Қарапайым еңбекке құрмет артса, қоғам да алға басады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау арқылы еңбек адамының мәртебесін көтеруді, жастарды техникалық және жұмысшы кәсіптерге ынталандыруды, сондай-ақ кәсіби білім беру жүйесін реформалау арқылы экономикаға қажетті білікті мамандар даярлауды мақсат етті.
Баспана жайы байыпты ма?
675
оқылды

Осы мақсатта биыл «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі ретінде жұмысшы кәсіп өкілдеріне арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 

Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл бастама жұмысшы мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, беделін арттыруға қалай ықпал етті? Ол халықтың әл-ауқатын көтеруге нақты мүмкіндік бере ала ма? «Алаң» айдарында осы мәселелер төңірегінде пікір алмасу үшін бірқатар сарапшыларға сауал жолдадық.

– «НАУРЫЗ ЖҰМЫСКЕР» БАҒДАР­ЛАМАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ, 

«AMANAT» фракциясының мүшесі,

Мәжіліс депутаты: 

– Биыл Пре­зидент бастама­сымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» жария­лан­ды, соның аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – От­басы банкі «Нау­рыз жұмыс­кер» бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның басты мақсаты – еліміздегі жұмыскерлерге тұр­ғын үй алу мүмкіндігін беру және эко­номикалық белсенділікті арттыру. Соң­ғы жылдары әлеуметтің осал топтары­на – көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасылар, жетім балаларға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, жұмысшы мамандардың әлеуметтік ахуалы назардан тыс қалған еді. Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарла­масы аясында мемлекет тарапынан 72 миллиард теңге бөлінді, бүгінгі күні оның 91 пайызы игеріліп үлгерген. Бұл қаражат елдің барлық аймақтарындағы азаматтарға тұрғын үй несиесін жеңіл­детілген шарт­тар­мен беру үшін жұмсалып жатыр. Әлеу­меттік осал топтар үшін жыл­дық 7 пайыз, қалған азаматтар үшін 9 пайыздық мөлшерлемемен несиелер берілді. 

Рамазан САТТАРҰЛЫ, 

әлеуметтану ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор:

– Құрылыс секторы – экономиканың аса маңызды саласының бірі. Ол тек өзі ғана емес, сонымен қатар экономиканың басқа да салаларының дамуына серпін беретін реалды секторға жатады. Осы тұрғыдан алғанда, құрылыс саласын дамыту, оның ішінде тұрғын үй құрылысы­на мемлекет тарапынан қолдау көрсету, қаржы бөлу – әрдайым өзектілігін жой­май­тын маңызды мәселе. Қазіргі таңда елімізде салынып жатқан тұрғын үйлердің көлемі жыл сайын артып келеді. Алайда бұл баспаналардың қай әлеуметтік топқа бағытталғанын ескергеніміз жөн. Бүгінде тұрғын үй бағасы өте қымбат. Неліктен? Себебі салынатын үйлердің басым бөлігі «комфорт плюс», «бизнес», «престиж» сияқ­­ты жоғары кластарға жатады. Мұндай үйлерді қарапайым жұмысшы немесе қызметкердің сатып алуы оңай емес. Сондықтан тұрғын үй құрылысында шынайы қажеттілікке, яғни халықтың басым бөлігін құрайтын қарапайым аза­маттарға арналған қолжетімді баспаналарға басымдық беру орынды әрі уақыт талабы деп есептеймін.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, 

экономист:

– «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы – қарапайым еңбек адамын қадірлеудің, олардың қоғамдағы орнын айшықтап, өмір сүру сапасын арттырудың жарқын көрінісі. Әсіресе, күннің аптабын да, түннің қараңғылығын да елемей, құрылыс басында, өндіріс орындарында, жол бойында маңдай терін төгіп жүрген жан­дар үшін бұл – үлкен қолдау, зор қамқор­лық.

