Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан бокстан Коротков атындағы турнирде Өзбекстанның даңқты боксшысы Хасанбой Дусматов жарыс жолынан шығып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Ширек финалдық кездесуде Хасанбой өзінің туған інісі Фарезбек Дусматовпен жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда, ол соңғы сәтте шаршы алаңға шығудан бас тартып, жолын інісіне берді.
Бұған дейін қазақ-өзбек жанкүйерлерінің бәрі байырғы қарсыластар Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов арасындағы жекпе-жекті күткен. Екеуінің жолы жартылай финалда түйісуі керек еді. Алайда Сәкен Хасанбоймен емес, оның туған інісімен жұдырықтасатын болды.
Әлеуметтік желі қолданушылары болса Хасанбой Дусматовтың Бибосыновпен жұдырықтаспауы үшін осындай қадамға барды деген болжамын жазып жатыр.
Айта кетейік, Бибосынов пен Дусматов соңғы рет Париж Олимпиадасының ширек финалында кездесіп, төрешілер шешімімен өзбек боксшысы жеңіске жеткен еді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.