Жергілікті «Отырар» телеарнасының хабарлауынша, «Ақылды бала» орталығындағы кеңінен тараған кадрлары әлеуметтік желі қолданушыларын дүрліктіріп жіберді. Бейнежазбада мекеме қызметкері, өзі мамандығы бойынша суретші, 13 жастағы балаға зорлық-зомбылық көрсетіп жатады: оны аямай ұрып-соғып, сүйреп әкеп, бұрышқа отырғызады. Содан кейін ғана таяқты әрлі-берлі сермеп, онымен сөйлесе бастайды.
Гүлжауһар Жорабекованың айтуынша, ұлын сабақтан алып кетуге келгенінде мұғалімнің оны қинағанын өзінен естиді. Бірден орталықтағы қауіпсіздік камераларының жазбаларын қарап, оқиғаны телефонына түсіріп алады. Міне, сол бейне жазбаны кейінірек туыстары әлеуметтік желіге салып, интернетте таратты. Баланың денесі көгерген, ал оның өзі әлі де қатты күйзелісте.
– Орталық жабылмай-ақ қойсын. Ұлымның кесірінен өзге балалар қиналып қалмасын. Олар да менің балам секілді ерекше жандар. Бұрын ұлым үйде оқып, мектепке баруды армандайтын. Орталық ашылған кезде ол қатты қуанған болатын, соңы не болды? Қазір дене-бойындағы соққының ізі әлі кетпеген, өзі қатты қорқып қалған, күйзелісте, – дейді Гүлжауһар Жорабекова.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, ер адам жұмыстан шығарылған. Баланың анасы оған шағымданғанымен, кешірім берген. Десе де, полицейлер «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп, орталықтың бұрынғы қызметкерінен де, баланың ата-анасынан жауап алынды.