Биылғы жылдың «Жұмысшы маман­дық­тар жылы» деп аталуы – мемлекеттің еңбек адамын құрметтеп, оларға нақты жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ұсынуға бет бұрғанының белгісі. Сол себепті де «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы дәл осы кезеңде жүзеге асырылып отыр. Бағ­­дарлама аясында Отбасы банкі арқылы 72 миллиард теңге бөлініп, 2 440 азаматқа жеңілдетілген шарттармен баспана алуға мүмкіндік берілмек. Бұл тек цифр емес, әр үйдің артында тұтас тағдыр, үміт пен қуаныш тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Бағдарламаның әлеуметтік әсеріне келсек, оның алғашқы жемісі – жұмыс­сыздық деңгейінің төмендеуі болмақ. Уақытша немесе маусымдық болса да, ашылған әрбір жұмыс орны – бір от­басының үміті, бір азаматтың тіршілігіне серпін. Бұл – әсіресе, екі қолына бір күрек таппай жүрген жандар үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан әлеуметтік осал топтарға жататын жұмысшы мамандарға да қолдау көрсетілетіні көңілге медеу дер едім. Өйткені олар үшін бұл тек табыс көзі ғана емес, қоғамда қажет екенін сезі­ну­дің, өз орнын табудың жолы. Сон­дай-ақ бастама қаламен қатар, ауыл-ай­мақ­тың дамуына да оң ықпал етеді деген сенім мол. Себебі тіршілік қыз­ған жерде қозғалыс, ал қозғалыс бар жерде өсім, өркендеу бар.

Ал бағдарламаның экономикалық әсеріне тоқталсақ, бұл бастама азамат­тар­дың төлем қабілетін арттырып, ел іш­ін­дегі экономикалық тынысты жаңғыр­туға серпін береді. Қолына табыс түскен әрбір жан – ішкі нарықтың белсенді қа­тысушысы. Демек, халықтың қалтасы қалыңдаса, сауда-саттық жанданып, отан­дық өнімге деген сұраныс та арта түседі. Бағдарлама арқылы бөлінген қаржы желге ұшпай, дәл көзделген нысан­ға, қарапайым халықтың мұқтажына ба­ғытталады. Бұл – мемлекеттік шығын­дардың тиімді жұмсалуына жол ашып, ел қазынасынан бөлінген қаражаттың әр тиыны өз орнын табады деген сөз. Нәти­жесінде, бағдарлама экономиканың күретамырына қан жүгіртіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын да жақ­сартуға жол ашады деп сенемін.

– БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЕҢБЕК НАРЫ­ҒЫНА ЫҚПАЛЫ ТУРАЛЫ НЕ АЙТАСЫЗ?

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ, 

«AMANAT» фракциясының мүшесі,

Мәжіліс депутаты: 

– Жұмыскерлердің жайын елеп-ес­керіп, арнайы жыл аясында олардың әл-­ауқатын жақсартуға мемлекет тарапынан көңіл бөлу – аса маңызды бастама. Өйткені бүгінде жұмысшы мамандықтар тапшы, тау-кен, құрылыс және тағы басқа салаларда қызметтік көліктерді басқаратын, арнайы механизмдерді игеретін мамандарды таба алмайсың. Өйткені жастардың басым бөлігі экономист, заңгердің оқуына қызы­ғады. Коллежде білім алып, өндіріске ара­ласып кететін жастар кемде-кем. Ау­ыл­ға барсаң қойшы, малшы таба ал­майсың. Халық арасында жұмысшы мамандықтарды қор санайтын ұғым қалыптасқан. БАҚ бет­терінде, түрлі медиада да жұмыскерлерді әспеттеуді қойдық. Осы себептен де «Жұ­мыс­шы мамандықтар жылының», «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының мәні де, жастарға ықпалы да зор. Ел тұрғындарының ең басты проблемасы – баспана және жұ­мыс қамы. Бұл екі тетікті реттеуге мем­­­ле­кет тарапынан көңіл бөлініп жатса, жас­тардың ынтасы оянатыны анық. 

Рамазан САТТАРҰЛЫ, 

әлеуметтану ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор:

– Егер тұрғын үй бағдарламасы шыны­мен де қара­пайым қызметкер мен жұмыс­шыға қолжетімді болса, онда біз бірден екі түйткілді мәселені шешеміз: құрылыс саласының дамуы­на серпін бер­іп, баспана тапшылығының түйінін тар­қатамыз. Бүгінде жас азаматтардың, әсіресе 25–30 жас аралығындағы жұмысшы жандардың алғашқы баспанаға қол жеткізуі – үлкен проблема. Егер оларға төмен пайыздық мөлшерлемемен несие ұсынылса, бұл – шынайы әлеуметтік қолдаудың көрінісі болар еді.

