Бүгінгі турбулентті геосаяси жағдай әлем елдері сияқты Қазақстанды да барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, өз даму жолын іздеуге итермелейді.
Әлемге транзиттік құшағымызды ашып отырмыз
672
оқылды

Соның әлеуеті зор бір тұсы – көлік транзиті. Еліміз еуразиялық логистикадағы «орта дәліз» аталатын белдеудің ажырамас бөлшегі. Мемлекет басшысының қазіргідей геоэкономикалық ахуалда географиялық артықшылықтарымызды барынша пайдалану туралы бастамасы осыған негізделген.

9 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Ми­нистрдің, Ұлттық банк басшы­сы­ның және Үкіметтің негізгі мүше­лері­нің қатысуымен кеңес өткізді. Он­да «тарифтер соғысы» кезіндегі әлем­дік экономиканың тұрақсыз­ды­ғы кеңінен талқыланды. Сарап­шы­лардың пікірінше, бұл ұзақмер­зімді перспективада жаһандық эко­­номикалық өсу қарқынын 1%-ға тө­­мендетуі мүмкін. Сондықтан да Қа­зақстан оған дайын болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда «орта дәліз»  жаһан­дық турбуленттілікке страте­гия­лық жауап болып отыр.

Сауда жолдарының тарихи қиылысында орналасқан Қазақстан ұзақ уақыт бойына аймақтық және жаһандық логистикада шешуші рөл атқарып келді. Біздің географиялық орналасуымыз бен көліктік тасымалдағы әлеуетіміз Қазақстанды Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі транзиттік хабтардың біріне айналдырды. Қазіргі геоэкономикалық жағдайда бұл біз үшін ғана емес, бүкіл Еуразия үшін стратегиялық мәнге ие хаб.

Сыртқы тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан өзінің стратегиялық даму бағытын қатаң ұстанады. Президент инфрақұрылым, цифрландыру, жасанды интеллект, агро­өнеркәсіптік кешен және логистика сынды негізгі басымдықтардың  жүзеге асырылуына баса мән беріп отыр. Соның ішінде қолайлы географиясы мен халықаралық сауда жүйесіндегі тарихи рөліне негізделген көлік-логистика секторы елдің стратегиялық артықшылығы ретінде ерекше бағаланады. Дамыған логистика – бұл жай ғана эко­номикалық актив емес, елдің тұрақты өсуі мен бәсекеге қабілеттілігінің кепілі.

Жаһандық логистика қысымға ұшыраған шақта жаңа бағыттарға ден қою тығырықтан шығудың тың жолы болмақ. Өйткені Суэц пен Панама каналдары, Ормуз бұғазы сынды әлемдік негізгі сауда жолдары бүгінде көлік артериясы ғана емес, сонымен бірге державалар арасындағы ашық бәсекелестік нысанына да айналып барады. Мәселен, Суэц каналы жиі-жиі аймақтық қақты­ғыстардың ошағы, Аден шығанағы хусит­тер­дің шабуыл нысаны болса, Панама ка­на­лы АҚШ пен Қытай арасындағы ықпал етудің теке-тірес құралына айналды. Ормуз бұғазы – әскери қауіптер аймағы. Мұндай ахуал геосаяси қақтығыстардан тысқары жаңаша тұрақты бағыттарға сұранысты күшейтуде. 

Президент айтқандай, қалыптасып отырған ахуалды Қазақстанға берілген мүмкіндік деп қараған жөн. Еліміз – «орта дәліз» бағдарының ажырамас бөлшегі. Осылайша, бұған дейін мемлекет деңгейінде қарастырылып келген ұлттық жобаға әлем елдері қызығушылық танытып жатыр. Демек, оның жаһандық жобаға айналу мүмкіндігі зор. 

Ел аумағының үстінен Каспий теңізін көктей өтіп Қытайды Еуропамен байланыс­тыратын «орта дәліз» арқылы 2024 жылы 3,3 миллион тонна жүк тасымал­данған екен. Бұл бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда 20%-ға артық. Тасымалдың 80%-дан астамы Қазақстан территориясымен өткенін ес­керсек, бұл оның осы бағыттағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейте түседі.

Бұл ретте Қазақстан ұлттық ауқымдағы инфрақұрылымдық жобаларды қарқынды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, 6,6 мың шақырымдық «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды ​​– Аягөз – Бұғаз», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз», «Атырау – Орал», «Мамлютка – Қостанай», «Жаңаөзен –Кендірлі» жолдарына күрделі және орташа жөндеу жүргізілді. 

4,2 мың шақырым жолдың жергілікті тораптары қалыпқа келтіріліп жатыр. Олар – «Ақтау – Форт-Шевченко», «Түркістан – Шәуілдір», «Чапай – Сайхын» бағыты. Сондай-ақ Семей қаласында автомобиль-жүк көпірінің құрылысы салынып жатыр. «Қалбатау – Майқапшағай», «Күрті – Қонаев», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ұзынағаш – Отар», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды ​​– Жезқазған», «Атырау – Доссор» және «Сарыағаш қаласы айналма жолы» бағыттарында 2,2 мың шақырымдық жол құрылысы мен ре­конструкциясы қолға алынды.

Енді бас-аяғы 13 мың шақырымдық автожолда жұмыс қайнай бастайды. 

Арқалық қаласы арқылы өтетін Орталық-Батыс автожолының құрылысы басталды. Ол 70 мыңнан астам халқы бар аудандармен көлік қатынасын жақсартады және Астанадан батыс аймақтарға бағытты 600 шақырымға қысқартады. Естеріңізде болса, бұл сүйінші хабарды Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының өзі жариялаған болатын.

Сол сияқты теміржол саласында да 5000 шақырым жолға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Достық  – Мойын­ты» учаскесінің өткізу қабілетін 5 есеге арттыру, «Алматы айналма жолы» бекетінде агло­­мерацияға түскен ауыртпа­лықты жеңіл­дету, «Дарбаза – Мақтаарал» бағытында оңтүстік бағдарлармен түйісу мақсаттары көзделген. 

«ТрансҚазақстан теміржол дәлізі» аясында «Қызылжар – Мойынты» жаңа тармағының құрылысы жолды 150 шақы­рымға қысқартуға, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту экспорттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік бермек. Ал Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде салынып жатқан үш жаңа әуежайдың құрылысы өңірлердегі туризмді дамытуға зор серпін береді.

Бұл игі бастамалардың берері мол. Ол өз кезегінде көлік-логистикамен сабақтас салаларға да орасан  мультипликативті әсерін тигізеді. Болжамға сәйкес, ЖІӨ өсіміне 0,4-1%-ға дейін үлес қосады. Осы қыруар жұмыстың нәтижесінде 2029 жылға қарай 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Ең бастысы, Қазақстанның Еуразияның транзиттік-логистикалық бірегей  орталығы ретіндегі мәртебесі барынша нығаяды. 

Түйіндей келгенде, Мемлекет бас­шысы­ның географиялық артықшылықтарды тиімді пайдалану туралы тұжырымы осы мақсатты көздейді. Бұл – болашақтың жобасы әрі игілігі.

Жаңа геосаяси, геоэкономикалық жағдайда Қазақстан тек инфрақұрылым ғана емес, халықаралық логистикада тұрақтылық пен орнықтылық архитектура­сын қалыптастыруда. Ал «орта дәліз» – ұлттық басымдық қана емес, сонымен бірге ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне жаһан­дық жауап. Біз әлемге транзиттік құшағымызды айқара ашып отырмыз.

Д.КӘРІБЕК,

«AMANAT» партиясының 

атқарушы хатшысы