Мамандық таңдау – әр азаматтың өміріндегі маңызды қадам. «Мамандық таңдаудан қателеспе» дейтін үлкендердің сөзі жадымызда жатталып қалған. Бұрын оның саны шектеулі болса, қазір кейбірінің қатары артты.
Мамандық көп,  маман жоқ
624
оқылды

Алайда жыл сайын кейбір мамандықтар сұраныстан қалып барады. Керісінше, кейбіріне  маман жетіспейді. Сонымен, қоғам қандай қызметке тәуелді?  Әлеуметтік көзқарас мамандық таңдауға қаншалықты әсер етіп жатыр? Жұмыссыз қалғандар тығырықтан шығар жол таба ала ма? Бұған өзгелердің пікірі қандай? Сарапшыларға сауал тастадық. 

Данияр ҚАСҚАРАУОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

Жұмыссыздықты азайту – басты міндет

– Жұмыссыздықтың көбеюі – бұл халық жалқау деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, білім беру мен еңбек нарығының арасында байланыс жоқтығының көрінісі. Жастар оқуын оқиды, дипломын алады, бірақ сол алған мамандығымен жұмыс таба алмай қиналады. Өйткені нарық басқа мамандарды сұрап тұр, ал біз әлі де он жыл бұрын сұраныста болған мамандықтарды оқытып жүрміз.

Оған қоса, қала мен ауыл арасындағы мүмкіндіктер тең емес. Қалада бір мамандыққа сұраныс бар делік, ал ауылда мүлде басқа жағдай. Ауыл жастары үшін таңдау аз. Оның үстіне, цифрлық сауаттылықтың жетіспеуі, технологияға ілесе алмау деген де үлкен кедергі.

Бұл мәселені шешу үшін әр өңірдің нақты жағдайына қарап, жұмыс орындарын көбейту қажет. Құр уәдемен емес, нақты қадаммен. Мысалы, жастарға арналған қысқамерзімді, бірақ тиімді курстар ашу керек. Екі-үш айда нақты бір кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, жұмысқа тұруға мүмкіндік беретін бағдарламалар қажет.

Сосын «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар бар, бірақ көбіне бұл жобалар қағаз жүзінде қалып кетеді. Соларды шын мәнінде жұмыс істейтіндей етіп, кеңейтіп, әр жасқа қолжетімді ету керек. Сонда ғана біз жұмыссыз жүрген жастарды қоғамға қажет, нағыз кәсіби маман ретінде қалыптастыра аламыз. Жастар бос жүрмейді, елге де пайдасы тиеді, өзіне де.

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,

QAZBILIM GROUP компаниясының басқарма төрағасы:

Жастар гранттың соңынан емес, қабілеттің соңынан жүруі керек

– Сұранысы жоқ мамандықтарға жастардың жаппай түсіп кетуінің бір үлкен себебі – гранттың тым көп бөлінуі. Гранты көп мамандыққа жастарымыз жаппай ағылып жатыр. Ал ол мамандықтың ертеңі қандай боларын, жұмыс табыла ма, табылмай ма деген ойлар жоқтың қасы. Бұдан бөлек, елімізде кейбір мамандықтар тасада қалып қойған. Қоғамда «дәрігер бол», «мұғалім бол», «заңгер бол» деген санаулы ғана кәсіби бағыт насихатталады. Олардың шаңында аграрлық сала, технология, өндіріс, ғылым салаларында қаншама маман тапшы әрі болашағы зор мамандықтар бар. Бірақ насихаты жоқ. Бұл – үлкен кемшілік.

Тағы бір ескеретін нәрсе — қазіргі жастардың көбі «тез байысам болды» деген көзқараспен жүреді. Қай мамандықпен тез ақша табам, соған барам дейді. Бірақ ондай жолмен келген таңдау – ертең оңбай қателікке алып келетіні мәлім.

Болашақ маман мектеп табалдырығынан бастау алады. Сол үшін мектеп оқушылары алдымен мамандық емес, өзінің икемі әрі қызы­­ғып оқитын пәнін таңдағаны дұрыс дер едім. 9-сыныптан кейін-ақ әр ба­ланың бейімін анықтап, бағыт беретін жүйе керек. Ата-ана­лар­ға да ақпарат ашық әрі толық жетуі керек. Кейде олар да баласы­на нақ­ты бағыт көрсете алмай, қоғам не айтса, соған еріп кетеді. Сон­дықтан кәсіби бағдарлау жұмысын жүйелі, кең ауқымда жүргізу қажет – сонда ғана жастарымыз өз орнын табады, бос жүрген жұмыссыздар азаяды.

Айдар ХАМИТ, 

әлеуметтанушы:

«Престиж» мамандығын таңдау синдромы 

– Иә, жастардың мамандық таңда­уы­на әлеуметтік факторлардың әсері өте үлкен. Өмірлік жолдың басына енді ғана қадам басқан жас үшін бұл оңай шешім емес. Көп жағдайда олар өз жүрегінің үнін емес, айналасындағы ақылшылар­дың соңында қалып қояды. Одан бө­лек, отбасының қысымы, қоғамның тала­бы, мектептің бағыттауы секілді себептер көп әсер етеді.

Мысалы, ата-ананың ықпалымен немесе қоғамдағы «престиж» мамандықтарға қарап, дәрігер, заңгер, инженер сияқты салаларды таңдап кетеді. Бірақ бұл олардың өз қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес келмей қалуы мүмкін.

Сондай-ақ қоғамда «престиж» мамандықтарға деген бір қалыптасқан көзқарас бар. Жастар сол беделге ұмтылады. Бұл жерде достарының, туыстарының пікірі де әсер етеді. Оның үстіне, мамандықтар туралы нақты әрі шынайы ақпараттың жетіспеуі тағы бар. Кейбір жастар өз таңдаған саласының болашағы жоқ екенін тек оқуды аяқтағанда ғана түсінеді.

Сол себепті дұрыс шешім қабылдау үшін жастарға өз қабілетін танып-біліп, кәсіби кеңесшілермен жұмыс істеп, түрлі саламен алдын ала танысқан пайдалы. Әйтпесе, мамандық таңдаудағы қателік кейін жұмыстағы күйзеліске, тіпті кәсіби тоқырауға алып келуі мүмкін.

Дайындаған Әсет ҚАЛИ