Оның айтуынша, сырға салуға дейін екеуінің қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүргенін жасырған.
– Ешкімге айтқымыз келмеді. Оның үстіне, көбіне қарым-қатынасымыз қашықтықта өтті. Ресми нақты қадам жасалғанға дейін жасырып қоймақ болдық. Негізі айтқым да, салғым да келді. Бірақ бір кісі «өз уақытында саласың» деп басып отырды. Тәтті шайдан кейін сары майдай сары сандықтың түбінде сақтаған екеуіміздің суреттеріміз жарияладым. Өз аудиториям хат жазып, пікір қалдырады деп ойладым. Бірақ мұндай резонанс туады деп күтпедім, – дейді ол.
Диана Скатованың айтуынша, осы жаңалықтан кейін оның Instagram парақшасында 150 мың қолданушы жазылған.
– Кейбір көрермендер біздің хикая 2019 жылдан бағдарламада бірге жұмыс істей бастағаннан басталған деп ойлады. Шын мәнісінде олай емес, ол беріде бастау алды. Бұған дейін біз дос, әріптес қана болдық. Эфирде ағам ретінде қорғап отыратын. Сондықтан біздің махаббат аға мен қарындастан басталды. Оған қоса, айналамыздағылар, әсіресе екеуміздің анамыз біздің отбасы болуымызды қатты қалапты. Сұлтанның мамасы «Мен Диананы Сұлтаннан да бұрын жақсы көріп қойғанмын» деп айтқаны бар. Сол себепті жұлдызымыз жарасты деуге болады, – деді Диана Скатова.