Дегенмен отты жылдарды басынан өткеріп, жаумен арпалысқан қазыналы қариялар саусақпен санарлық болса да әлі де ортамызда. Солардың бірі – Нұрғасым Әжітаев. Ғасыр ғұмырды артқа тастаған абыз қария бүгінде елорданың іргесіндегі Қосшы қаласында тұрып жатыр. Жүз жасаған Нұрғасым Әжітаевтың басынан кешкендері қазіргі бейбіт күнде еркін өскен бүгінгі балалар үшін ертегі сияқты көрінуі де мүмкін. Өйткені ғасыр ғұмырында Нұрғасым ақсақал талай ауыртпалық пен қиындықты бастан өткерген. Сондықтан ерлік пен елдікке толы қарияның өмір жолын бүгінгі ұрпақ санасында қалғаны жөн деген ойдамыз…
Нұрғасым Әжітаев 1925 жылы Семей облысы Абыралы ауданына қарасты Сарықамыс деген шағын ауылда дүниеге келіпті. Үш жасында отбасымен Құлжабасы деген жерге қоныс аударған. Алайда Кеңес Одағының индустрияландыру және күштеп ұжымдастыру саясатының салдарынан миллиондаған халық аштықтан қырылған жылдары Нұрқасым ақсақалдың да ата-анасы аман қалу үшін Семей қаласын паналапты. Кейіпкеріміз 1938 жылы кеңестік ұжымдастыру кезеңінде құрылған Еңбек ұжымшарында жеті жылдық мектепте білім алған.
1943 жылдың қаңтарында соғыстың нағыз қызған шағында буыны бекіп, бұғанасы қатпаған Нұрғасым Әжітайұлы да бар-жоғы 18 жасында Жаңасемей аудандық әскери коммиссариатынан әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. Алдымен Новосібір қаласында мергендер мектебінде жіті дайындықтан өтіп, бір жыл ішінде үздік тәмамдаған балаң жігіттің әскери қабілеті бірден байқалады. Сынақ кезінде нысана көздеуден алдына қара салмаған жас жігіт қолына ұсынылған үш оқтың бәрін дәл тигізеді. Басшылықтың назарын бірден өзіне аударған сарбаз осылайша жолдамамен Мәскеу түбіндегі шайқасқа аттанады. Құралайды көзге атқан мерген бұдан кейін Маршал Малиновскийдың қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады.
Курск доғасындағы қанды шайқастың тап ортасына топ ете түскен. Майдан даласында оқ пен оттың ортасында талай ұрысты бастан кешірген кейіпкеріміз 293 атқыштар дивизиясының құрамында болыпты.
Қарияның есінде күні бүгінгідей сайрап тұрған азапты күндердің ең ауыр кезеңдері де Берлинді алуға бағытталған шешуші шайқаста болса керек. Рейхстагтың төбесіне ту тігіліп фашистік Германия тізе бүккенімен де одан әрі 1945 жылдың тамызынан қыркүйегіне дейінгі аралықта Жапон соғысына да белсене атсалысқан. Соғыстағы ерліктері мен батылдықтары ескеріліп, рота старшинасы шені де берілген.
Майдан даласында көзсіз ерліктерімен талай мәрте көзге түскен кейіпкеріміздің алған марапаттары да жетерлік. Кеудесін тұтастай жапқан медальдар мен төсбелгілер сол отты күндерден қалған құнды естелік. Соғыс жылдарындағы батылдығы үшін Нұрғасым ақсақал «Медаль за Победу», ІІ дәрежелі Отан соғысы ардагері, Кеңес Одағының маршалы Г. Жуков медалі ғана емес, Жеңістің 55 жылдық құрметіне 1941-1945 жылдары соғыс ардагері белгісі, Жеңістің 55 жылдық құрметіне 1941-1945 жылдары «Тың жерлердің негізі», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20, 40, 50, 55, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдары, «Құрметті Қажы» алтын медалі, ел Президентінің атынан және аудан әкімдіктерінің атынан алғысхаттарымен марапатталған.
Соғыс аяқталып, бейбіт өмір басталғанымен, кейіпкеріміз еңбек майданынан да қол үзбеген. Елге оралған соң Нұрғасым Әжітайұлы Владивосток өлкесінің Артем қаласындағы әскери бөлімде комсомол ұйымына жетекшілік етеді. Краснояр өлкелік съезіне екі мәрте делегат та болып қатысады. Өз ісін асқан жауапкершілікпен атқаратын мінсіз қызметі мұнда да көзге бірден көрініп, жанкешті еңбегі үшін өлкелік мәдениет үйі Хабаров өлкесіндегі қызыл әскер ұйымының мұрағатында «Алтын әріппен аты жазылды» деген грамотасын табыстапты. 1951 жылы өзі туған Абыралы ауданындағы оқу бөліміне «Әскери инспектор» болып қызметке орналасады.
Дегенмен отбасылық жағдайларға байланысты 1952 жылы Шар қаласына ауысып, шағын стансада теміржол кезекшісі болып та еңбек етеді. Дәл сол жылы Шар қаласында өмірлік серігі Нұрзиләт Құсайынқызымен отбасын құрған.
1957 жылы Қайнар ауылына қоныс аударған он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз ағаш шебері болып 20 жылдан астам уақыт еңбек етіпті. Ауыр еңбекті бір кісідей жасаған қария 1985 жылы лайықты еңбек демалысына шыққан. Биыл 100 жасқа келгенімен, қария әлі де тың. Бүгінде жеті баласынан 10 немере және 13 шөбере сүйген кейіпкеріміз адал жары Нұрзиләтпен бірге балаларының саналы болып өсуі үшін аянбай еңбек еткен. Абыз ақсақал ең алдымен елдің амандығы мен бүтіндігін тілейді.
– 1932 жылы жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жүріп, Нүрзиләшімді сол жетім балалар үйінде кездестіріп, екі жетім солай далада жүргенде қосылып отбасын құрдық. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Ущелье Тайганың ішінде ұшқыш болып аспанда жүрдім. Дүниежүзілік соғыста танкист болып танкіде де жүрдім. Неше түрлі азапты көрдік. Барлығынан өлмей әлі күнге аман-есен жүргеніме тәубе етемін. Қазір қартайып қалдым. Көбін ұмытып қаламын. Кейде өз атымды өзім айта алмай қаламын. Бар тілегім – ең бастысы еліміздің іргесі бүтін болса екен, – дейді Нұрғасым Әжітаев ақсақал.
Ғасыр жасаған абыз ақсақалдың балалары да әкелерінің еңбекқорлығының арқасында ел ағасына айналғанын мақтанышпен атап өтті.
– Әкеміз өмір бойы айналасына сыйлы, қадірлі азамат болды. Өте еңбекқор, қол қусырып отыруды білген емес. Бізді де соған баулыды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын», – дейді Нұрғасым ақсақалдың ұлы Ермек аға.
Бүгінде Нұрғасым ақсақалдың әулеті Қосшы қаласын мекен еткендеріне үш жылдың жүзі болған. Жастайынан елдің амандығы үшін қолына қару алып, сұрапыл соғыстың бел ортасында қан кешкен қария сөзін келер ұрпақтың Тәу еткен тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түйсіну қажеттігімен түйіндеді.
– Өскелең ұрпақ бүгінгі бейбіт күннің қадір-қасиетін ұғынып, тәуелсіздіктің баға жетпес байлық екенін білуі парыз, – дейді абыз ақсақал.
Әр атқан таңнан күннің батқанына дейін ел амандығын тілеген ғасыр жасаған қарияның әлі де жасауын біз де тіледік...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы