Қазақстан жаңа Су кодексін қабылдады. Бұған дейін, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылдығында екі рет Су кодексі қабылданыпты. Жаңасы несімен ерекше?
Ғасыр тәуекелінен аман өтеміз десек...
коллаж: Елдар ҚАБА
354
оқылды

Депутаттардың айтуынша, бұрынғы кодекстер негізінен декларативті сипатта болып келді, нақты тетіктен емес, «ізгі ниеттер» жиынтығынан тұрды. Жаңа құжатта су үнемдеу, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, суару, дренаж жүйелерінің, сумен жабдықтау магистралдарының қауіпсіздігі мәселелерін шешуге қадам жасалып отыр. 

Кеңес заманында экологияға еш мән берілмеді. Табиғатты қорғау су­тегі бом­­басын, ядролық, тер­моядро­лық, бас­­қа қаруларды сы­нау­ға, ауыр ин­дус­т­рия­ны дамытуға, улы шаңы бұрқыраған кен орында­рын игеруге, өндіріс пен шаруа­шы­лық мақсатында тұтас өзендария­лар­­ды құрғатуға, кері бұруға және бас­қа да кесірлі істерге кедергі кел­­­­ті­ретін. 

Тарихшылар әр кезеңдегі барлық КСРО конституцияларында эко­ло­гия туралы бірде-бір сөз болма­ға­ны­на назар аудартады. Қызығы сол, Кеңес Ода­ғы­ның қоршаған ортаны қор­ғау министр­лі­гі 1991 жылғы 1 сәуір­де («Күлкі кү­нін­де») құрылды, ізін­ше, 1991 жылғы 14 қа­­­ра­шадағы КСРО Мемлекеттік кеңе­сінің қау­лы­сымен ол министрлік  жойыл­ды. 

Табиғат пен су ресурстарын қор­ғап, сақ­тау мақсатында азат Қазақ­стан ал­ғаш­қы Су кодексін Жоғарғы Кеңестiң ХІІ сессиясында, 1993 жыл­ғы 31 нау­рыз­да қабылдады. 2003 жылғы 9 шілдеде жаңа ғасырдың талаптарына сай қайта жа­зылған жаңа Су кодексі күшіне енді.

Бүгінде Президенттің тікелей тап­сыр­масымен жаңа Су кодексі өмір­ге жолдама алып отыр. Мемлекет бас­­шысы 2025 жылғы 9 сәуірде суға қа­тыс­ты тұтас заңнамалар топтамасына қол қой­ды. Оның арасында «Су кодексі», «Кей­бір заңнамалық актілерге су қорын қор­ғау және пайдалану мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы», «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодексіне су қо­рын қорғау және пайдалану мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтыру енгізу ту­ралы», сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық туралы кодексіне су қорын қор­ғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңдары бар.

Жаңа Су кодексі ресми жарияланғаннан 60 күн өткенде, яғни 2025 жылғы маусым айы­ның басында күшіне енеді. Ол 6 бө­лім­нен, 15 тараудан және 134 баптан тұра­ды. Кодекстің негізгі миссиясы су ресурс­та­рын кешенді басқаруды дамыту қағи­да­тына сай мемлекеттік жоспарлау жүйесін ре­формалау болады. Өйткені бұрын қол­да­нылған Су кодексіне 2003 жылдан бері 82 өзгеріс енгізілді. Онда көптеген нор­ма­ның тиісті тетігі болмаған соң 22 жыл ішін­де сол бойы шешілмеген көрінеді.

Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су ны­сан­дарын қорғауға бағытталған. Заңнамаға ал­ғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл азаматтар мен ел экономикасын су тап­шылығынан, ал су нысандарын лас­тану­дан қорғайды, трансшекаралық су ны­сандарын қорғау, пайдалану саласында ел мүддесіне қызмет етеді.

Екінші блок саланы басқару тәсілдерін қай­та қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға жұртшылықты кеңінен тартуға мән берілген. Үшінші блок су тасқынының, судан келетін залалдың алдын алу, жою іс-шараларын қамтиды.

Төртінші блокта су қорын пайдалану, қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау қатаңдатылды. Бассейндік су инс­пекцияларына мемлекеттік бақылау функ­циясынан бөлек, жедел әрекет ету үшін қадағалау өкілеттіліктері берілді. Бе­сінші блок гидротехникалық құрылыс­тар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған.

Кен іздеушілер Аралдан аласталды

Кез келген мемлекеттің Күн сөнген­ше тұруы және өлместің күнін кешпей, өркендеп, ілгері басуы үшін хал­қы­ның, шаруашылығының, өндірісінің сумен жеткілікті  қамтылуы маңызды. Су ре­сурстарын тиімді басқару – орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың, су, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы. 

– Су ресурстарын ұтымсыз тұтыну жә­не пайдалану оның ысырап етілуіне, лас­тануына, сарқылуына соқтырады. Елдегі су ресурстарына түсетін жүктемені азайту, климаттың өзгеруіне байланысты экстре­мал­ды құбылыстардың қарқыны артқан жағдайда инфрақұрылымдық, қаржылық, өзге мәселелерді шешу үшін су ресурстарын бас­қару жүйесін жетілдірудің уақыты кел­ді. Су кодексінің негізгі жаңашылдығы осын­да, – деді Сенаттың Аграрлық мәсе­ле­лер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Жанболат Жөргенбаев.

Мұның сыртында су заңнамасын бұз­ға­ны үшін жаза күшейтілді. Жеке, лауа­зым­ды және заңды тұлғалардың жауап­кер­шілігін күшейту үшін айыппұл мөлшері арттырылды. Атап айтқанда, суды заңсыз алу; су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс салу; су­ды пайдалану шарттары мен режимін бұзу; су ресурстарының ластануы және сар­­қылуы; су объектілерінің арналары мен ше­­караларының өзгеруі және тағы басқа сия­қты құқықбұзушылық түрлеріне қа­тыс­ты қатаң шара қарастырылды.

Депутаттардың түсіндіруінше, Су ко­дек­сінің басты алты жаңашыл­ды­ғын атап өтуге болады. Біріншіден, ст­ра­тегиялық жоспарлаудың жаңа құрал­дары енгізілді. Екіншіден, кәсіпорындарға гидротехникалық құрылыстарды көп­фак­тор­лы тексеруден өткізу және қауіпсіздік декларацияларын, техрегламентін әзірлеу жүктеледі. Үшіншіден, сала цифрлан­ды­рылады. Су ресурстарының мониторингі ен­гізіледі, суды басқарудың бірыңғай Ұлт­тық ақпараттық жүйесін құру жоспар­лан­ған. 

Төртіншіден, жаңа кодексте суды үнем­­­­деуге екпін түсіріледі. Суды ұтымды пай­­­далану, ысырапты азайту, суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша су пай­даланушылардың міндеттемелері бекітілді. Су­ды кәдеге жарату және қайталама сумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жоспары болған жағдайда арнайы су пай­далануға рұқсат беріледі. Ауызсуды үнем­деу мақсатында елді мекендерді тех­ни­калық сумен жабдықтау жүйелерін құру ре­ттеледі. Ал суды тұтынудың «ең жақсы қол­жетімді технологияларын» пайда­ла­на­тын, үнемшіл кәсіпорындарға мемлекеттік қол­дау көрсетіледі. 

Бесіншіден, жаңа кодекс Қазақстанды кли­маттың өзгеруіне бейімдемек. Жеке та­рауда су ресурстарының тапшылығын жә­не судың зиянды әсерлерін болдырмауға бағытталған су ресурстарын басқару жүйе­сін дамытудың бірқатар шарасы, соның ішінде судың зиянды әсерінің алдын алу және жою, құрғақшылықтың жағымсыз зар­даптарына бейімделу, жасанды құр­ғақ­шылықтың алдын алу қарастырылған. 

Құжаттың тағы бір жаңалығы ‒ бала­ма­лы су көздерін жинақтау және пайдалану көз­делген. Жаңбыр, қар суы, яғни табиғи ор­тада пайда болатын барлық су елдің су әлеуе­тін толықтыру және сақтау көзі ре­тінде қарастырылады. Соның негізінде бо­­лашақта Германиядағыдай «жаңбыр са­лығы» енгізілуі мүмкін. Бірқатар эко­бел­сенді шатырынан аққан жауын-ша­шын, қар суын жинап, пайдаланбайтын, сол арқылы қалалық коммуникацияға сал­мақ түсіретін, суды ысырап ететін жеке үй­лерге, ғимараттарға қосымша алым ен­гізу бастамасын көтеріп жүр. 

Тиімді тұтынуға тариф түрткі

Президент өз Жолдауларында су ре­сурстарын ұқыпты, тиімді пай­далану тәсілдерін әзірлеу жөнінде нақты тап­сырмалар беріп жүр. Мысалы, ресми ақ­парат бойынша елдегі барлық судың 30%-ын – өнеркәсіп саласы, 60%-ын – ауыл шаруашылығы шығындайды. Жаңа ко­декс аясында оларды суды үнем қылуға міндеттеу тетіктері күшейтілмек.  

