Самокаттарға мемлекеттік нөмір тағу ұсынысы талқыланып жатыр, – деп хабарлайды aikyn.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Енді елде самокаттар тіркелуі мүмкін
Фото: ашық ақпарат көзінен алынды
356
оқылды

Былтыр елде электрлі самокат жүргізушілерінің кесірінен 90 жол көлік апаты тіркелді. Ал биыл алғашқы үш айда мұндай оқиға болмаған. Тек тәртіп бұзған 1 400-ге тарта самокат жүргізушісі жауапқа тартылды.

«Енді елордада самокат тізгіндегендер тәртіппен жүреді. Олай дейтініміз Нұра ауданы алғаш болып қос аяқты көліктерге арналған арнайы тұрақтар ашып жатыр. Ол үшін халық жиі баратын 10 орын таңдап алынған. Жүргізушілер енді самокатты көрінген жерге емес, арнаулы орындарға қалдыруға тиіс», – деді Патрульдік полиция полкінің аға қызмет инспекторы Нұрлан Таранов.

Ендігі бір мәселе елде самокаттар мен велосипедтерге мемлекеттік нөмір тағу ұсынысы талқыланып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары мәлім етті.

«Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының алаңында бірқатар қосымша түзетулерді дайындап жатырмыз. Оның ішінде шетелдік тәжірибені енгізу туралы ұсыныс та бар. Біз Швейцария тәжірибесін зерттедік. Ол жақта тек самокаттарға ғана емес, велосипедтерге де мемлекеттік нөмірлер беріледі. Сондықтан бұл норма мен ұсыныс өте өзекті деп есептеледі. Қазір біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Қазір Астанада 1,5 млн-нан аса тұрғын бар. Яғни, қалада көлік саны да күннен күнге артып келеді. Оның салдары кептеліске әкеліп соғады. Діттеген жерге жылдам жету үшін жұрт самокатқа жүгінеді. Енді елордада арнайы тұрақтар көбейіп, еуропадағыдай самокаттар тіркеуге алынбақ. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.