Қоғамды жеті жасар қыздың өлімі селк еткізді. Анасының көз алдында ажал құшқан бала мен жол ортасында жан ұшыра айқайлаған ананың көз жасы көптің көңіліне қаяу салса, екіншіден, еліміздегі жол ережесіне қатысты түйіні тарқамаған мәселенің бетін ашып көрсеткендей. Өкініштісі, бұл балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алғашқысы емес.
Қауіпсіз өткелдегі қасірет
337
оқылды

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 30 мыңнан аса жолкөлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде апат сал­дары­нан 43 мың адам зардап шексе, 2 600-ге жуық адам қайтыс болған. Ресми дерекке сүйенсек, еліміз бойынша жол апатының басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген. Әсіресе, қазір мегаполисте ба­ла­ларға қатысты жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші азаймай тұр. Дәлірек айтсақ, былтыр балаларға қатысты жалпы саны 1 500-ден аса жағдай тіркелсе, нәтижесінде 1 600 жасөспірім зардап шегіп, 4 бала қайтыс болған. 

289 жол-көлік оқиғасы болған

Біз Алматы қаласындағы 7 жасар қыздың өліміне қатысты шаһардың Полиция департаментіне арнайы сауалдарымызды жолдап, қазіргі жағдай бойынша ақпарат алуға тырыстық. Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің дерегінше, жыл басынан бері мегаполисте балалардың қатысумен 289 жол-көлік оқиғасы болған. Апат салдарынан 300-ден астамы дене жарақатын алса, 2 бала өмірден озды.

– Аталмыш дерек бойынша  Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Ал автобус жүргізушісіне қатысты хаттама толтырылып, жаяу жүргіншіні жолдан өткізбегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бір емес, бірнеше сараптамалық зерттеу жүр­гізіледі. Бұл – бірнеше айға созылуы мүмкін процесс. Жеті жастағы баланың өлімі – үлкен бір әулеттің ғана емес, қоғамның қасіреті, – деді Салтанат Әзірбек.

Ал қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға билік органдары мен ата-аналар үшін сабақ бола ма? Жазаны күшейту бала қауіпсіздігін арттыруға көмектесе ме, әлде бұл мәселенің  бір қыры ғана ма? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап берген Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл,   қоғам қайраткері және «Милосердие» Ерік­ті қоғамы» қоғамдық қорының бас­шы­­сы Аружан Саин жүргізушілер үшін жазаны күшейту маңызды екенін, алайда бұл мәселенің жалғыз шешімі емес екенін атап өтті.

– Алматы қаласындағы жеті жасар қыз­дың өлімі – бәрімізді есеңгіреткен қайғылы әрі орны толмас оқиға. Қыздың ата-анасына, отбасына қайғырып көңіл айтамыз.  Өкінішке қарай, елімізде болған жол-көлік оқиғаларында көбіне балалар зардап шегеді немесе қаза табады. Негізінен, бұл жағдайдың алдын алуға болар еді. Бей­не­жазбада көргеніміздей, жолда жаяу жүргінші өткелі байқалмайды, тоқтау сызығы да көрінбейді. Бұл – ерекше мән беретін жайт, себебі оқиға қаладағы адам көп жүретін көшелердің бірінде, көлік қозғалысы тығыз жерде болған. Әрине, бұл жүргізушіні ақтамайды, бірақ оқиғаға қала инфрақұрылымын ұйымдастырудағы олқылықтар да себеп болды, – деді ол.

Аружан Саин мектеп маңында жыл­дамдықты асырған көлік жүргізушілерін автоматты түрде тіркеп, айыппұл салатын ақылды бейнебақылау жүйелерін орнату қажет екенін негізге алды. «Жүргізуші бала артында мемлекет тұрғанын сезінуге тиіс. Бұл – бір апталық науқан емес, тұрақты бақылауға айналуы қажет», – деді ол. 

– Трагедия қоғамға «сабақ болады» деп үміттенуді доғаруымыз тиіс. Әлдеқашан сабақ алынды, бірақ кейде бұл іс жүзінде қолданылмайды. Міндетті, жүйелі және жоспарлы шаралар қажет. Біріншіден, мектептегі балаларға балабақша мен бастауыш сыныптан бастап жол қозғалысы ережелерін тұрақты түрде жыл сайын және міндетті түрде оқыту. Балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отыру қажет. Бұл ретте тек теория  емес, прак­тикалық сабақтар да қамтылуға тиіс. Ба­лалар бағдаршам белгілерін түсініп, қауіпті жағдайларды алдын ала болжай білуі әркез маңызды, – деді Бала құқықтары жөніндегі экс-уәкіл.

Бізге реактивті тәсілдің орнына жүйелі әдіс қажет

Кезекті назарға алуға тиіс басты мәсе­лелердің бірі – инфрақұрылым. Бұл де­геніміз, мектеп, балабақша, тұрғын үй ма­ңындағы барлық жол толыққанды жол белгілерімен жабдықталуы қажет. Соның ішінде жаяу жүргінші белгісі ғана емес, анық көрінетін жаяу жүргіншілер өткелі (зебра), тоқтау сызығы, жарық диодты жарықтандыру, жасанды жол кедергілері орнатылғаны жөн. Аружан Саин алып шаһар Алматыда, сондай-ақ еліміздің өзге де қалаларында тіпті қарапайым белгілердің болмауы жиі ұшырасатын көрініс екенін түйреп өтті. 