Су ресурстары және ирригация ми­нист­рі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, жал­пы Қазақстан бойынша өнеркәсіп кә­сіпорындары жылына 6 миллиард текше метр су шығындайды. Оның тек 800 мил­лион текше метрге дейінгісін тазартып, қай­та пайдаланады. Бұл небәрі 12%-ы. Ми­нистр былтырғы тамызда Су басқару жүйе­сін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұ­жы­рымдамасын қабылдағандарын еске салды. 

– 2030 жылға дейін суды қайталама пай­далану көрсеткішін 40%-дан асыруы­мыз керек. Жаңа Су кодексі күшіне енген­нен бастап екі жыл ішінде барлық мекеме, өнер­кәсіп кәсіпорындары, ауыл шаруа­шы­лығы, жеке кәсіпкерлер суын пай­да­ла­натын бассейн инспекцияларымен бірге ар­найы, тиісті іс-шараларды қабылдауы керек. Онда келесі 5 жыл ішінде суды үнем­деу, суды тиімді пайдалану, суды қайта пай­далану шараларын жеке қарастыруы қа­жет. Осы жұмыстар атқарылғанда бел­гі­ленген индикаторларға қол жеткіземіз, – деді министр.

Реформа аясында ағын суға тариф бе­кіту құзыры Ұлттық экономика ми­нистр­лігі­нен алып қойылып, Су ресурстары жә­не ирригация министрлігіне беріліп жа­тыр. 2025 жылдың екінші жартысынан бас­тап мал, егін шаруашылығымен айна­лы­сатындарға және басқасына су тарифін бел­гілеу саясатын осы министрлік жүр­гі­зе­ді. Шаруашылық суды әр дақылға байла­ныс­ты нормативтен көп пайдаланса, оған та­риф 20%-ға өседі. Бұл норма 2024 жыл­дың мамыр айынан бастап күшіне енді. 

Жасыратыны жоқ, суды үнемдеуге мәж­бүрлеу шаралары халыққа да тікелей қа­тысты болады. Үкімет тарапынан суды нор­мативтен тыс тұтыну, мысалы, ұзақ суға түсу, үнемі ванна қабылдау, ауызсуды бақ­ша суаруға, көлік жууға пайдалану жә­не басқасы үшін жоғары тарифтермен жа­залау, тарифтік саясатты жетілдіру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. 

Жыл басынан қазақстандықтар ком­муналдық қызмет түбі­р­тек­те­рін­де су үшін ақының қатты өскенін бай­­қады. Ұлттық экономика министрлігі был­тырдан бері ауызсу бойынша «сара­лан­ған тарифтер» енгізілгенін хабарлады. 

Екінші топқа ‒ 3-тен 5 текше метрге дейін су тұтынатын отбасылар жат­қы­зыл­ды. Олар үшін тарифтер 20%-ға көтерілді. Бұл санатқа халықтың 20%-ы енді. Үшінші топ ‒ 5-тен 10 текше метрге дейінгі аралық­пен шектелді. Оларға тарифтер 50% ұлғай­ды. Бұл санатқа да халықтың шамамен 20%-ы кіреді. Төртінші топ ‒ ай сайын 10 тек­ше метрден көп суды тұтынатындар. Қа­зақстандықтардың 10%-ы сондай екені мә­лімделді. Олар үшін тарифтер бірден 2 есе өсірілді. 

2024 жылы сараланған тариф 9 облыста сы­нақтан өтті. Министрліктің дерегінше, сол 9 облыста айына 1 миллион 600 мың тек­ше метрге дейін су үнемделіпті. Ал үнем­дей алмаған қазақстандықтарға ай сайын бұрынғыдан 800 мың теңгеге дейін артық төлеуге тура келіпті. Үкімет са­ра­лан­ған тариф аясында түсетін қосымша қар­жы су жүйесін қалпына келтіруге жұм­салатынына сендірді.

Су қауіпсіздігі – XXI ғасырдың негізгі жаһандық тәуекелдерінің бірі. Ол тәуе­кел­ден ел абыроймен әрі аман өтуі үшін билік, биз­нес пен бұқара суды ұтымды, ұқыпты, үнем­ді жұмсау жолына түбегейлі бет бұр­ғаны жөн.

Айхан ШӘРІП