Мұндай бастама тек баспанамен қамтамасыз етумен шектелмейді. Ол қо­ғамда көп жағдайда елеусіз қалатын еңбек адамдарының – жұмысшылар мен қызметкерлердің қоғамдағы мәртебесін арттыратын маңызды құралға айналар еді. Себебі әрбір азаматтың еңбегі ба­ғалануға тиіс. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам.

Сонымен қатар тұрғын үйге қолжетім­ділік жастардың елге, жерге деген сенімін арттырып, тұрақты болашаққа деген үмітін нығайтады. Олар сырт елге кетуді емес, туған жерінде тамыр жайып, отбасын құруды, еңбек етуді қалайды. Демек, бұл бағдарлама тек экономикалық емес, демографиялық, әлеуметтік тұрақтылықтың да кепіліне айналмақ.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ,

экономист:

– «Наурыз жұмыскер» сияқты бас­та­малардың ықпалы еңбек нарығында жаңа бетбұрыстарға жол ашатыны анық. Бұл тек бағдарламаның аясында уақытша жұмыс орындарының құрылуымен шек­телмейді. Ол – сан түрлі себеппен жұмыс­сыз қалған жандарға, енді ғана үлкен өмірге аяқ басқан жастарға үміт ұсынатын, бағыт сілтейтін маңызды қадам. Еңбек өтілі жоқ, қолына дипломын енді алған жас буын үшін бұл – кәсіби жолдың бастауына айналуы мүмкін.

Бағдарлама әсіресе шалғай аймақ­тардағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға да әсер етеді. Үлкен қала мен ауыл арасындағы айырмашылық тек геогра­фиямен емес, мүмкіндіктермен де өлше­неді. Ал мұндай жоба ауылдағы азаматтарға да тең мүмкіндік ұсына отырып, өңірлер арасындағы алшақтықты біртіндеп жоя бастайды.

Ең бастысы, жастарға бағдар. Көптеген жас маман болашақта баспаналы болуға жол ашатын нақты мамандықтарды таң­дауға бет бұрып, өз өміріне жауапкерші­лікпен қарай бастайды. Бұл – тек еңбекке тарту емес, ел ертеңін қалыптастыратын сана мен ұстаным қалыптастыру.

–  ҰЗАҚМЕРЗІМДІ ПЕРСПЕКТИВАДА БАҒДАРЛАМАДАН ТАҒЫ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ КҮТЕМІЗ?

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ, 

«AMANAT» фракциясының мүшесі,

Мәжіліс депутаты: 

– Тұрғын үй бағдарламасына бөлінген 72 млрд теңге аз, әлі де қаражат бөлінуге тиіс. «Наурыз жұмыскер» жыл сайын мыңдаған жұмыскердің тиімді шарттармен баспаналы болуын қамтып отырса, мұны көрген жастар кем дегенде жұмысшы мамандықтарға қызығып, зерттей бастайды. Ұзақмерзімді перспективада бұл бағдарлама тек тұрғын үймен қамтамасыз ету құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамда еңбекке деген көзқарасты өзгертуге жол ашады. «Наурыз жұмыскер» арқылы баспаналы болған азаматтардың өмір сапасы артып, әлеуметтік тұрақтылық күшейеді. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық оянып, олардың мәртебесі артады. Бұл өз кезегінде кәсіптік білім беру жүйесін дамытып, білікті кадрлар санын арттыруға сеп болады. Ал мемлекеттің жұмысшы күшіне деген тәуелділігі ішкі ресурстар арқылы қамт­амасыз етіліп, экономикалық тәуелсіздікке бір қадам жақындаймыз. Болашақта бұл бағдарлама еңбек адамының мәртебесін арттырып, еліміздің әлеуметтік әділеттілік қағидаларын нығайта түсері сөзсіз.

Рамазан САТТАРҰЛЫ, 

әлеуметтану ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор:

– Дегенмен мұндай ауқымды әрі әлеу­метке бағытталған бағдарлама қысқа мерзімге ғана емес, ұзақ уақытқа бағыт­талуы қажет. Яғни, ұзақмерзімді даму стра­тегиясына негізделген өміршең жоба­ға айналуы керек. Бір-екі жылда аяқталып қалатын, не болмаса төрт-бес жылда тоқтап қалатын уақытша бастама емес, жылдар бойы жетілдіріліп, тұрақты түрде жалғасатын жүйелі бағдарламаға айналуы қажет.

Мұндай маңызды іс шын мәнінде жемісін беруі үшін оған бейімделу, жеңілдету тетіктері енгізіліп, халықтың сұранысына сай оңтайлы шешімдер қабылданса деймін. Жүйенің әлсіз тұстары уақыт оздырмай анықталып, жауапты мекемелер тарапынан дер кезінде шешім қабылданып отырса, бұл бастама өз мақсатына жетеді. Бұл – жай ғана әлеу­меттік жоба емес, қарапайым жұмыс­шы­лардың ертеңіне деген сенімнің нышаны.

Нәтижесінде, біз ең алдымен, маңдай терін төгіп, адал еңбегімен күн кешіп жүрген қарапайым жұмысшының тұлғасын дәріптейміз. Оның қоғамдағы орнына жаңа көзқараспен қарап, әлеуметтік беделін арттырамыз. Бұл – еліміз ұстануға тиіс ең басты қағидалар: адал еңбек, адал табыс, адал өмір сүру ұғымдарының нақты өмірде көрініс табуы. Осылайша, біз әділетті қоғамның берік іргетасын қалаймыз.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, 

экономист:

– Ұзақмерзімді перс­пективада «Нау­­рыз жұмыс­кер» бағдарламасы елдегі еңбек мәде­ние­тіне тың серпін беріп, жұ­мысшы ма­ман­дықтарының бедел­ін арттыра түс­­еді. Қазіргі таңда қоғам­да кейбір тех­ни­ка­лық немесе қол еңбегіне негізделген кәсіп­­терге деген көзқарас әлі де болса үстірт қалып­тасқан. Ал бұл бастама сол теріс түсініктерді бұзып, қарапайым еңбек иеле­рінің маңызын қайта бағалауға жол ашады.

Бағдарлама негізінде өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті хал­ық­­ты тұрақты табыспен қамтамасыз ету мүм­кіндігі артады. Бұл – тек жұмыс емес, өмір сүру сапасының артуы, азамат­тардың ертеңге деген сенімі. Сонымен қатар ин­фра­құрылым дамып, жол, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар көбейеді. Мұның өзі ауыл мен қала ара­сын­дағы даму алшақтығын біртіндеп азайтады.

Бағдарлама еңбек нарығындағы тепе-теңдікті қалыптастырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де ықпал етеді. Әсіре­се, жастар үшін бұл – нақты бағыт, нақ­ты мүмкіндік. Олар мамандық таңдауда тек беделге емес, болашақта тұрақтылық сый­лайтын кәсіпке ұмтылады. Осы тұр­ғыдан алғанда, бұл бастама елдің әлеумет­тік-эко­номикалық дамуына берік негіз қалайды.

 

Керек-дерек

 17 наурызда «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 

16 сәуірдегі жағдай бойынша жұмысшы кәсіп өкілдерінен 3 542 өтінім қабылданды, оның ішінде 2 676 адам қарыз бойынша мақұлдау алды, 14,2 млрд теңге сомасына 590 қарыз берілді.

 «Наурыз жұмыскер» қатысушысының орташа жасы – 31 жас. Мақұлдаудан өткен қатысушылардың 20%-ы әйелдер. Банктен сұратылатын қарыздың орташа сомасы – 29 млн теңге. Қатысушылардың орташа жасы – 31 жас, ал ең жасы 19-да, ең үлкені – 62 жаста. 

 Баспана іздеу үшін жолдамаға қатысушылардың алты айы бар. Өңірлер үшін ең жоғары қарыз сомасы 30 млн теңгені, Астана мен Алматы үшін – 36 млн теңгені құрайды. 

 Мегаполистер мен облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады. Қайталама тұрғын үйді моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде сатып алуға болады. 

 «Наурыз жұмыскер» бағыты жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға көмектесуге арналған, бұл олардың әл-ауқатының өсуіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар «Наурыз жұмыскер» жұмысшы мамандықтарының жаңа имиджін қалыптастыруға көмектеседі, оларды жастар үшін тартымды етеді. Ұзақмерзімді перспективада бұл бағыт өңірлердің тұрақты дамуына, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

 

P.S. 

Кеше «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында өтінім қабылдау аяқталды. Жоба аясында биылға бөлінген 72 млрд. теңге толықтай игерілді. Несие өтінімі қабылданған қатысушылар алдағы 6 ай ішінде өздеріне жайлы баспана іздейді.

Дайындағандар: 

Айдана НҰРМҰХАН, Кәмила ДҮЙСЕН