– Егер алдын алу шаралары болмаса, мәдениет өзгермесе – біз тек түрме мерзім­дерін көбейтеміз, ал трагедиялар азаймайды. Бізге реактивті тәсілдің орнына жүйелі тәсіл қажет. Онымен қоса, ата-аналардың құқ­ықтық жауапкершілігін қамтитын сау­ат­тылық курстарын енгізу, мектеп, бала­бақша қызметкерлерін арнайы сабақтар өткізуге дайындау, жол қауіпсіздігі мен басқа да қауіпсіздік ережелерін үйрету сынды шараларды қолға алуымыз тиіс. Тағы бір маңызды шара – тұрақты түрде жүзеге асырылатын Мемлекеттік ақпарат­тық науқан жоспарын әзірлеп, бекітіп, ең бастысы, іс жүзінде жүзеге асыру. Бұл жол қозғалысы ғана емес, балалардың те­ре­зеден құлауы, ток ұруы, суға кетуі, улы сұйық­тықтарды ішіп қоюы сияқты бар­лық қауіп-қатердің алдын алуға ба­ғыт­талуы қажет. Егер ересектер балалары­мен көбірек сөйлессе, күнделікті қауіпсіз­дігін қамта­масыз ете білсе, балалар әл­де­қайда қауіпсіз болар еді. Бала қауіп­сіздігін қамтамасыз ету – ерекше шара емес, күнделікті нормаға айналған кезде ғана біз осындай қайғылы жағдайлардың санын азайта аламыз, – деп сөзін түйіндеді А. Саин.

Адвокат Альбина Бахтиярқызының сөзінше, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, жүк және қоғам­дық көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жауап­кершілік бұзушылықтың сипатына қарай айыппұл салу, жүргізуші куәлігінен айыру немесе көлік құралын пайдалану құқығы­нан уақытша шектеу түрінде болуы мүмкін.

– Мысалы, жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдігін тақпау немесе жолаушыларды рұқсат етілмеген орында түсіру сияқты бұзушылықтар үшін айыппұл салынады. Ал ауыр салмақты жүк көл­ікте­рінің рұқсат етілген салмақтан асып кетуі жол жабынына зиян келтіруі мүмкін, сон­дықтан мұндай бұзушылықтар үшін де әкімшілік шаралар қарастырылған, – деді адвокат.

Ал кәмелетке толмаған баланың өлімі­мен аяқталған жол-көлік оқиғаларында қылмыстық жаза қатая ма? Мұндай жағдайда айыпталу­шыға қандай жаза түрі қарас­тырылған? Ма­ман­нан сұрап көрдік.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары үшін қыл­мыстық жауапкершілік көзделген. Мұн­дай жағдайларда жүргізушіні бас бос­тан­­­ды­ғынан айыра отырып, көлік құралын басқару құқы­ғы­нан айыру немесе басқа да қылмыстық жазалар қолданылады. Егер жүргізуші мас күйінде болса немесе жол қозғалысы ереже­лерін өрескел бұзған жағ­­дайда жаза ауыр­лай түседі. Сонымен қатар кейінгі жылдары заңнамада жол-көлік оқи­­ғаларына қатысты жазаларды қатаңдату ба­ғытында өзгерістер енгізіліп келеді, – деді ол.

Сөз соңында адвокат Альбина Бахтияр­қызы Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше заңнамалық реформа қажет екенін атап өтті. Адвокаттың сөзінше, ең алдымен жол инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі күн тәртібінде алдыңғы орынға шығуы тиіс. Соның ішінде жолдардың сапасын арттыру, жарықтандыру жүйелерін жаңарту және жол белгілерін халықаралық стандарттарға сәй­кес­тендіру қажет екенін айтады. Екіншіден, жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру. «Оқыту бағдарламаларын халықаралық тәжірибеге негіздеу арқылы теориялық және практикалық емтихандардың сапасын арттыру қажет», – дейді адвокат.

– Бұл  мәселеге келгенде бейнебақы­лау жүйелерін кеңейту және автоматтандырыл­ған бақылау құралдарын енгізу, жүргізу­шілердің кәсіби біліктілігін дамыту және жолаушы­лардың құқықтарын қорғау ма­ңызды. Аталған реформалар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқи­ғаларының санын азайтуға ықпал етеді. Одан бөлек, бұл мемлекет тарапынан ғана емес, жолда жүру мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғаммен бірлесе жүзеге асыратын әрекет, – деді А. Бахтияр­қызы.  

Алматы көшелерінің бірінде болған тра­гедия – балаларға қатысты жол-көлік оқи­ғаларының бір дерегі ретінде тіркеліп қоймай, қоғамды салдармен емес, себеппен күресуге шақыратын үндеу болуға тиіс. Аталған жағдай тиісті орган өкілдеріне жол қозғалысын қатаң бақылауда ұстап, іс жүзінде жүргізу­шілердің жауапкершілігін арттыру мәселесін қатаң бақылауға алу қажет екенін көр­сетеді. Баланың қауіпсіз әрі бақытты қоғамда өмір сүруі – әрбір ел азаматына артылған жүгі ауыр жауапкершілік.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы