай, әр бағытта оқырман саны да әртүрлі. Ұйымдастырушылардан бөлек, қауымдастыққа кез келген адам мүше бола алады, алайда маусым басындағы тіркелу уақытынан кеш қалмауға тиіс. Ойордадағы әрбір топ – жауапкершілікке құрылған шағын қауымдастық. Әр оқырманның өз орны, әр дауыстың мәні бар.

Ойорданың ерекшелігі – жүйе мен жан-жақтылық. Ұйым мүшелері айына бір кітапты оқып, оны талқылауы керек. Бірақ негізі мақсат ол емес, мақсатымыз – әр адамның сана биігіне шығуы, яғни оқығаны есте қалып, оны өмірде керегіне пайдаланса екен деген оймен талқылау сабағына қатыстырып, сыни ойлауға итермелеу, – дейді Ердәулет.

Білімі терең, ойы ұшқыр жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына бағытталған Ойорда қазір 300-ге жуық кітапсүйері бар ортаға айналды. Ал оқырмандардың орташа жасы – 20-25 жас арасында. Ерболат Аянұлының айтуынша, жоба құрамында 9 жастан бастап 30-дан асқан азаматтарға дейін түрлі санаттар құрылған. Яғни, жас шектеуі болмағанымен, ниет пен жауапкершілігінің болғаны маңыздырақ.

Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Бұл бастама былтырдан бері қатаң түрде қолға алына бастаған еді. Шет аймақтарға кітап жеткізудің өзі кедергі саналатын. Осындай кедергіге бетпе-бет келіп, әр өңірдегі оқырманның сұранысын қанағаттандыру үшін ойлы жастар ордасының мүшелері OYORDA auylda жобасы аясында бір мүддеге жұмыла жұмыс істемек. Қауымдастық президентінің айтуынша, бұл жоба арқылы ауыл жастарының кітап оқуға қызығушылығын ашуға, арттыруға болады. 

– Кітаптарды ішіміздегі белсенділерімізден, жеке азаматтардан және баспалардан (мысалы, Qasym Kitap) жинаймыз. Жақында OYORDA auylda жобасы аясында бірнеше ауылда тұрақты оқырмандар клубын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл істе демеушілердің де, еріктілердің де рөлі маңызды. «Ауылға кітап ал» бойынша еріктілер бар. Егер біздің арамыздан біреу ауылына кітап апарғысы келсе, өзінің шотына қаржы жинайды. Біз апаруға көмектесеміз. Әр ауылдың кітапханасын жаңа әдебиеттермен толтыру арқылы ауыл жастарына сапалы білім мен мәдени дамуға мүмкіндік береміз. Осы уақытқа дейін Ақмола облысы мен Астана маңайындағы мектептерге кітаптар жеткізілді, – деді ол.

Айта кету керек, оқырмандар клубы жобасының аясы кең. Кітап талқылаудан бөлек куиздер, мәдени кештер, саяхат пен турнирлер жиі ұйымдастырылады. Мысалы, OYORDA Quiz – командалық көңілді-интеллектуалды ойын болса, OYORDA Talks-тың мақсаты – қоғамды дамытуға әрі жақсартуға бағытталған жоба авторларымен, қазақтілді үздік мамандармен кездесу. Қазақтілді зиялы спикер мен зиялы аудиторияның байланысын арттыру арқылы идея алмасу, тың жобаларға серпін беру. Ал OYORDA Sapar еліміздің түрлі аймақтарындағы тарихи-мәдени жерлерімен танысу арқылы таным көкжиегін кеңейту бағытында жүзеге асады. Бұған дейін ойордалықтар Қарағанды, Алматы қалаларына сапарлатып келді. OYORDA Fest – кітапты насихаттау, оқуға деген қызығушылығы мен қоғамның интеллектуалды құндылықтарын арттыру, кітаптарға екінші өмір сыйлау болса, Cash Flow қаржы сауатын арттырып, инвестициялау, кәсіптегі шешімдерді қабылдау және қаржылық менеджментке қатысы білімді арттыруға көмектеседі. Бұл бағыттардан бөлек, жақында ойордалықтардың мансабында тағы жаңа орын шымылдығын түрді. OYORDA Kitap & Kofe – кофе ішуге келетін арнайы орын емес. Бұл – шығармашыл жастардың мекені.

– Kitap & Kofe кофе мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ашылды. Кітапсүйер жандарға жайлы атмосферада тынығуға барынша жағдай жасадық. Сонымен қатар аптасына бірнеше рет кітап талқылары, тіл клубтары, мәдени-танымдық кездесулер, әдеби кештер өтеді. Іс-шараларға кез келген адам келе алады, яғни Ойорда мүшесі болу міндетті емес, – деп ойын түйді Ердәулет Құрал. 

Бүгінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқитын елге айналу – озық ойлы ұлт болуға ұмтылудағы басты мақсатымызға айналды. Осыған орай биыл елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтеді. Осындай бірегей жобалардың жүзеге асуына қолқанат болып жатқан жастардың бастамасы оқырманына ғана емес, қоғамға да игілігін тигізіп келеді. Бүгін технология билеген заман болса да, кітап құны түспей, оқуға құмартып тұратындардың саны көп болуы – адам болмысының тазалығынан, рухани дүниелерге шөліркеп, оны іздеп тұратынынан.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